Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б.Сұлтанов: Мемлекеттік сатып алуларға қатысты жаңа заң ашықтықты қамтамасыз етуде

25 қазан 2016, 17:15

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР жаңа заңы әрекет етеді.

«Жаңа заңға біраз өзгерістер, біраз новеллалар, яғни қосымша толықтырулар енгізілген, бұл біріншіден, жүйенің ашық болуына, екіншіден, бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Бүгінгі күні барлық сатып алу үдерістері - сатып алу жоспарын құру, оны іске асыру, байқауларды өткізу, келісімшарттарға қол қою портал арқылы, электрондық түрде жүргізіледі. Яғни, бұл мәліметтердің бәрі ашық болуы үшін арнайы портал ашылған, барлық үрдістерді сол порталдан көре аласыздар», - деп хабарлады ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ жаңа заң бойынша әлеуетті жеткізушілер, яғни, байқауға қатысушылар алдын ала конкурстық құжаттамамен таныса алады, оған біраз уақыт беріледі.  Сондықтан нарықтағы кәсіпкерлердің сатып алушы мемлекеттік органдар құжаттамаларын алдын ала түзетуге мүмкіндіктері бар, олар өз ұсыныстарын да білдіре алады.

«Байқау кезінде де барлық үрдіс ашық болады. Ол үшін біз біраз тиімді новеллаларды енгіздік. Енді бұрынғыдай білдіртпей, себебін түсіндірмей ешкімді байқаудан шығаруға мүмкіндік жоқ», - деп қосты Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, аталған заңмен қатар, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген мемлекеттік аудит туралы жаңа заңның маңызды блогы - камералдық бақылау болып табылады.

«Бүгінгі күні нысанға шықпай-ақ, электронды үрдіс – порталдың көмегімен барлық жұмысты камералдық бақылау арқылы жүргізу мүмкіндігі туындап отыр. Соның арқасында мемлекеттік органдардың 375 млрд теңгеге заң бұзушылықтары анықталды. Сондай-ақ барлық байқаулар, конкурстық құжаттамалар ретке келтіріліп, соның нәтижесінде әр байқауда орташа есептегенде, бұрын 2-3 қатысушы болса, бүгінде олар 5-ке жақындап қалды», - деп сөзін түйіндеді Б. Сұлтанов.