Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жекешелендірудің кешенді жоспары: 2018 жылы қосымша 48 нысан енгізілді

11 ақпан 2019, 16:30
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг аясында ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы хабарлады.

ҚР Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінде Жекешелендірудің кешенді жоспарына кірген 898 нысанның 530-ы сатуға шығарылған, оның 473-і 470 млрд теңге сомасына сатылды.

Оның ішінде:

  • республикалық меншіктегі 47 нысан 44 млрд теңгеге;

  • коммуналдық меншіктегі 246 нысан 64 млрд теңгеге;

  • ұлттық холдингтің 102 нысаны 356 млрд теңгеге;

  • 6 млрд теңгеге әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның 78 нысаны сатылымға шығарылды. 

Қойылған және сатылған акциялардың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» АҚ бойынша IPO қорытындылары ескерілді. 14 қарашада акциялардың 15%-ы бойынша сауда-саттық АХҚО биржасында (2%) және Лондон қор биржасында (13%) өтті. Акцияларды 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға, сондай-ақ 2 700 ҚР азаматы сатып алды. Мәмілелердің жалпы сомасы 168 млрд теңгені немесе $451 млн құрады.

Бұдан өзге, 280 нысан қайта құруға және таратуға жіберілді, оның 170-і қайта ұйымдастырылып, жойылды. Осылайша, Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 84%-ды құрады.  

«Жекешелендірудің кешенді жоспары түгендеу нәтижелері бойынша анықталған объектілермен біртіндеп толықтырылатынын атап өткім келеді. Өткен жылы қосымша 48 нысан енгізілді», — деді министр.

Сатылған 473 нысанның жалпы бағасы (470 млрд теңге) бағалау құнынан (462 млрд теңге) 1,7%-ға, баланстық құнынан (312 млрд теңге) 51%-ға артық.

«IPO-ға қатысуға шектеу жоқ, барлық азаматтар IPO-ға қатыса алады. Бұл биржада өз акцияларын қоятын компания кірісіне қатысуға, бір жағынан дивиденттер есебінен кірістің бір бөлігін алуға, екінші жағынан – егер компания акциялары өсетін болса, акция бағасының өсімі есебінен осы мәмілелерден пайда табуға мүмкіндік береді, — деді Ә. Смайылов.

2019 жылы 123 нысанды сату жоспарланып отыр. 2020 жылы сатылатындар тізімінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 22 ірі, оның ішінде IPO арқылы іске асырылуға жататын нысандары қалады.

«2019 жылы IPO арқылы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ екі нысанын шығару көзделген. Бұл – "Қазақтелеком" және "Эйр Астана". 2020 жылы – "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз", "Қазпошта" және "Самұрық-Энерго". Әр жағдайда "Самұрық-Қазына" қоры IPO-ға акцияларды шығару туралы қор кеңесінде тиісті шешім қабылдайтын болады. Қор сайтында сатылымдар қашан, қандай жолмен өткізілетіні туралы, акциялар саны, мерзімдері, өткізу орны туралы барлық ақпарат орналастырылатын болады. Яғни, қор IPO өткізу туралы көпшілікке жариялап отырады», — деді Ә. Смайылов.

Жекешелендірудің кешенді жоспары: 2018 жылы қосымша 48 нысан енгізілді
1/3
Жекешелендірудің кешенді жоспары: 2018 жылы қосымша 48 нысан енгізілді
2/3
Жекешелендірудің кешенді жоспары: 2018 жылы қосымша 48 нысан енгізілді
3/3