Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Салық төлеуші салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда үш күн ішінде оның айыппұлы мен өсімпұлы алынып тасталады

04 ақпан 2019, 10:52
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Primeminister.kz ресми ресурсының алаңында берген сұхбатында ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов айтты.

Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40%-ға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды.

«Бұл тапсырманы орындау аясында біз бүгінде тиісті шараларды қолға алдық. Атап айтар болсақ, салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару арқылы салық амнистиясын жүргізуге мүмкіндік беретін негізгі заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұл заңнамаға Елбасы өткен жылғы 28 желтоқсанда қол қойды. Аталған заңнама осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді», — деді қаржы вице-министрі. 

Қаржы министрінің 21 қаңтардағы №39 бұйрығына сәйкес, салық төлеушілердің негізгі берешегін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдарын есептен шығару туралы қағида бекітілді. Бұл қағида бүгінде ресми түрде жарияланған және 8 ақпанда күшіне енеді.

«Осы қағида күшіне енгеннен кейін 2 күннің ішінде мемлекеттік салық органдарының барлық аудандардағы басқармаларда тиісті комиссия құрылатын болады. Бұл комиссияның негізгі жұмысы – күнделікті салық амнистиясына қатысатын салық төлеушілердің дербес шоттарына мониторинг жасап отыру, салық төлеуші салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда, комиссия үш күннің ішінде шешім қабылдайды. Сосын үш күн ішінде салық төлеушінің дербес шотынан айыппұл мен өсімпұл алынып тасталады. Елбасы айтқандай сол күннен бастап салық төлеуші өзінің қызметін таза парақтан бастауға мүмкіндік алады», — деді вице-министр.

Сұхбат барысында қаржы вице-министрі Қ. Баеділов салық амнистиясына жататын салық төлеушілер туралы айтып берді.

«Салық амнистиясына 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, өздерінің дербес шоттарында салық берешектері бар салық төлеушілер жатады. Егер ШОБ субъектілері өздерінің дербес шоттарындағы төленбеген салықтарының негізгі бөлігін төлесе, онда олардың дербес шотынан айыппұл мен өсімпұл алынып тасталады. Сондай-ақ, дербес шоттарынан 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі сомасын төлеген күнге дейін есептелген айыппұлды да алып тастаймыз. Бұған осы заң мүмкіндік береді. Салық амнистиясына заң бойынша мониторингте тұрған ірі мекемелер, акциздендірілетін өнімдерді шығаратын салық төлеушілер, сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар жатпайды. Бірақ айта кететін жағдай, жер асты суын және емдік мақсатта шығарылатын балшықтарды өндіретін салық төлеушілер осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, салық амнистиясына қатыса алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар салық амнистиясына жатпайды», — деді вице-министр. 

Сонымен қатар, қаржы вице-министрі осыған дейін өткізілген салық амнистияларының нәтижелеріне тоқталып өтті.

«Бұған дейін өткізілген соңғы екі салық амнистияларында шағын және орта бизнес субъектілерінің дербес шоттарында тұрған 143 млрд теңгеге жуық айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылды. Бұл өте үлкен қаражат. Бұл мемлекет тарапынан ШОБ субъектілеріне көрсетілген үлкен қолдау шарасы әрі екі жаққа да тиімді. Аталған есептен шығарылған соманың арқасында бизнес субъектілері өздерінің айналымдағы ақшаларын үнемдеп қалды, сол ақшаны өздерінің кәсіпорындарын одан әрі дамытуға жұмсады, жұмыс орындарын сақтап қалды, ең бастысы салық амнистиясын жүргізгеннен кейін алдағы уақытта салық салу базасы кеңейтіледі», — деді.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, соңғы екі салық амнистиясына 122 мың заңды тұлға мен жеке кәсіпкер қатысқан. Бүгінгі күні солардың 67% өнімді жұмыс істеп жатыр, мемлекет алдында ешқандай қарыздары жоқ. Соңғы өткен салық амнистиясының бірден бір жақсы нәтижесі осы.

«Өкінішке орай елімізде кейбір азаматтар салық төлеу мәселесіне немқұрайлы қарайды. Мысалы, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,3 млн адамның мемлекет алдында қарыздары бар. Олардың қарыздарының жалпы саны 21 млрд тг асып отыр. Бұл жеке тұлғалар үшін өте үлкен сома деп есептеймін. Кейбір азаматтар тіптен өздерінің салық берешектері бар екенін білмейді және бұл туралы шет елге шыққан кезде немесе басқа жағдайларда біліп жатады. Сондықтан да салық төлеуге дұрыс көңіл бөлу керек деп ойлаймын», — деді қаржы вице-министрі.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз