Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мембағдарламасы: 2018 жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындысы

20 тамыз 2018, 08:51
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Мәселен, ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беруді дамытуға бағытталған. Осы жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

Мәлім болғандай, Мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының 01.03.2016 жылғы №205 жарлығымен қабылданған. Сол жылдың сәуір айында Үкіметтің қаулысымен аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі шаралар жоспары бекітілді.

Осы жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысын шығара отырып, 2018 жылы 148 іс-шараны орындау жоспарланғанын айта кеткен жөн. Биыл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 515 200,5 млн тг, оның ішінде І жарты жылдықта 218 805,9 млн тг бөлінді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, жарты жылдыққа бөлінген қаражаттың 99,4% игерілді.

Мектепке дейінгі білім беру саласында 3–6 жас аралығындағы балаларда мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемі 93,1% құрады. 2018 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ 25 қала мен 6 ауданда (Ақтөбе, ШҚО, БҚО, СҚО, Қарағанды, Павлодар, ОҚО, Маңғыстау) балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылды.

Орта білім беру саласында мына елеулі жағдайды ескере кеткен жөн: жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Аттестациялауға қатысқан педагогтердің 63% аттестациядан өтті. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап аттестация нәтижесінде санаттарына сәйкес қосымша ақы төленетін болады.

Жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5, 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы, оқулықтар бойынша білім алуда.

2018 оқу жылынан бастап қосымша 3, 6, 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді. Оларға арналған оқулықтар дайын, экспертизадан өтті және оқулықтар облыстарға жеткізіліп жатыр. Барлық өңірлер баспасөзбен кітаптарды жеткізу бойынша келісімшартқа отырды.

Республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынады. Алайда, үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы әлі де сақталуда.

Үш ауысымда оқитын мектептер болуының басты себептері — демографиялық және көші-қон процестері. Мысалы, 2017 жылы Астанаға еліміздің басқа өңірлерінен 80 мыңға жуық адам көшіп келді, олардың 17 мыңға жуығы балалар. Бұл шамамен жыл сайын 15 жаңа мектеп салуға қажеттілік тудырады.

Мемлекет бұған дейін мектепті жаппай салуға қаржы бөлмеген, ал қазір осы мәселені толығымен шешу үшін мемлекеттен қаржы бөлініп отыр. Жан басына қаржыландыру, яғни жеке компанияларды мектептерді салуға тарту жұмысты барлық қалаларда қазірден бастап қолға алу қажет. Республикалық бюджетте жекеменшік компанияларға инвестиция шығындарын өтеуге қаражат қарастырылған, нормативтік база бар, жұмыс басталып кетті.

Елбасымыз техникалық және кәсіптік білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлетіні анық. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірлерге жұмыс сапарлары барысында да бұл мәселені маңыздылардың қатарына қояды.

ҚР БҒМ ақпаратына сәйкес, бүгінде техникалық және кәсіптік білім саласында 489 мың адам контингенті бар 824 колледж жұмыс істейді. Колледждерде мамандарды даярлау 246 мамандық және 703 біліктілікке байланысты жүргізіледі. 2018 жылы колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс беруші талабы бойынша 50%-ға дейін және қосарлы оқыту кезінде 80%-ға дейін өзгертуге жағдай жасайтын стандарт енгізілді.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге кедергісіз тең жағдай жасаған ТжКББ ұйымдарының саны 27% құрайды. 2018 жылдың соңына дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтарға кәсіп алу үшін жағдай жасау тұрғысынан 11 НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарда бар.

Халықаралық талаптарға, соның ішінде WorldSkills стандарттарына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Қазіргі таңда 170-тен астам жаңартылған бағдарламалар дайын, жыл соңына дейін тағы 70 бағдарлама дайын болады.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. Ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу бойынша жол картасының жобасы дайындалып, жұмыстарымыз қолға алынды.

Белгілі бір жұмыс еліміздегі жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Мәселен, ЖОО-лардың академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы Заң қабылданды.

Жұмыс бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауға, білім, ғылым және инновацияны интеграциялауға бағытталған. Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша, ЖОО-лардың академиялық және басқару дербестігі туралы Заң қабылданды. Қазір нормативтік актілер жобалары жалпы дайындалды. Осы 70-тен астам нормативтік актілерді дайындауға жоғары оқу орындары, қауымдастықтар, жұртшылық және мемлекеттік органдар қатысты.

2018–2019 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі 66 389 орынды құрады (бакалавриат – 50 894, магистратура – 13 220, докторантура – 2 275). 65 ЖОО-да қамқоршылық және 28 ЖОО-да бақылау кеңестері бар. Ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайындалды. 

Оқу пәндері 50% білім беру пәнінде, 20% — екінші тілде, 30% — ағылшын тілінде оқытылады. 51 шетелдік ЖОО-мен 310 екі дипломды білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ағылшын тілінде 10 білім беру бағдарламасы енгізілуде.

Әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісіне 2018 жылы 10 қазақстандық ЖОО енді (2017 ж. – 8). Ғылым саласында 383 ұйым мен 22081 адам зерттеумен және ғылыми әзірлемелермен айналысады. 2018–2020 жылдары гранттық қаржыландыру бойынша 1096 ғылыми жоба және ғылымды нысаналы қаржыландыру бойынша 92 бағдарлама, сондай-ақ, шетелдік ғалымдардың қатысуымен 408 қазақстандық жоба орындалуда.

2018–2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары ғылымды дамытатын жеті басымдық аясында орындалуда. ҒЗТКЖ-ды қаржыландырудың жалпы көлемінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар үлесі 25%-ға жуық құрады, жоспар бойынша 22% болған.

Білім беру ведомствосы оң факторлардың бірі ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік нәтижелерін атайды. Жеке сектор тарапынан тең қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. ҒЗТКЖ-ды қаржыландырудың жалпы көлемінде бизнес шығындары 32% аса құрады.

Халықаралық ғылыми-техникалық орталық аясында осы жылы 12 жоба орындалуда, оның жалпы сомасы $4 млн астам соманы құрайды. «Горизонт–2020» бағдарламасы аясында 2 жоба орындалуда, олардың сомасы 2 млн 972 мың евроны құрайды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз