Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасында білім беру қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары қарастырылған

29 қаңтар 2019, 15:30
Фото, бейне: primeminister.kz

PrimeMinister.kz ресми ресурсының алаңында берген сұхбатында қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова Жастар жылын өткізудің алдағы жұмыстарының жоспарлары туралы айтып берді. Әсіресе, білім беру саласында ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктер туралы әңгіме өрбіді.  

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жастарды қолдау мақсатында үлкен жұмыстар қолға алынған.

«Қазақстанды әлеуметтік мемлекеттердің бірі деп айтар едім, себебі бізде барлығына тегін орта білім, барлық ниет білдірушіге – тегін техникалық білім беріледі. Бізде жұмыспен қамту аясында қолға алынған көптеген бағдарламалар бар: “Жастар практикасы”, “Бизнес-Бастау” және т.б. Бізде жан басына шаққанда жоғары білімі бар адам саны өте жоғары», — деді Ж. Омарбекова.   

Осыған орай вице-министр жастарға осындай бағдарламалар туралы оқып-біліп, оларға араласуға кеңес береді.

Сонымен қатар, Жастар жылын өткізудің жол картасында жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары қарастырылған.

«Ең алдымен, біз барлық университеттердің деңгейін көтергіміз келеді. Әр өңірде Назарбаев университетінің деңгейіне сай келетін кем дегенде бір университет болуы керек. Адамдар тек мегаполистерде шоғырланбауы тиіс. Әрине, барлығы Астана мен Алматыны жөн санайды, себебі бұл қалаларда ең үздік университеттер орналасқан. Көш бастаушы университеттер еліміздің батысында да, солтүстігінде де, шығысы мен оңтүстігінде де болуы қажет», — деді Ж. Омарбекова.   

Бұдан өзге, Жол картасында колледждер мен университеттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөліген.

«Өткен жылы Елбасы “Бес әлеуметтік бастама” аясында тиісті тапсырманы берді. Аталған жұмысты ерекше бақылауға аламыз. Біздің колледждер мен университеттердің инфрақұрылымдарының халықаралық стандарттарға сай келуін қадағалаймыз. Солтүстік Қазақстанда немесе Ақтөбе облысында өмір сүретін жас азаматтар да Астана мен Алматының студенттері секілді жарақтандырылған университеттерде білім алуы қажет», — деді Ж. Омарбекова.   

Сондай-ақ, қоғамдық даму вице-министрі Жол картасында ірі қалаларда жас отбасыларға арналған баспана қолжетімділігін арттыру жөніндегі Елбасы тапсырмаларын орындау шаралары қарастырылғанын атап өтті. ҚР ҚДМ аталған тапсырманы іске асыруға кірісіп кетті, Үкімет қосымша бюджет қаражаттарын бөлді. Ж. Омарбекова отбасының амандығы жастардың жекеменшік тұрғын үйлерінің болуына да байланысты екенін айтты.

«Президент жас отбасыларға, жастарға қолдау көрсету мақсатында Алматы, Астана, Шымкент мегаполис қалаларында тұрғын үйлер салуды тапсырды. ИИДМ мен жергілікті атқарушы органдар оператор болады», — деді вице-министр.   

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы жас қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жасауда барлық меншік формасындағы кәсіпорындарды белсенділік танытуға шақырды.

«Мамандар бәрін шешеді. Кез келген ұйымда – құрылыс компаниясы немесе опера театры болсын, өз мамандарын сақтап қалу өте маңызды. Ұйымның жеке жатақханасы болса мамандарды сақтап қалуға болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп осы жұмысты қолға алуы тиіс. Өйткені бұл – тек мемлекеттің жұмысы емес, бұл – ортақ міндет», — деп түйіндеді Ж. Омарбекова.  


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз