ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов халықпен есептік кездесу өткізді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың есептік кездесуі өтті. Сөз сөйлеу барысында ол министрліктің биыл атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, министрліктің басты мақсаты — халықтың жайлы өмір сүруі мен экономиканың дамуы үшін жағдай жасау.

«Индустриялық даму, "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы және "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламалары – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді іске асырудың ажырамас құралы», — деді ол.

Сондай-ақ ҚР ИИДМ қазақстандықтар үшін маңызды тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, коммуникация, өнеркәсіп, көлік салаларын дамыту үшін жағдай жасайды.

Жүзеге асырылып жатқан индустриялық саясаттың арқасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңдеу өнеркәсібінің берік негізін құра алды, бұл коронавирус инфекциясы пандемиясы жағдайында саланың өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік берді.

«Түсті металлургияда өсім 3%-ды (1,5 трлн теңге) құрады. Мұнда сыртқы нарықтың конъюнктурасы жақсы рөл атқарды, біздің кәсіпорындарымызда басқа елдерден жеткізілімдердің төмендеуі есебінен дәстүрлі нарықтарда өткізу көлемі (қорғасын, мыс) артты», — деп атап өтті Б. Атамқұлов.

Сонымен қатар жоғары бөліністі өнімдер өндірісін ынталандыру үшін Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп алюминий қорытпаларына экспорттық бажды төмендету бойынша бірлескен бұйрық қабылданды.

Алтынның көлеңкелі айналымына және заңсыз құрылысқа қарсы күрес аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп Қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша қылмыстық кодекске түзетулер әзірленді.

Сондай-ақ зергерлік бұйымдар нарығын реттеу үшін ЕАЭО елдері бойынша серіктестермен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында Зергерлік экспорттық бюро ашу жөніндегі тұжырымдамаға қол қойылды. Бұл — отандық зергерлердің дамуы мен олардың өнімдерінің экспорттық нарықтарға шығуы үшін маңызды қадам.

Қара металлургияда өндіріс көлемі 2,7%-ға (789,2 млрд тг) өсті.

Көрсеткіштің өсуіне пайдалануға берілген жаңа жобалар мен өткізу нарықтарының ашылуына және өнімге сұраныстың қалпына келуіне байланысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы әсер етті.

Қарағанды облысында қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна көмір концентратын құрайтын «Qaz Qarbon» ЖШС байыту фабрикасы іске қосылды. Өндірісте Индустрия 4.0 элементтерімен қазіргі заманғы цифрлық технологиялар енгізілді.

ИИДМ басшысы «Qaz Qarbon» ЖШС ең заманауи, экологиялық таза фабрикалардың бірі екенін атап өтті.

Машина жасау өнімдері өндірісінің көлемі 20%-ға өсті.

Негізгі өсуге автомобиль жасау есебінен қол жеткізілді (25,4%). Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы 7 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарып, көлемін 18 есеге арттырды. Жыл соңына дейін кәсіпорын 30 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр, оның 6 мыңнан астамы экспортқа шығарылады.

Сондай-ақ «ЗИКСТО» АҚ мен «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС бұрын тоқтап тұрған өндірістерді іске қосу есебінен теміржол техникасы өндірісінің 49%-ға өскені байқалады.

Машина жасау өсімінің тағы бір драйвері ауыл шаруашылығы техникасы: тракторлар мен комбайндар өндірісін 42%-ға ұлғайту болды.

Дезинфекциялық құралдар мен минералды тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды. Өсім 11% құрады. 

Саланы дамыту мақсатында «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдармен бірлесіп, Саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов фармацевтика өнеркәсібін атап өтті. 4 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 26%-ға өсті.

Бүгінгі таңда отандық фармацевтикалық кәсіпорындар ішкі нарықты COVID-19 емдеу үшін ұсынылған 44 дәрілік заттың 22 позициясымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын өндіруді жалғастыруда.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені ол мемлекетте жоғары әлеуметтік рөл атқарады.

Бүгінде салада 27 мыңға жуық адам жұмыс істейді, олардың 60%-ы – әйелдер. 

Мұнда да оң динамика байқалады. Өсім 5% құрады. Бұл киім өндірісінің 23%-ға және былғары мен оған қатысты өнімдердің 29%-ға өсуіне байланысты.

«Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында біз шикізат базасын дамытуға, инвестициялар тартуға, қолайлы фискалдық шараларға, саланы кадрлық қамтамасыз етуге және т. б. бағытталған шаралар топтамасын пысықтадық. Өңдеу өнеркәсібінің қалған салалары бойынша да оң динамика байқалады», — деп толықтырды ҚР ИИДМ басшысы. 

Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жасалған қолайлы жағдайлар да салалардың дамуына оң әсерін тигізеді.

2021 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 1,5 мың жұмыс орнын құра отырып, 285 млрд теңге сомасына 9 жоба іске асырылды.

Осы жобалар есебінен тоқыма және медициналық бұйымдар, АT өнімдері және т. б. өндірісі жолға қойылды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша АЭА тиімділігін арттыру тәсілдері әзірленуде.

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға маңызды көңіл бөлінеді.

Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Ол үшін тиісті заңнамалық түзетулер әзірленуде.

Жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алудағы жергілікті қамту үлесінің ең төменгі деңгейінің талаптарын сақтау бойынша ерікті келісімдер жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысы өз жолдауында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды – бұл саладағы жыл сайынғы өсім номиналды мәнде орташа алғанда 10% (өткен жылға қарағанда).

Бұл міндет Nur Otan партиясының сайлауалды платформасына енгізілген.

2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексінің (НКИ) 2020 жылдағыдан 5,8%-ға өсуі жоспарланған.

Қара металлургияда биыл НКИ деңгейі 105% белгіленген.

Ферроқорытпа өндірісі 10,4%-ға, болат өндірісі 17%-ға және прокат өндірісі 19%-ға артады деп күтілуде. Негізгі екпін Арселор Миталл Теміртау мен Қазхромға жасалған.

Биыл Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында қосымша 6 жоба іске қосылады. Бұл жобалар ферроқорытпалар, құрылыс арматуралары, болат дәнекерленген құбырлар және басқа да металл өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Түсті металлургия бойынша 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш 104% деңгейінде белгіленген.

Мырыш өндіру көлемі 18%-ға, қорғасын 18%-ға, мыс концентраты 9%-ға, алюминий 6%-ға ұлғайтылады.

Жыл соңына дейін өндірістің қосымша көлемі Жәйрем КБК, Ақтоғай 2 Қазминералс және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосуды қамтамасыз етеді.

Ірі тау-кен металлургия кәсіпорындары тарапынан жоғары тұтынушылық сұранысқа байланысты кластерлік тәсіл қағидаты бойынша индустриялық орталықтардың айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуін құру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Машина жасау бойынша сала 13%-ға өседі деп күтілуде.

Көлік құралдары өндірісінің көлемін 34%-ға, аккумуляторларды 11%-ға, т/ж вагондарын 127%-ға, ауыл шаруашылығы техникасын 58%-ға ұлғайту көзделген. 

Негізгі өсім автомобиль жасау секторы есебінен қамтамасыз етілетін болады, оның үлесі машина жасау саласында 35%-ды құрайды.

Биыл отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасатын болады, сондай-ақ ұлттық режимнен бірқатар машина жасау тауарларын (лифтілер, электр және мұнай-газ жабдықтары, автобустар) алу белгіленетін болады.

Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Бүгінгі таңда қаражат бөлу мәселесі Ұлттық банкпен пысықталуда.

Химия саласында НКИ 102% деңгейінде күтілуде.

Болжамдар саланың ірі кәсіпорындарының өндіріс көлемінің жоспарлы ұлғаю көрсеткіштеріне негізделген, олардың үлесі 57%-ды құрайды.

Олардың ішінде «Қазфосфат» ЖШС (үлесі 32%, фосфорлы тыңайтқыштар), «Ақтөбе хром қосылыстары зауыты» АҚ (үлесі 11%, хромды қосылыстар) және «ҚазАзот» АҚ үлесі 8%, азотты тыңайтқыштар.

«Біз фосфорлы тыңайтқыштар өндірісінің көлемін 16%-ға, аммофосты 15%-ға, аммиак селитрасын 10%-ға, хром қосылыстарын 13%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы үш жаңа жоба іске қосылады (өнеркәсіптік, мұнай-химия реагенттері мен жарылғыш заттар), олар саланың өндіріс көлемін арттырады.

Индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде биыл 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 жоба іске асырылуда.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет өткен жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасы саланы құқықтық, экономикалық және әкімшілік реттеудің іргелі негізін құруға бағытталған.

Министрдің айтуынша, заң жобасы өнеркәсіптік саладағы барлық қатысушылардың құқықтық қатынастарын реттейтін барлық нормаларды шоғырландырды. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Бұдан өзге Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа тәсілдеріне сәйкес министрлік Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы форматынан Ұлттық жобаға көшу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға баса назар аударылатын болады.

Жалпы, жүргізіліп жатқан шаралар биыл өңдеу өнеркәсібінің жоспарланған өсімін қамтамасыз етіп, индустриялық саясаттың тиімді іске асырылуына елеулі ықпал етуі тиіс.

Көлік саласының негізгі міндеті — елдің транзиттік әлеуетін іске асыру үшін ұлттық көлік жүйесін әлемдік көлік желісіне интеграциялау.

«Жалпы, сала қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Әрине, пандемия көлік саласына үлкен түзетулер енгізді. Көліктің барлық түрлерімен жолаушылар мен жүк тасымалы зардап шекті. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында көлік саласының жалпы қосылған құнының нақты көлем индексі өткен жылдың 91%-ын құрады», — деді Б. Атамқұлов.

Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңінің 97,8%-ын құрады. Пандемияға қарамастан, транзиттік жүктерді тасымалдаудың тұрақтылығы мен тиімділігін көрсету мүмкін болды.

Мәселен, 2021 жылдың алғашқы 4 айында транзиттің жалпы көлемі 7,3 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 4,1%-ға артық. Оның ішінде ЖФЭ-ге 337,5 мың контейнер тасымалданды, бұл 2020 жылға қарағанда 52%-ға артық. Биыл 25,3 млн тонна көлемінде транзиттік жүктерді, оның ішінде ЖФЭ 1 млн транзиттік контейнерді тасымалдау жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, теміржол көлігі ел экономикасын дамытуда ерекше рөл атқарады.

Салада 135 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 125 мыңы – «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері және 10 мыңға жуығы – жеке компаниялар. Еліміздің темір жолдарының пайдалану ұзындығы 16 мың км құрайды. Жайылған ұзындығы – 21 мың км. Жыл сайын шамамен 600 км магистральдық желі күрделі жөнделеді. 2021 жылдың 4 айында 4,4 млн жолаушы тасымалданды.

«Тасымалдаудың төмен көрсеткіштерінің себебі – карантиндік шектеулер. Бүгінгі таңда пандемияға байланысты 41 пойыздың қозғалысы, оның ішінде 21 халықаралық байланыс тоқтатылды. Жолаушылар тасымалын субсидиялауға 57 әлеуметтік маңызы бар маршруттарға 44 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда, оның 15,5 млрд теңгесі бүгінгі таңда бөлінді», — деп хабарлады ведомство басшысы.

Жолаушылар вагондарының паркі шамамен 2,6 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы – 46%. Халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты әділ шағымдар бар.

2020 жылы мемлекеттік қолдау тетігі аясында ұлттық тасымалдаушы 40 млрд теңгеге «Тұлпар» зауытының отандық өндірісінің 100 вагонын сатып алды.

Биыл 14,7 млрд теңге сомасына 31 жолаушылар вагонын сатып алу көзделген.

Аталған вагондар Алматы – Маңғыстау және Алматы – Атырау бағыттарына жеткізіледі.

Жалпы, 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 вагонды жаңарту жоспарлануда.

Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 252 вагонның санитарлық тораптарын жаңарту жоспарлануда.

Жүктерді тасымалдауға келетін болсақ, 2021 жылдың 4 айында темір жол көлігімен 134,6 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 3%-ға артық. Жүк вагондарының паркі тозудың орташа деңгейі 43%-ды құрайтын 132 мың бірлікті құрайды.

Жүк вагондарын сатып алу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

2020 жылы 160 вагон, биыл 435 вагон сатып алынды.

Бұдан өзге осы жылдың басынан бастап нарықтық қағидаттар негізінде жүктерді тасымалдау үшін локомотивтік тартқыш қызметтерін ұсыну бойынша нарықта бәсекелестік жағдайлар жасалды.

Сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесінде жоғары жылдамдықты теміржол желілерін салу және Достық – Мойынты транзиттік учаскесін жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруды бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ болашақта «Алматы айналма станциясының құрылысы» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі жобаларын іске асыру көзделген.

2021 жылдың 4 айында 860 млн тонна жүк және 1,8 млрд жолаушы тасымалданды.

Бүгінгі таңда 10,5 мың қалалық автобустардың тозуы 46%-ды құрайды, жаңарту қажеттілігі– жылына 2 мың бірлік. Осыған байланысты биыл жеңілдетілген лизинг бойынша 22 млрд теңге бөлінді, бүгінгі таңда 3 өңірге 383 отандық автобус жеткізілді.

Қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені аясында 2021 жылы әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға 58,1 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік беретін автокөлік саласындағы әлеуметтік әріптестік бойынша салалық келісімге алғаш рет қол қойылды.

Автобус тасымалдарына, автовокзалдар мен автостанцияларға бөлшек салықтың арнайы салық режимі енгізілді, олар үшін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін 3% мөлшерінде ҚҚС белгіленген.

Жыл соңына дейін мыналар жоспарланған:

  • 500 бірліктен астам отандық автобустарды сатып алу үшін жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы шеңберінде өңірлерде автобус паркін жаңарту;

  • Жолаушылар тасымалы саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру;

  • тасымалдау және рұқсат беру құжаттарын электрондық форматқа көшіру;

  • ҚР-да автомобиль көлігінде қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру;

  • халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын отандық тасымалдаушыларды қолдау;

  • Техникалық байқаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру, техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейту, заңнамалық түзетулер енгізу.

Сонымен қатар техникалық байқауды өткізу жөніндегі қызметті ашу процедураларын жеңілдету жалған техникалық байқаудың пайда болуына ықпал етті.

Бұзушылықтарды болдырмау үшін біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жол картасын әзірледік. Жол картасы Техникалық байқау мен Бақылау-профилактикалық іс-шаралардың бірыңғай ақпараттық жүйесін заңнамалық қамтамасыз етуді, жетілдіруді көздейді.

4 айдың қорытындысы бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы шамамен 2 млн тонна тасымалданды.

Контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша 41%-ға және жүк автокөлік құралдарын ауыстырып тиеу бойынша 34%-ға өсім байқалады.

Қазіргі таңда Ақтау портының базасында «Контейнерлік хаб» құру және экспорттық жүктер көлемінің бір бөлігін Транскаспий маршруттарына қайта бағдарлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсаттар үшін өткен жылы мультимодальдық тасымалдау кезінде ТЖ тарифтерінен ҚҚС алып тастау бөлігінде Салық кодексіне өзгерістер енгізілді.

2025 жылға қарай контейнер ағынының көлемін 135 мың ЖФЭ жеткізу жоспарлануда.

Биыл Иран мен Ресей порттарымен паром қатынасын ашу жоспарлануда.

Атап айтқанда, бұл бағыттар — Құрық – Анзали (Иран) және Құрық – Махачкала (РФ).

2025 жылға қарай Құрық порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемін 3,4 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Өзен көлігі саласында қазіргі уақытта Ресеймен екіжақты тасымалдарды кеңейту және Қытаймен мультимодальды қатынасты ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдануда.

Бұл ретте Ертіс өзенінің қазақстандық бөлігі бойынша өтпелі кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін кеме қатынасы шлюздерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ресеймен су көлігі қатынасын дамытуға өткен жылы Еуразиялық одақ аясында қабылданған Кеме қатынасы туралы ратификацияланған келісім ықпал етеді.

Жалпы, ішкі су жолдарында қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай өзен тасымалы көлемін 3,8 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Азаматтық авиация саласы пандемияға байланысты ең көп зардап шеккендердің бірі болды. 2020 жылы төтенше жағдай кезінде ішкі және халықаралық рейстер тоқтатылды, бұл тасымалдау көлеміне әсер етті. Осы жылдың басынан бастап ұшуларды біртіндеп қалпына келтіргеннен кейін негізгі көрсеткіштердің өсуі байқалады. 2021 жылдың 4 айында тасымалданған жолаушылар саны 47%-ға – 2,5 млн адамға артты. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 39%-ға – 4,6 млн адамға артты. 

Бүгінде ішкі рейстер толық қалпына келтірілді.

Сондай-ақ 14 елмен аптасына 123 рейс жиілігімен 43 бағыт бойынша халықаралық рейстер қалпына келтірілді. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, әуе қатынастарын одан әрі қалпына келтіру жөнінде дәйекті шаралар қабылдануда.

Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Өткен жылы Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласының жаңа әуежайы іске қосылды. Туризмді дамыту үшін әуежайда «ашық аспан» режимі енгізілді. Бүгінде әуежай күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ыстамбұл мен Бішкектен халықаралық рейстерді қабылдайды.

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту үшін Үржар және Үшарал шағын қалаларында жергілікті атқарушы органдар ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстарын бастады.

«Біз жөндеу жұмыстары жолаушыларға ыңғайсыздық туғызатынын түсінеміз, бірақ қайта құру аяқталғаннан кейін бұл әуежайлар заманауи Boeing және Airbus реактивті ұшақтарын қабылдай алады. Бұл келесі жаз мезгілдерінде туристер ағынын арттырады. Алакөл көлінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әуежайларды қайта құру кезеңінде автобус және т/ж қатынасы ұлғайтылатын болады», — деді Б. Атамқұлов.

Министр атап өткендей, Fly Arystan лоукостерінің маршруттық желісін кеңейту және рейстерді субсидиялау есебінен әуе тасымалдары адамдар үшін қолжетімді болды. Негізгі назар Балқаш, Алакөл, Көкшетау сияқты танымал туристік бағыттарға аударылып отыр. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінді.

«Бүгінгі таңда кейбір бағыттар бойынша ұшу құны теміржол көлігімен жүруден арзан екенін атап өткім келеді», — деді ведомство басшысы.

Әуе көлігіндегі бақылау мен қадағалау үнемі жетілдіріліп отырады. Бүгінде Қазақстанда 55 авиакомпания жұмыс істейді, оның ішінде 7 әуе компаниясы (Эйр Астана, Fly Arystan, Скат, Qazaq Air, Южное небо, Жетысу Авиа, Жезказган Эйр) 75 заманауи авиалайнерлерде тұрақты тасымалдарды орындайды. Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның әуе компаниялары 2031 жылға дейін 39 және қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алуды жоспарлап отыр.

«Біздің мақсатымыз – ұшу қауіпсіздігі саласында өңірлік көшбасшыға айналу. Біз қазірдің өзінде азаматтық авиацияны бақылау және қадағалау бөлігінде еуропалық озық тәсілді енгіздік. Түрлі пікірталастар мен сындарға қарамастан, авиация әкімшілігі өз жұмысын атқарып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Жетекші ретінде тәуелсіз және объективті бақылауды қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік маман тартылды. Авиакәсіпорындарды инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS AIR KZ сияқты 8 әуе компаниясының қызметі тоқтатылды», — деді Б. Атамқұлов.

Ұшу қауіпсіздігі үшін жерүсті инфрақұрылымының сапасы аса маңызды. Бүгінгі күні республикада 20 әуежай жұмыс істейді, оның ішінде 12 әуежай мемлекеттік меншікте (Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл), 6 әуежай жеке меншікте (Алматы, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш, Жезқазған) және 2 әуежай сенімгерлік басқаруда (Ақтау, Түркістан).

Елорда әуежайы өзінің стратегиялық мәртебесіне байланысты мемлекетке тиесілі, қалған мемлекеттік әуежайлар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді.

Қазіргі уақытта Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы, Орал әуежайының терминалы мен Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жүргізілуде.

Туындаған қиындықтарға қарамастан, бірқатар әуежайлар 2020 жылды оның ішінде жүк рейстерін тарту бойынша белсенді жұмыс есебінен оң көрсеткіштермен аяқтады. 

Сала сапалы кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі проблемаларды бастан кешуде. Елдің жетекші авиакәсіпорындары (Эйр Астана, СКАТ әуе компаниялары және т. б., «Қазаэронавигация» РМК) қызметкерлердің дербес оқуын және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Авиация мамандарын даярлайтын жалғыз бейінді ЖОО – азаматтық авиация академиясы қазіргі уақытта заман талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярламайды. Ахуалды жақсарту үшін жоғары оқу орнын жетекші әлемдік стандарттар бойынша сертификаттауды көздейтін Академияның ұзақ мерзімді даму бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Б. Атамқұлов бүгінде елімізде ұзындығы 157 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының үлкен тармақталған желісі бар екенін, оның 25 мың шақырымы республикалық желіге және 132 мың шақырымы жергілікті желінің жолдары мен көшелеріне тиесілі екенін айтты.

Биыл автожол саласын дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым жол қамтылды, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым және жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде 3,4 мың шақырым жол қамтылған.

Бүгінгі күні Қарағандыдан Қапшағайға (946 км) дейінгі учаскелерде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің шығысында «Талдықорған-Өскемен» (768 км) және «Қалбатау-Майқапшағай» (415 км) жолдары қайта жаңғыртылуда.

Оңтүстік өңірде Алакөл көлінің туристік кластерін дамыту үшін «Үшарал-Достық» (184 км) автожолын қайта жаңарту жүргізілуде, сондай-ақ мұнда Балқаш көлінің курорттық аймағын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін «Меркі-Бурылбайтал» (262 км) трассасын қайта жаңарту жүргізілуде. Сонымен қатар еліміздің оңтүстігінде «Ұзынағаш-Отар» (96 км) автожолы қайта жаңғыртылып, Шамалған станциясында теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жүргізілуде. Батыс өңірде «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» (740 км) жобасы жүзеге асырылуда.

«Осы мақсаттарға біз түрлі елдердің үкіметтерімен ынтымақтастықта жол жобаларын белсенді іске асыратын танылған халықаралық қаржы институттарының қарыздарын тартамыз. Олардың қатарында Дүниежүзілік, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі, Азия Даму Банкі және ҚХР Эксимбанкі қарыздары бар», — деді министр.

Қарағанды-Балқаш-Алматы дәлізі 2023 жылы толығымен аяқталады.

ЭксИмБанк қарыздары есебінен қаржыландырылатын «Мерке-Бурылбайтал» және «Қалбатау – Майқапшағай» жобалары бойынша «СиньСинь» және «СП «КазГерСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымдарына жұмыстарды ұйымдастыруына қатысты мәселелер бар.

Қарыз жобаларын іске асыруға теңгенің құнсыздануы мен құбылмалылығы әсер етті, ал олар жол-құрылыс материалдарының құнына әсер етті.

Жол-құрылыс және жанар-жағармай материалдары бағасының тұрақты өсуі де өз әсерін тигізуде. 

Бұл битум, цемент, металл, дизель отынының бағасының артуына қатысты.

«Сондай-ақ айналма жолдардың сапасына қатысты пайдаланушылардың наразылығын естиміз. Орташа алғанда, құрылыс жұмыстары 3 жылға дейін созылады және айналма жолдар жергілікті учаскелерде және олардың аяқталуына қарай орналастырылады. Айналма жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін біз Қазавтожол ұлттық компаниясына айналма жолдардың жағдайын қатаң бақылауға алуды тапсырдық», — деді министр.

Б. Атамқұлов әкімдіктердің коммуналдық меншігінде 132 мың км жол бар екенін, оның 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар санатында екенін, 61 мың шақырымы көше-жол желісінің құрамына кіретінін атап өтті.

Жергілікті желіні дамытуға әкімдіктердің өтінімі бойынша министрлік республикалық бюджеттен тепе-тең негізде (50/50) нысаналы трансферттер бөледі.

Жобаларды іске асырудың басымдығын, конкурстық рәсімдерді өткізуді, шарттар жасасуды, сондай-ақ іске асырылуын бақылауды және оларды пайдалануға қабылдауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Биыл 229,9 млрд теңге бөлінді. Оның 75,9 млрд теңгесі республикалық маңызы бар қалалар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент көшелерінің көлік инфрақұрылымын дамытуға тиесілі.

Министрдің пікірінше, өңірлерде білікті кадрлардың жетіспеушілігі, мемлекеттік сатып алудың жетілмегендігі, кейбір жобаларда техникалық қадағалаулардың және аккредиттелген зертханалардың болмауымен байланысты бірқатар проблемалар бар.

Мердігерлер сапасыз материалдарға сапа сертификатын берген жекеменшік аккредиттелген зертханаларды тартқан жағдайлар болды.

Бұдан өзге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының компанияларға формальды қарым-қатынасының объективті тәуекелі бар, өйткені ол әкімдіктердің құрамында жұмыс істейді.

Осы факторлардың барлығы өңірлердегі жолдардың сапасына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ жолдардың сапасына олардың қалай күтіп ұсталатыны да әсер етеді.

Ол үшін күтіп ұстау шығындарын толық көлемде жабуға және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін төлем жүйесі енгізілуде.

«Бұл жерде бағаларға тоқталғым келді. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2013 жылы "Астана-Щучинск" жолында алғашқы ақылы жүйені енгізген кезде төлемақы ставкаларын бекітті, бұл ретте бұл бағалар жаңа учаскелерде де сақталып отыр», — деді министр.

Көршілес елдерде ақылы жүйе көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келеді, мұнда тарифтік мөлшерлеме Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Салыстыру үшін, Ресейде жүк машиналары 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді, Италия мен Германияда орташа есеппен – 70 теңге, Беларусьте – 80 теңге төлейді, ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолдармен жүру 122 теңге тұрады.

3-4 күн бұрын көптеген жүк көлігі жүргізушілері жаңа учаскелерде ақылы жүйенің енгізілуіне қатысты наразылық білдірген оқиғалар болды. Аталған мәселені шешу үшін министрлік, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҰКП және Казлогистикс өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл ретте бұл мәселе соңғы 2 жыл ішінде «Атамекен» ҰКП-мен, қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде Қазақстанның тасымалдаушылар одақтарымен – «КазАТО» және Казлогистикс қауымдастықтарымен бірлесіп талқыланды.

Ақылы жолдар – бұл әлемдік тәжірибе. Көптеген елдерде ақылы жүйе «Жолды кім пайдаланады – сол оны күтіп ұстау үшін ақы төлейді» деген әділ қағиданы білдіреді, өйткені көбінесе жол төсемдерін пайда тапқысы келген инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктері бұзады.

Оған қоса біздің жолдарымызды Қазақстан аумағы арқылы өтетін үшінші елдерден он мыңдаған транзиттік жүк машиналары тоздырады, ал біздің тасымалдаушылар шет елдердің аумағы арқылы жүріп өткенде барлық алымдарды төлейді.

Жалпы, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымында ақылы жүйені енгізу жоспарлануда. Бірінші кезеңде 2021 жылы 5,8 мың шақырым жолда ақылы қозғалыс ашу жоспарлануда.

Тағы бір маңызды аспект – жол бойындағы сервисті дамыту.

Бүгінде республикалық желі бойында 1 854 сервис объектісі жұмыс істейді, оның 58%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай келеді.

Бұл ретте қолда бар объектілердің көпшілігі ол бекітілгенге дейін салынған.

Жыл соңына дейін нормативтік талаптарға сай келетін сервис объектілерінің санын 66%-ға (1322 бірлік) дейін жеткізу, сондай-ақ 125 жаңа объект салу, оның ішінде зәкірлі инвесторлар есебінен 38 ЖҚС және жеке инвестициялар есебінен 87 бірлік санитариялық-гигиеналық тораптар салу жоспарланған.

2025 жылға дейін қосымша 400-ден астам заманауи нысан салынады.

Сонымен қатар министрлік жол бойындағы сервисті дамыту бойынша әкімшілік тәсілдерді қолданады. Яғни, өз тарапынан сервис объектісін орналастыруды келіседі.

Бірақ, қазіргі заманғы жаңа объектілерді салуға жер учаскелерін алу үшін жергілікті жерлерде жергілікті атқарушы органдар тарапынан бюрократия жағдайлары орын алып отыр.

Жол бойындағы сервис объектілерін дамыту, ең алдымен, әкімдіктердің құзыретінде, өйткені бұл бизнестің дамуына әсер етеді.

Жол бойындағы сервисті дамытуға байланысты мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтың бірлескен іс-қимылы талап етіледі.

Өздеріңіз білетіндей, көктемнің келуімен әлеуметтік желілерде қысқы кезеңнен кейінгі автожолдардың жай-күйіне және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына халықтың наразылығы артты. Бұл әсіресе жергілікті жолдар мен елді мекендердің көшелеріне қатысты болды.

Бұл жерде Мемлекет басшысы тарапынан әділ сын айтылды және орындалатын жұмыстардың сапасына ерекше назар аудару тапсырылды.

Жолдардың сапасын арттыру жөніндегі шаралардың бірі 2019 жылғы наурызда Жол активтері сапасының ұлттық орталығын құру болды.

Егер 2020 жылы республикалық желі бойынша сараптамамен қамту 100% құраса, жергілікті желі бойынша барлығы 50% құраған.

Бұл жергілікті атқарушы органдармен (Нұр-Сұлтан қаласының, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарының әкімдіктері) сапаны бақылауды ұйымдастыру бойынша шарттар жасасу проблемасымен байланысты болды.

Осы жылдың жоспарында 6,9 мың инспекциялық шығу, 18,9 мың шақырым диагностикасы, оның ішінде 4,9 мың шақырым кепілдік учаскелерінің мониторингі және 14 мың шақырым нақты жай-күйді бағалауды жүргізуді жоспарланған.

Жыл басынан бері Орталық 492 бұзушылықты анықтады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, автомобиль жолдарының сапасын арттыру үшін министрлік автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша кешенді жоспар әзірлеуде, ол мынадай негізгі шараларды қамтиды:

  • Ұлттық сапа орталығының өкілеттіктерін кеңейту;

  • мемлекеттік сатып алуда қосымша біліктілік талаптарын белгілеу;

  • жобалау сатысында сапаны қамтамасыз ету;

  • жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.

Ұлттық сапа орталығы арқылы автомобиль жолдары бойынша уәкілетті органға жұмыс сапасы бойынша бақылау-қадағалау функцияларын беру, жөндеудің барлық түрлеріне техникалық қадағалауды енгізу және мердігермен және жобалау ұйымдарымен бірлесіп техникалық қадағалау қызметтерінің ортақ жауапкершілігін арттыру ұсынылады.

Бұдан өзге ғылымға, жаңа технологияларды енгізуге, базалық, жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен ҚазЖолҒЗИ-да кадрларды оқыту мен қайта даярлауға ерекше назар аударылатын болады.

Осылайша, Мемлекет басшысының, Елбасының тапсырмаларын және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көлік саласы бойынша белгіленген міндеттерді уақтылы және сапалы іске асыру 2025 жылға қарай мынадай нәтижелерге қол жеткізуге әкеледі:

  • республикалық маңызы бар жолдардың 100%-ын және жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативте көрсетілген жағдайға дейін жеткізу;

  • 11 мың км автожолға ақылы жүйені енгізу;

  • автожолды ұлттық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету;

  • елді сапалы әуежай инфрақұрылымымен қамтамасыз ету.

Министр құрылыс блогы мәселелеріне көшпес бұрын, Мемлекет басшысы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселесін шешуге ерекше назар аударатынын атап өтті.

Бұл ретте, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда тұр.

Осы мәселелердің бәрін шешу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 977 мың тұрғын үй салу жоспарланған.

5 жылдық кезеңде азаматтарға жеке тұрғын үй салуға берілетін 235 мың жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

Оның ішінде осы жылы біздің алдымызда 17 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 163,1 мың тұрғын үй салу міндеті тұр.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 24,8 мың отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады және Отбасы банк «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «5-20-25» бағдарламаларының шарттары бойынша 23 мың жеңілдікті қарыз беретін болады.

Негізінен қолдау шараларымен кезекте тұрғандар, оның ішінде жетім балалар, мүгедектер, аз қамтылған көп балалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және мегаполис қалаларда жұмыс істейтін жастар қамтылатын болады.

4 айдың қорытындысы бойынша 3,5 млн шаршы метр немесе 28,9 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,3% құрайды.

Бүгінде әкімдіктерде 562 мың азамат кезекте тұр.

Оның ішінде отбасы мүшесіне шаққанда 1 күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар 185 мың кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарта отырып, жеке тұрғын үй қорында жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізіледі.

Негізінен бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары.

Жалдау ақысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 31 айлық есептік көрсеткіші (90 427 теңге), өзге өңірлердің 21 айлық есептік көрсеткіші (61 257 теңге) және ауылдық жерлер үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) мөлшерінде мемлекеттік қаражат есебінен субсидияланатын болады.

1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табысы бар қалған 377 мың адам Отбасы банкі арқылы кредиттік тұрғын үймен және жеңілдікті қарыздармен қамтамасыз етілетін болады.

Олар – мемлекеттік қызметкерлер, бюджетниктер, толық емес отбасылар және басқа да кезекте тұрғандар (жыл сайынғы өсімі – 32 мың адам).

Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» болып қайта құрылды және оның базасында «Алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығы» құрылды.

Аталған Орталық әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтармен одан әрі жұмыс жүргізеді, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтарды есепке қояды.

Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – ауылда тұрғын үй салу.

Осы тапсырмалар шеңберінде өз қызметкерлері үшін ауылда тұрғын үй салу кезінде жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігі әзірленді және 2025 жылды қоса алғанда, жеке құрылыс салуға арналған 110 мың жер учаскесіне (жыл сайын 22 мың жер) инженерлік коммуникациялар салуды қамтамасыз ету әзірленді.

Биылғы жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша азаматтарға зейнетақы жинақтарын емдеу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдаланудың теңдессіз құқығы берілді (ЖҰЖ-ның 2020 жылғы 60-т.).

Бүгінгі таңда 164 мыңнан астам азамат зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалана алды (барлығы 1,3 трлн теңге).

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мүлік иелері институтын енгізу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде (ЖҰЖ-ның 143-тармағы). Идеологиясы – пәтер иелері өз мүліктерінің шынайы иелері болып, өздері басқаруы керек.

Заң талаптарына сәйкес ПИК барлық қаржылық және техникалық құжаттарды үй иелеріне тапсыруы тиіс.

Бірақ бүгінде ПИК үйлерді басқаруды меншік иелеріне беруге құлықсыз. Әкімдіктер жол карталарын әзірледі, онда беру күні нақты айқындалған.

Республика бойынша барлығы 54 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. 2022 жылға дейін 50,5 мың тұрғын үйдің меншік иелерін басқару нысандарын құру талап етіледі (4 225 бірлік немесе жоспардың 8% құрылды).

Халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуін арттыру бойынша шаралар қабылдануда.

Бүгінгі күні сумен жабдықтау қызметтерімен республика халқының 94,1%-ы (17,7 млн адам) қамтылған, оның ішінде 10,7 млн қала халқы және 7 млн ауыл халқы (4 394 ауыл) қамтылған.

Республика бойынша барлығы 6 316 ауыл бар, оның ішінде 4 394 ауыл қамтамасыз етілген.

Қамтамасыз етілмеген 1 922 ауылдың 793-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысын жалғастыру жоспарлануда және қалған 1 129 ауылда (саны 200 адамнан кем) суды тазартудың жергілікті жүйесі орнатылатын болады.

Жобаларды іске асыру және сумен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға байланысты, олар іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуге және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге міндетті. Өз кезегінде Үкімет қажетті қаржы ресурстарын толық көлемде бөліп отыр.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 151,4 млрд теңге бөлінді.

Жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98%-ы және ауыл халқының 91,8%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізумен қамтылады.

2025 жылға дейін халықтың ауыз суға қолжетімділігін 100% қамтамасыз ету жоспарлануда.

2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жеңілдікпен бюджеттік кредит беру және халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары арқылы іске асырылатын жобаларды субсидиялау тетіктері бойынша жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту жобалары іске асырылуда.

Механизмдер секторды коммерцияландырудың негізін құруға, жобаларды жоспарлау мен іріктеудің кешенді тәсілдерін қолдануға, өндірістің энергия тиімділігін арттыру үшін бірыңғай технологиялық саясатты енгізуге мүмкіндік берді.

2015-2021 жылдар кезеңінде көрсетілген тетіктер шеңберінде 272,7 млрд теңге сомасына 427 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3 587 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері, 29 қазандық, 100 бірлік басқа да объектілер салынды және реконструкцияланды.

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 2015 жылғы 67%-дан 2020 жылы 55%-ға дейін төмендеді.

ТКШ жаңғыртудың әлеуметтік маңызды бағыттарының бірі – көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша іс-шаралар.

Қазіргі уақытта республика бойынша 54 474 КПТҮ бар, оның ішінде 17 897-сі жөндеуді талап етеді.

Тұрғын үй қорын жаңғырту шаралары аясында 3 088 үй жөнделді (58,4 млрд теңге).

2021 жылы 9 өңірде 287 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 10 млрд теңге бөлінді.

Салынып жатқан нысандардың, соның ішінде тұрғын үйдің сапасы халықтың наразылығын тудыруда. 

Бұл бағытта министрлік нысандарды мемлекеттік бақылау және пайдалануға қабылдау жүйесін толығымен қайта қарастыруда.

Құрылыс кезеңі неғұрлым қатаң бақылау тетігімен, оның ішінде объектінің пайдалануға дайындығын растау үшін объектілерді қабылдау кезінде МСҚБ-ның міндетті түрде қатысуымен күшейтілетін болады.

Сондай-ақ жобалау мен құрылыста өзін-өзі реттеу институтын енгізу жоспарлануда.

Енді нарық сапалы көрсеткіштерді алу үшін барлық қажетті ресурстарға сәйкес келетін және соған ие компанияларды бағалайды және оларға жол береді.

Мемлекет өзін-өзі реттейтін ұйымдарды тікелей бақылайтын болады.

Кедергісіз орта құру – Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша министрліктің басым міндеттерінің бірі.

Бұл міндетті шешу үшін министрлік құрылыс нормативтерінде кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша міндетті талаптарды белгіледі. Жобалау және құрылыс кезінде бұл талаптар міндетті саналады. Заңнамалық деңгейде құрылыс нормаларын сақтамағаны және жобалау құжаттамасынан ауытқығаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі барлық шаралар кешенін (оның ішінде МШЖ) әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылатын еңбек министрлігі үйлестіреді және тұрақты бақылауында ұстайды. Өз кезегінде біз 100% кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша бірлескен Жол картасын іске асыруға қатысамыз.

Көлік саласында бұл міндеттер көлік субъектілері үшін халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының жүріп-тұруы үшін қажетті жағдайлардың болуы жөнінде заңнамалық талаптарды белгілеу арқылы іске асырылады.

Бүгінгі таңда елімізде 136 теміржол вокзалы, 36 автовокзал мен 20 әуежай мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз пайдалану талаптарына сәйкес келеді, онда 98 арнайы вагон мен 2 788 арнайы автобус тартылған.

«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңын іске асыру (25-б.3-т.) үшін автомобиль, темір жол, су көлігі саласындағы заңнамада мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына және көлік инфрақұрылымы объектілеріне (темір жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда және т. б.) кедергісіз қолжетімді жағдай жасау бойынша қажетті нормалар көзделген.

Сондай-ақ осы санаттағы адамдар үшін жеңілдікпен жол жүру заңмен қарастырылған.

Оған қоса мүгедектер үшін (I топтағы) автомобиль көлігінде жеңілдікпен жол жүру мәселесі көлік туралы заң жобасында көзделген (ВАК 11.08.2020 ж. мақұлдаған).

Қолданыстағы заңда әкімдіктердің жекелеген санаттағы адамдардың қалалық көлікте жеңілдікпен жол жүруін айқындау жөніндегі өкілеттіктері белгіленді.

Министрліктің бұйрығымен өңірлерде жергілікті бюджет есебінен инватакси қызметтерін көрсету тәртібі регламенттелген.

Заң жүзінде әрбір 30 таксиге шаққанда арбамен жүретін мүгедектерді тасымалдауға бейімделген 1 таксидің және мүмкіндігі шектеулі адамдардың көліктері үшін тұрақта 10% орынның болуы міндеті бекітілген.

Құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты министр бұл маусымдық дүрбелең екенін айтты және бензин бағасының өсуі құрылыс материалдары құнының біршама өсуіне себеп болды деп жауап берді.

«Арматура бойынша жалпы әлемдік үрдіс жүріп жатыр. Мұнда біз импортқа тәуелдіміз. Бірақ бізде айтарлықтай маңызды позиция бар — бұл цемент. Қазір цемент, құрғақ қоспалар, бетон бойынша мәселелер көтеріліп жатыр. Қазақстандықтарды цементтің көлемі, оны өндіру қуаты Қазақстанда жеткілікті екеніне сендіргім келеді», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, Қазақстан бүгінде 12 цемент зауытында 15 млн тонна цемент өндіреді. Ал нарық қажеттілігі 9,3 млн тонна цементті құрайды. Осы жылдың төрт айында елімізде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық өнім өндірілді. Кәсіпорындардағы бағалар 21-22 мың теңге деңгейінде тұр. Өсім тек 5% құрайды. Бұл жанар-жағармай бағасының өсуіне, карьерлерден материал мен шикізатты тасымалдауға байланысты. Ал нарықта өсім 30-50%-ға артып отыр.

«Бұл алыпсатарлардың "еңбегі". Сондықтан біз қазір Бәсекелестікті қорғау агенттігіне жүгіндік, тексерулер басталды және тиісті шаралар қабылданатын болады. Қазақстандықтарды елімізде цементтің жеткілікті екеніне сендіргім келеді, импорт әкелінбейді», — деді Б. Атамқұлов. 

Бірақ егер жеткіліксіз болса және импортты әкелуге рұқсат етілсе, онда министрдің айтуынша, бағалар төмендейді және бұл өндірушілерге әсер етуі мүмкін. Олар ірі салық төлеушілер санатына жатады.

Сондай-ақ орман, аралау және басқа да құрылыс материалдарының бағасының шамалы өсуі байқалды.

«Біз барлық құрылыс материалдарын қадағалаймыз. Құрылыс көлемінің өсуіне байланысты белгілі бір жасанды дүрбелең пайда болды. Бірақ ол жақында басылады», — деп сендірді Б. Атамқұлов.

Жолаушылар тасымалы мәселесі халық үшін өзекті болып қалуда. Бүгінгі таңда халықтың ұтқырлығы біртіндеп қалпына келтіріліп, пандемия кезеңіне дейінгі кездегідей қарқын алуда. Тиісінше, теміржол тасымалын қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер туындайды.

Б. Атамқұлов теміржол саласындағы вагондар паркін жаңарту бойынша жұмыстардың қандай қарқынмен жүргізіліп жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.

Министрдің айтуынша, Нұрлы жол мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуға 40 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 100 жолаушылар вагоны сатып алынды.

Бүгінгі таңда аталған вагондар Атырау – Маңғыстау, Алматы – Жезқазған, Алматы – Маңғыстау, Нұр-Сұлтан – Семей, Алматы – Өскемен, Нұр-Сұлтан – Арқалық, Қызылорда – Семей бағыттарында жүреді.

Сондай-ақ биыл отандық Тұлпар зауытынан 43 жолаушылар вагонын сатып алу жоспарлануда.

«Жаңа вагондар барлық қауіпсіздік талаптарына жауап береді, ауаны баптау, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған», — деді Б.Атамқұлов.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, болашақта отандық зауытта вагондар өндіру технологиясын өзгерту жоспарланған.

Атап айтқанда, бұл қатты отынды жағудан бас тарту (дизель электр станциясын (генераторды) пайдалану). Жалпы, 2025 жылға дейін 500-ге жуық вагонды жаңарту жоспарлануда.

Өңірлердегі қалалық автобус парктерін жаңарту туралы сұраққа Б. Атамқұлов осы бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Автобус паркінің тозуын қысқарту мақсатында («Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдікті лизинг бағдарламасы шеңберінде отандық өндіріс автобустарын сатып алу үшін) 2018-2020 жылдарға республикалық бюджеттен 57,2 млрд теңге (2018 ж. – 10 млрд теңге, 2019 ж. – 23,5 млрд теңге, 2020 ж. – 925 млрд теңге) бөлінді, олардың есебінен 8 өңірде 1 618 автобус сатып алынды (2018 ж. – 45 бірлік, 2019 ж. 693 бірл., 2020 ж. – 925 бірл.).

Биыл осы мақсаттарға 22 млрд теңге бөлінді, бүгінгі таңда 3 өңірде тағы 383 автобус жеткізу жоспарланған.

«Бүгінгі таңда тұрақты қалалық автобус тасымалдарын 311 тасымалдаушы жүзеге асырады. Қалалық автобус тасымалдарына 10 мыңнан астам автобус (10 525) тартылған, олардың тозуы 46% құрайды (7 жылдан асқандары). Автобус паркін жаңарту қажеттілігі жылына шамамен 2 мың бірлікті құрайды», — деді Б. Атамқұлов.

Түркиямен рейстер санын арттыру туралы сұраққа Б. Атамқұлов туристік маусымның басталуына, сондай-ақ жолаушылар сұранысының жоғары болуына байланысты Түркиямен рейстер санын ұлғайту мәселесі Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы шеңберінде қаралатынын айтты.

Қазіргі уақытта ВАК-тың 2021 жылғы 14 және 23 сәуірдегі шешімдеріне сәйкес 2021 жылғы 26 сәуірден бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер саны аптасына 20-дан 12 рейске дейін қысқарды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

ҚХР бағытында жүк вагондарының ұзақ уақыт тұрып қалуының және оларды қытай тарапы қабылдамауының себебі неде деген сұраққа министр қалыптасқан жағдайдың себептері ҚХР мемлекеттік органдарының карантин кезеңінде пойыздарды өңдеу уақытын ұлғайтуы болып отырғанын айтты.

Министрліктің мәліметінше, күн сайын ҚХР Достық - Алашанькоу шекара өткелі арқылы қажеттілік тәулігіне кемінде 18 бірлікті құраған жағдайда 12-13-тен аспайтын қазақстандық жүк пойызын қабылдайды. Бұл шекара учаскелерінде жүк тиелген құрамдардың көп жиналуына әкелді. Жүктері бар 7 мыңға жуық вагон артта қалды.

Қытай тарапының ақпараты бойынша, ШҰАО (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округі) мемлекеттік комиссиясының шешімі бойынша қытай тарапында жүктерді қабылдау және қайта тиеу кезінде бақылау шаралары қатаңдатылды:

  • терминалдарда контейнерлерді ауыстырып тиеу алдында оларды міндетті түрде сыртқы өңдеу және зарарсыздандыру енгізілді;

  • әр вагоннан жүктің сынамасы міндетті түрде алынады;

  • тәулік сайын ПТР тесттен өту қажеттілігіне байланысты жүктерді тиеуде жүк тиеушілер саны азайды;

  • Қазақстаннан келетін пойыздарды шекаралық бақылау уақыты ұлғайтылды.

Министрлік бірқатар келіссөз жүргізді, сондай-ақ бірнеше рет ҚХР Темір жолдары мемлекеттік әкімшілігіне, ҚХР Көлік министрлігіне, ҚР Үкіметі атынан ҚХР Үкіметіне хаттар жолдады.

Бірақ қол жеткізілген уағдаластықтарға қарамастан, жүктерді тапсыру көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр.

«Сонымен қатар аталған мәселені қытай тарапымен талқылау мақсатында ҚХР-мен ҚР мен ҚХР арасында темір жол көлігі жөніндегі шағын комитеттің отырысын өткізу туралы мәселе пысықталуда. Бүгінгі таңда бұл мәселені шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда», — деп сендірді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу