Қазақстанда Биологиялық қауіпсіздік жөнінде ғылыми кеңес құрылады

ҚР Үкіметінде өткен онлайн-брифингте Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі таңда елімізде санитарлық-эпидемиологиялық жүйені нығайтуға, ғылыми зерттеулерді және фармацевтикалық өндірісті дамытуға қадамдар жасалып жатқанын айтты. Бұл орайда медициналық кадр әлеуетін арттыру, оларды қолдау мәселелері қарастырылады. 

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «мына қиын кезең өтісімен біз денсаулық сақтау жүйесіне қатысты барлық мәселелерді қайта қарап, өзектілігін анықтап, алда кездесетін қандай да жағдайларға дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек» деген міндет қойды. Осыған орай, Үкімет жанынан, беделді ғалымдар мен эксперттерден құрылған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде ғылыми кеңес құрылады», — деді Е. Тоғжанов. 

Сонымен қатар вице-премьер ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіріп, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасау міндеті тұрғанын атап өтті. 

«Карантиндік шектеулер әрбір адам үшін құндылықтарды қайта бағалап, өзі мен өз ортасына жауапкершілігін арттырды. Күнделікті өмірімізде гигиеналық, санитарлық талаптарды сақтау, қауіпсіздік шараларын орындау қалыпты жағдайға айналып отыр. Коронавирус инфекциясының таратылу қаупі тұрақталып келе жатқанына қарамастан, әлі де карантиндік шаралардың сақталуы аса маңызды», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу