Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қазақстандық-итальяндық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын атап өтті

10 қараша 2014, 19:39

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Астанада жұмысын бастаған «Италия Қазақстанда» кәсіпкерлер миссиясы» қазақстандық-итальяндық бизнес-форумының ашылу салтанатына қатысты.



Кәрім Мәсімов ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты оң жолға қою керектігін тілге тиек етті.

«Қазақстан индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруда, инновация тартып, технологиялар трансфертін оң жолға қоюда. Біз Италияның көптеген саладағы жетістіктері мен тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Солардың ішінде агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, энергетика салалары бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде итальяндық индустриалдық-инновациялық технологиялар мен шеберлігі пайдаланылатынына үміттенеміз», - деді К.Мәсімов.

Өз кезегінде, елімізде қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар, деп атап өтті Үкімет басшысы.

«Қазақстан 2015 жылдан жұмысын бастайтын Еуразиялық экономикалық одақтың бір бөлігі. Бұл 170 млн. тұрғыны бар жаңа нарық, Қазақстан экономикасын инвестициялаудың, бірлескен кәсіпорындар мен өндіріс орындарын құрудың мол мүмкіндіктерін туғызады», - деді К.Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрі ағымдағы жылы инвесторлар үшін жеңілдіктер қарастырылған ҚР Заңы қабылданғанын, 10 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілгенін және олардың қатарында Италияның бар екенін еске салды.

Шетелдік делегация құрамында агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясын қамтыған шамамен 80 компания бар. Делегацияға Италияның экономикалық даму вице-министрі Карло Календа басшылық етті. Форумға қазақстандық тараптан ұлттық компаниялар, ұйымдар, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының 200-ге жуық өкілі қатысуда.