Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мәскеуде ЕЭК отырысында КО және БЭК мен Мысыр Араб Республикасы арасында еркін сауда аймағы туралы мәселе талқыланды

16 тамыз 2014, 20:08

Ағымдағы жылғы 15 тамызда Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Онда Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті әрі қарай дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасына 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін әкелінетін ұшақтарды (LOPA сертификаты бойынша сыйымдылығы 90 орынға дейінгі) кедендік баж салығынан босату туралы шешім қабылданды.
Тараптар, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің жекелеген түрлерін таңбалау жүйесінің ұлттық компоненттерін әзірлеу жөнінде келісімге келді.

Сонымен бірге, отырысқа қатысушылар Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдер мен Мысыр Араб Республикасы арасында еркін сауда аймағы туралы келісімді бекітудің қажеттілігі туралы мәселені талқылады. Бұл орайда, Еуразиялық интеграциялық бірлестікке үшінші елдердің қызығушылығы артып келе жатқаны атап көрсетілді.

ЕЭК отырысының қорытындысы бойынша моторлы көлік құралдарымен қатар олардың моделдерін де өндірумен айналысатын заңды тұлғалардың тізілімін қалыптастыру мен енгізудің Тәртібі бекітілді.

Отырыста Қырғызстанның КО және БЭК қосылу мәселесі қаралып, Еуразиялық экономикалық одақ Сотын қалыптастыру туралы баяндама тыңдалды.