Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жыл басынан бері Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда айналымы 80 млн долларды құрады

17 қазан 2016, 10:51
Фото: kursiv.kz

2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сыртқы сауда айналымы шамамен 80 млн долларды құрады. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Астанадағы Қазақстан-Мажарстан бизнес форумы барысында хабарлады.

«Бүгінде Қазақстанда венгр капиталының қатысуымен негізінен құрылыс, сауда және өндіріс секторларындағы шамамен 50 ортақ кәсіпорын сәтті қызмет етуде. Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің үлкен әлеуеті бар. Әзірге ол толықтай пайдаланылып жатқан жоқ», - деді Т. Жақсылықов.

Вице-министрдің айтуынша, 2015 жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 102 млн долларды құрады, ал ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша шамамен 80 млн долларды құрады. Екі елдің табысты ынтымақтастығын нығайту үшін барлық жағдай жасалды. Екі ел арасында стратегиялық  кеңес құрылды, экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия, іскери кеңес, сонымен қатар, 40 млн доллар сомасына ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландырудың ортақ қоры жұмыс істейді. Экономика саласындағы екіжақты халықаралық құқықтық шарттық базаның негізгі элементтері қалыптастырылған.

«Бизнес форум аясындағы келісімдер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деген үміттеміз. Біз жандандырудың, энергетика, фармацевтика, машина жасау, коммуникация, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері зор деп есептейміз», - деді Т. Жақсылықов.

Қазақстан-Мажарстан бизнес форумы Қазақстан Республикасы мен Мажарстанның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жалғастырып, оны әрі қарай нығайтуды көздейді. Форум аясында қазақстандық және венгрлік кәсіпкерлер арасында дәстүрлі екіжақты кездесулер өткізіледі. Мұнда экономиканың фармацевтика, медициналық жабдық, ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, логистика, АКТ сияқты секторларындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланатын болады.