Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ДКБ-2020: мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау алған кәсіпкерлер 10 мың жұмыс орнын ашты

09 сәуір 2019, 10:20

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары шығарылды. Бағдарлама іске асырыла бастаған жылдары еліміздің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 2015 жылғы 24,9%-дан 2018 жылы 28,9% дейін немесе 4 пайыздық тармаққа ұлғайды. Ұсынылған инфографикаларда бағдарлама тиімділігінің негізгі көрсеткіштері көрсетілген.

«Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы 2018 жылы бекітілген, ол ҚР Президентінің «Қазақстан-2030» стратегиясы» және «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі үйлестірілген өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды және бұрынғыларына қолдау көрсетуді көздейді.

Бағдарламаны іске асырудың төрт негізгі бағыты:

  • моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлерінің бизнес-бастамаларын қолдау;

  • экономиканың басым салаларында және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салалық қолдау көрсету;

  • кәсіпкерлердің валюталық сын-тегеуріндерін төмендету;

  • кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну.


 

Бағдарлама іске асырылған төрт жылда республикалық бюджеттен 210 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат - 13  мың ШОБ субъектісін қаржыландыруға, жыл сайын 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік берді. Ал төленетін салық сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар ШОБ-ты бюджеттен субсидиялау үлесі біршама арттырылды: егер 4 жылда  (2015-2018 жылдары) 135 млрд теңге сомасына 7466 жоба субсидияланса, 2019 жылдың І тоқсанында 11,5 млрд теңге сомасына 715 жоба субсидияланды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8,3%-ға – 1,2 млн бірлікке дейін өсті.

Кәсіпкерлік қызметті қаржылай емес қолдау — маңызды фактор.

Жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, құзыреттіліктерін арттырады, ал жыл сайын орта есеппен 154 мың кәсіпкер консультациялық (110 мың) және сервистік (44 мың) қызметтер алады.