Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қордың Директорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жаңа сатып алу тұжырымдамасын мақұлдады

08 қыркүйек 2015, 17:16

Қордың Директорлар кеңесі кезекті отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жаңа сатып алу тұжырымдамасын қарап, мақұлдады, деп хабарлайды мемлекеттік холдинг. 

«Тұжырымдама бірқатар маңызды өзгерістерді қамтиды және сатып алудың үздік әлемдік тәжірибесін ескере отырып жасалған. Соның ішінде, Қор деңгейінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің нақты бір бөлігін орталықтандыру көзделген; қоржын компанияларда сатып алудың стратегиялық категорияларын оңтайландыру жоспарлануда», - делінген хабарламада. 

Алдын ала бағалау бойынша сатып алуды басқару жобасын іске асыру 2019 жылға дейін 1,4-2,1 млрд доллар көлемінде үнем жасауға мүмкіндік бермек. 

«Талдау кезінде сатып алулар жүйесін жетілдіру мүмкіндіктері анықталды. Оған қоса, қазіргі сатып алу жүйесі Қазақстанның ЕАЭО келісімі аясында қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары мен жағдайына сай келмейді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ бизнес трансформациясы жөніндегі бас директоры Адамас Илькявичюс.

Сондай-ақ, Директорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» АҚ Трансформациялау бағдарламасының орындалу барысын қарап, нәтижесінде ұлттық компаниялар жетекшілеріне жоғары орындаушылық тәртіп пен іс-әрекетті үйлестіру тапсырылды. Сонымен қатар, әлемдік экономикалық нарықтың аужайына қарай Қор дамуы стратегиясына да өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.