Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Алматының жаңа Жібек жолының логистикалық хабы ретінде әлеуетін атап өтті

07 қараша 2014, 21:05

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов телекөпір форматында Алматыда ашылған «Қазақстандағы қаржыландырудың өсуі. Орталық Азияның қаржы елордасының артықшылықтары мен мүмкіндіктері» форумына қатысты.

Форум қатысушыларына айтқан сөзінде Премьер-Министр Алматының қаржы орталығы ретінде зор мүмкіндіктерін атап өтті.

«Алматының тарихи Жібек жолында орналасуы оңтүстіктегі қаланы Еуропа мен Азия нарықтарын жалғайтын көліктік, сауда және логитикалық хабқа айналдырды. Бұдан өзге, Алматы банктер, қаржы институттары және капитал нарықтары шоғырланған өңірлік қаржы орталығы ретінде өзін көрсете білді», - деді К.Мәсімов.

Үкімет басшысы Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі бойынша жоспарын ескере отырып, қаржы орталығының одан әрі дамуының маңыздылығын басып айтты.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында елдің ұзақ мерзімді дамуының түбегейлі көрінісін баяндаған болатын. Әрине Алматы ел болашағының батыл көрінісін жүзеге асыруда басты рөл атқарады. Және қаржы қызметтерінің индустриясы Алматы дамуын ынталандыратын аса маңызды өсім полюсі болып қалады», - деп мәлімдеді К.Мәсімов.

Сөз соңында Премьер-Министр форум қатысушыларына сындарлы және жемісті пікірталас тіледі.

Форумды ҚР Ұлттық Банкі Қазақстан-Британия Сауда-Өнеркәсіптік Палатамен бірге ұйымдастырды. Форум жұмысына атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік корпорациялар, бизнес-қауымдастықтар, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысуда.