Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҰБТ-ның жаңа форматы ЖОО-ға түсуге қосымша кедергі туындатпайды 

22 қараша 2016, 12:16
Астана
Фото: primeminister.kz

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР білім және ғылым министрі Эльмира Суханбердиева ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу талапкерлердің ЖОО-ға түсуіне қосымша кедергі туындатпайтынын хабарлады. 

«Меніңше, емтихан тапсыруға байланысты ЖОО-ға түсуге ешқандай кедергі жоқ. Бұл жерде барлығы нақты көрсетілген. Керісінше, біз балалардың міндетін жеңілдеттік. 11 жыл бойы мектепте оқығанына байланысты қорытынды аттестацияны бала өз мектебінің қабырғасында тапсырады, билетпен дайындалады. ЖОО-ға түсуге қатысты ешқандай айқай-шу болмауы тиіс. ҰБТ-ның жаңа форматы – кез келген оқушы үшін грант иелену мүмкіндігі, сол себепті барлығына бірдей жағдай жасалады», – деді Э. Суханбердиева. 

2017 жылы түлектердің қорытынды аттестациясын жаңа жүйе бойынша өткізу ұсынылып отырғанын айта кету керек. Жаңа жүйе бойынша, ол мектептегі бітіру емтиханы және ЖОО-ға түсуге жол ашатын ҰБТ түрінде болады. 

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҰБТ-2017 өткізуге дайындық жұмыстарын қазірден бастау керектігін және оны жоғары деңгейде жүргізу керектігін атап айтты.