Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Президент Жолдауын іске асыру: дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің 90% ауылдық елді мекендерде салынады

23 қаңтар 2019, 15:10
Фото, бейне: primeminister.kz

Бұл туралы және Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру аясында бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы PrimeMinister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев айтып берді.

Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген. С. Жарасбаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі өз саясатында аталған мәселелерді негізге алған. Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты түрде спортпен айналысатын халық саны 29,8%-ды құрайды. Бұл барлық жас санаттарын қоса алғанда 5 млн адамнан асады.

«Халықтың салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен айналысуға деген сұранысын қанағаттандыру үшін, әрине, спорт ғимараттары қажет. Бүгінде Статистика агенттігінің мәліметінше, елімізде ауылдық жерлерде және қалаларда 9 мыңнан астам спорт нысандары бар. Бұл – негізгі нысандар. Олардың қолжетімділігі мен сапасы да Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған. Спорт ғимараттарының құрылысын ұлғайту туралы тапсырма берілді. Қазіргі таңда біз жергілікті және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған жұмысты орындап жатырмыз», — деді Комитет төрағасы С. Жарасбаев.

Елбасының халықтың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

ҚР БҒМ мәліметіне сәйкес, мектептердің 80%-дан астамы спорт залдарымен және спорт алаңдарымен қамтамасыз етілген.

«Әлі де атқарылатын жұмыстар алда, оның үстіне спорт мектеп қабырғасынан басталатыны анық. Мектеп спорты – бұл спорт шыңының негізгі бастауы. Егер спорт пирамидасын елестетсек, онда Олимпиада ойындары оның ең жоғарғы жағында орналасса, онда оның негізін бүгінгі күні елімізде жақсы көрініс тапқан балалар мен жасөспірімдер спорты және мектеп спорты қалайды», — деді С. Жарасбаев.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгінде елімізде 400-ден астам балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері (БЖСМ) жұмыс істейді, онда 400-ден астам адам жаттығады. С. Жарасбаев аталған ұйымдар үлкен нәтижелерге ұмтылатын спортшылар үшін ашылғанын атап өтті. БЖСМ-де іріктеу жүйесі жақсы жүмыс істейді. Нақты кезеңдер бар: бастапқы даярлық топтары, оқыту-жаттығу топтары, спорттық шеберлік, жоғарғы шеберлік топтары және т.б. Жаттықтырушылар мен мектептердің басшылығы бастапқы кезде-ақ әр баланың әлеуеттерін байқап, өздерінің тәрбиеленушілерін жоғары жақтағы ұйымдарға ұсынады.

«Қазақстанның БЖСМ-де балалар ақысыз негізде жаттығатындарын атап өткен жөн. Барлық мемлекеттік БЖСМ-дер жергілікті немесе облыстық бюджеттер есебінен қамтылып, мемлекет есебінен қаржыландырылады. БЖСМ-ге түсудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы – дәрігер тарапынан ешқандай да қарсы көрсетімдер болмауы керек», — деді С. Жарасбаев.

Сонымен қатар, барлық облыс орталықтарында спортқа қабілетті балаларға арналған мамандандырылған интернаттар бар. Бұл — жоғарыда аталған БЖСМ-дерден өздеріне келесі критерийлерге сай — спорттық атақтары, спорттық дәрежелері, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындары бар, түрлі республикалық турнирлерге қатысқан үздіктерді таңдап алатын бейінді ұйымдар. Қазіргі таңда республикада 12 облыстық және 5 республикалық интернат бар. Онда тәрбиеленушілердің жалпы саны — шамамен 8 мың адам.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мақсатында Үкіметтің жалпыұлттық жоспары бекітілді, онда 44, 46, 48 — үш тармағы белгіленген, оларды іске асыруға Мәдениет және спорт министрлігі тікелей жауапты. Осы тармақтардың бірі — 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін (ДШСК) салу.

С. Жарасбаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі органдармен және жергілікті атқарушы органдармен қажеттілікке талдау жасап, аталған нысандар салынатын негізгі критерийлерді анықтады. Бұл — кем дегенде 3 мың адам халқы бар елді мекендер. Сонымен қатар, осы елді мекендерде өсім қарқынының болуы, халық арасында спортқа деген қажеттіліктің және ниеттің бар болуы да ескерілді. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде 100 ДШСК салынатын елді мекендер тізімі жасалды.

Сонымен қатар, Комитет төрағасы жаңа ДШСК негізінен ауылдық елді мекендерде салынатынын айтты.

«Біз талдау жүргізу арқылы дәл осы ауылдық жерлерді анықтадық, 90% – ауылдық елді мекен. Дегенмен, ДШСК салуға сұраныс білдірген қалалар да бар. Өздеріңіз білетіндей, біздің олимпиадашылар ауылдық жерлерден шыққан, сол себепті де біз әлеуеті жоғары ауылдарда жағдай жасап, ДШСК салуымыз керек», — деді С. Жарасбаев.

Бұған қоса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те спорт нысандарын салуға, спортты дамытуға жеке инвестицияларды тартуға өз үлесін қосып жатыр және бүгінде кейбір нәтижелерін беріп отыр. С. Жарасбаев атап өткендей, 2017–2018 жылдары ҚР МСМ-мен бірлесе отырып, Street workout федерациясы ашық спорт алаңдарының құрылысына белсенді түрде қатысып келді. Аталған ұйым 2 жыл ішінде еліміздің барлық өңірлерінде өз қаражаты есебінен 70-ке жуық ашық алаңдар салды. Алаңдар ақысыз негізде жұмыс істейді.

Воркаут — бұл әуесқой спорт түріне, дене шынықтыруға жататын, спорт субмәдениеті түріндегі көше гимнастикасы. Ол ашық спорт алаңдарында әртүрлі жаттығуларды орындаудан тұрады, атап айтқанда — белтемірлерде, қоссырықтарда, швед тосқауылдарында және түрлі құрастырылымдарда немесе оларды пайдаланусыз жаттығу жасау.

«Бұл да МЖӘ элементтерінің бірі. Біз Федерациямен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардан аталған жаттығу құралдарын орналастыруға жер беруді сұрадық. Әкімдіктер нақты жер телімін берді, кейін Федерация сол жерлерге нысандарды орналастырды. Бұл жұмыс жалғасын таппақ. Бұл бастамамызға Ұлттық Олимпиада комитеті де қосылды», — деп түсіндірді С. Жарасбаев.

2017–2018 жылдары өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 30-ға жуық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.

Сонымен қатар, С. Жарасбаев кәсіпкерлер тарапынан да қызығушылықтың өскенін атап өтті.

«10 жыл бұрын кәсіпкерлердің көбісі спорт ғимараттарын салуға осыншалық қызығушылық танытпады: сауда үйін салу, оны жалға беру және содан дивидендтер алу тиімдірек болды. Бүгінде мұндай бағдарламаның арқасында кәсіпкерлер спортқа ден қоя бастады және спорттық нысандарды салуға әзір», — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз