Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Бақытжан Сағынтаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары: мемлекеттік органдарды қайта орналастыру қалай жүргізіліп жатыр

2018 жылғы 20 тамыз
Фоторепортаж

Бақытжан Сағынтаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары

20.08.2018
20 тамызда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып қайтты. Сапардың мақсаты — мемлекеттік органдарды қайта орналастыру барысымен танысу.

Еске сала кетейік, 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы ретінде қайта аталды, ал Түркістан — облыс орталығы болып бекітілді.
Видео
Премьер-Министр өңірген келгеннен кейін Түркістандағы әкімшілік ғимараттардың құрылысы салыну уақытында (2020 жылға дейін) мемлекеттік органдар орналасатын коммуналдық меншік және коммерциялық нысан ғимараттарына барды.
Қайта орналастыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр — 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты, сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетіп жатыр. Келесі жылы барлық ведомстволарды және тоғыз бюджеттік ұйымды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Алғашқы нысан «Департаменттер үйі» болды. Мұнда 10 аумақтық орган орналасқан.

Сондай-ақ, сегіз жергілікті атқарушы орган көшірілген бұрынғы «Әмина» клиникасының ғимараттары және бес мемлекеттік органға арналған «Версаль» кешені тексерілді.

Айта кету керек, бірінші кезеңде Түркістанға 842 адам ауысады, қалада олар орналасатын ғимараттар анықталған, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған.
Бақытжан Сағынтаев тарихи-мәдени этнографиялық орталықты тексеру барысында Түркістан облысы мәслихаты мен әкімінің аппаратын орналастыру жағдайымен танысты. Жергілікті әкімшілік музей ғимараттарының біріне уақытша орналасты.

Сондай-ақ, облыстық музейде Қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы жобаларының таныстырылымы өтті. Мәлім болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің төрағалығымен Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытуға ықпал ететін Бас жоспарды әзірлеу жөніндегі Үкіметтік Комиссия құрылды.
11 шілдеден бастап 11 тамызға дейін бас жоспар тұжырымдамасы жобаларының байқауы өтті. Байқауға Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Ұсынылған жобалар көрмесі Түркістанда 17–20 тамыз аралығында өтті.
Бұдан әрі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру мәселелері туралы кеңес өткізді.

Кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін облыста тиісті Жол картасы бекітілгенін айтты. Кешенді жоспарға 188 іс-шара енгізілген.
Көшіру барысы туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндады. Баяндалған ақпаратқа сәйкес, барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Оларды орналастыру үшін Түркістанда жалпы аумағы 11 680 м² болатын 12 ғимарат бөлінген.

Бірінші кезеңде қызметкерлердің 70% көшірілді. 27 аумақтық орган үшін 16 ғимарат бөлінді. Қазір 14 ведомствоның өкілдері қалаға орналастырылып, өз жұмыстарын бастаған. Облыс әкімі көшіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қазір қызметкерлерге 67 жекеменшік пәтер жалдауға ұсынылған.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин бүгінде сәулетшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегеннін атап өтті. Қыркүйек айының соңына дейін Бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту туралы шешім қабылданады.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев, инвестициялар және даму вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова, ішкі істер вице-министрі Б. Бисенқұлов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Айдарбаев орын ауыстыру барысы туралы пікір білдірді.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев мектепке дейінгі және мектептегі білім беруді тиімді дамыту мәселелерін қозғады. Қазіргі кезде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 89,4% жетті. Бірақ, Елбасы 2020 жылға қарай балаларды 100% қамту міндетін қойған. Осыған байланысты жекешелік әріптестік механизмін пайдаланумен жекеменшік мектепке дейінгі білім ұйымдарының ашылуын жандандыру қажет.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Министрліктің аумақтық бөлімшелері әділет органдарында мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеуден өткенін айтты. 25 шілдеде ҚР Қаржы министрлігі құрылымдарының өкілдері Түркістанға көшірілді. Қазіргі таңда Түркістанда облыстық департаменттердің өкілдері жұмыс істейді: 8 — мемлекеттік кірістер комитеті, 4 — ішкі мемлекеттік аудит комитеті, 5 — қазынашылық комитеті, 2 - мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.
Инвестициялар және даму вице-министрі Қ. Өскенбаев 2024 жылға дейінгі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары аясында 62,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияны бағыттау көзделіп отырғанын жеткізді.

«Өткен жылы "Нұрлы жер" бағдарламасының арқасында 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспана алды. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 11 млн м² артық болды. Бұл көрсеткіш тұрғын үй құрылысын іске асыру жылдары ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл мемлекеттік инвестициялар есебінен 2,1 млрд теңге көлемінде сатып алу құқығынсыз 7 мың м² (128 пәтер) жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қаржыландырылады», — деді вице-министр.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов облыста медициналық көмекті денсаулық сақтау жүйесінің 96 ауруханалық және 263 амбулаторлық-емханалық ұйымы көрсететінін айтты. ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша облыста дәрігерлер саны 7929 адамды құрады, орта медициналық қызметкерлер саны – 25 330 адам.

Кеңес барысында «Қазқалақұрылыс» жобалық институтының бас сәулетшісі Т. Ерәлиев өңірді дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу аясында айлық мерзімде сарапшылар тобы барлық байқау жұмыстарын жинап, қарауға қабылдағанын айтты.
Республикалық маңызы бар қалаға барған Бақытжан Сағынтаев Шымкент активімен және бизнес қауымдастығымен агломерацияны әлеуметтік-экономикалық және одан әрі кеңістіктік дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Елбасы Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесін беру кезінде өңірдің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстар тарту орталығы болуы үшін барлық қажетті жағдайлары мен әлеуеті бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, тек Қазақстан төңірегінде емес, барлық Орталық Азия өңіріне де қатысты.
Жаңа қала мәртебесі тұрғысынан Шымкент агломерациясын дамыту бойынша әкімдік атқарып жатқан жұмыстар пен мақсатты индикаторлар туралы Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндады.

Кеңес қорытындысын шығарған Бақытжан Сағынтаев Шымкенттің үшінші мегаполис мәртебесінде болған екі айдың ішінде уақытылы әрі ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Жаңа агломерацияны бұдан әрі де осы қарқынмен дамыта түсу керек. Аграршыларды шағын несиелендіру, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар газбен қамту және экономиканы жаңа даму жолына шығару мәселелерінің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.
Еске салайық, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге жұмыс сапарын жалғастыруда. Осыған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс сапарларымен болды.