Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

А. Мұхамедиұлы Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту туралы: Біз жүйелі түрде алға жылжып келеміз

28 желтоқсан 2018, 16:35
Фото: primeminister.kz

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында жыл бойы ұлттық құрамалар 570 спорттық жарысқа қатысып, еліміз үшін 677 медаль (196 алтын, 187 күміс және 294 қола медаль) жеңіп алғанын хабарлады. Сондай-ақ, заңнамалық бастамаларды қабылдау бұқаралық спортты дамытуды күшейтпек.

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру міндетін қойды.

«Бұқаралық спорт бар жерде нәтиже де бар. Қазір қолға алған қадамдарымыз жақын болашақта  жемісін беретініне сенімдімін. Биыл Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құрамалар сәтті өнер көрсетті. Қазақстан спортшыларды сырттан тартқан жоқ, біздің саясатымыз – өз елімізде өз чемпиондарымызды тәрбиелеу. Әрине, бұл белгілі бір уақытты қажет етеді, бірақ біз дұрыс бағытта жүріп келеміз», — деді А. Мұхамедиұлы.

Айта кету керек, Қазақстан Пхёнчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарында ТМД және Балтық елдері арасында жалғыз болып 57 лицензияны жеңіп алды. Юлия Галышева еркін стильдегі шаңғы жарысынан қола медальға қол жеткізді, ал командалық есепте Қазақстан 28-ші орынға ие болды. XII Паралимпиадалық ойындарда (Александр Колядин шаңғы жарысында алтын медальді иеленіп, командалық есепте 20-орынды иеленді), Буэнос-Айрестағы (Аргентина) ІІІ жазғы Жасөспірімдер Олимпиадасында біздің спортшылар 10 медальды (4 алтын, 3 күміс, 3 қола) жеңіп, бейресми жарыстарда 14 орынды иеленді.

Министр сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі кәсіби бокста қазақстандық тәрбиеленушілердің қатары көбейіп келе жатқанын айтты.

МСМ деректері бойынша, республикада 11 мыңнан астам спорттық нысандар жұмыс істейді. Статистикаға сәйкес, әрбір үшінші қазақстандық жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысады, олардың жартысынан астамы – балалар мен жасөспірімдер. 2017 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің 98%-ы дене шынықтыру және спорт саласында 3 сағаттық сабақ өткізуді бастады.

Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлы мүмкіндікті пайдалана отырып, 31 желтоқсан күні сағат 23:00-де Бәйтерек монументінен «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық кешеніне дейін созылатын жаңа жылдық жүгіру жарысына қатысуға шақырды.

Астана қаласының мерейтойы аясында ірі халықаралық спорттық турнирлер мен чемпионаттар: биатлоннан Азия ашық чемпионаты, «Көшпенділер жекпе-жегі-10» ММА аралас жекпе-жек өнерінің мерейтойлық турнирі өтті. Орталық Азия мен ТМД елдерінде алғаш рет IRONMAN 70.3 халықаралық триатлон жарыстары өткізілді. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық дайындық орталығы» Өскемен қаласынан Щучинск қаласына көшірілді.

Биылғы жылдың шілде айында Мемлекет басшысының қатысуымен ТМД елдерінде теңдесі жоқ әлемдік деңгейдегі «Бурабай» шаңғы кешені ашылды.

120 гектар аумақта шаңғы стадионы, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық кешен, трамплиннен секіру, биатлон трассалары, медициналық-сауықтыру кешені және 200 орындық қонақ үй бар. Әлемнің түрлі елдерінен келген спортшылар тау шаңғысы базасын жоғары бағалап, жыл басынан бері мұнда халықаралық шаңғы жарысы мен Азия биатлоны чемпионаты өткізілген. Жалпы, кешенде спортшыларға да, туристерге де бар жағдай жасалған.

 

А. Мұхамедиұлы Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту туралы: Біз жүйелі түрде алға жылжып келеміз
1/4
А. Мұхамедиұлы Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту туралы: Біз жүйелі түрде алға жылжып келеміз
2/4
А. Мұхамедиұлы Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту туралы: Біз жүйелі түрде алға жылжып келеміз
3/4
А. Мұхамедиұлы Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту туралы: Біз жүйелі түрде алға жылжып келеміз
4/4