Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР-да 2015 жылы «Солтүстік Арал» жобасының екінші кезеңін бастау жоспарланған - Қ.Көшербаев

07 қараша 2014, 20:48
Қызылорда облысы

2015 жылы Қазақстанда Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру қарастырылған, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Қызылорда облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев.

«Үкiмет Дүниежүзiлiк банкпен тағы келiсiм жасасты. Менiң ойымша, жылдың соңына дейiн жоба мақұлдануы тиiс және Үкiмет оны ратификациялайды. Сонда келесi жылы Солтүстiк Арал жобасының екiншi кезеңi қолға алынады», - деді Қ.Көшербаев.

Облыс басшысының сөзiне қарағанда, Аралдың солтүстiк бөлiгi суға толып келедi және жақында бұрынғы деңгейiне жетедi деп күтiлуде. Әкім бастапқыда теңiздің 74 шақырымға шегiнгенін еске салып өтті. 

«Жақында ғана мен теңіздің үстiнен тікұшақпен ұшып өттiм және GPS бойынша теңiз өзiнiң бұрынғы қалпына жету үшiн небәрi 17 шақырым ғана қалыпты», - деп түсіндірді әкім.  

Әкімнің мәліметінше, Арал маңында 8 балық өңдеу зауыты ашылды. Қазiр балық аулау көлемi 6 мың тоннаға жетiптi. Теңізде балықтың 27 түрi бар. 

«Теңiз суының тұздылығы 21 грамм болған, қазiр бiр литр суда 17 грамм тұз бар. Бiз Иордания мен Израильдiң түйiскен жерiнде орналасан Өлi теңiз сияқты теңiзiмiздi жойып алар едiк. Көршілес жатқан мемлекеттер бұл жобаға атсалыспай келедi, ақша бөлмеуде. Әлемдік қоғамдастық Қазақстан мен оның көшбасшысының экологияның қалпына келуіне қосқан үлесін бағалай ма, оны уақыт көрсетеді», - деп түйіндеді ол.