Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

ЕАЭО екінші жыл сайынғы халықаралық форумы: үкімет басшылары деңгейінде цифрлық трансформация мәселелері қалай талқыланды

2019 жылғы 1 ақпан
Фоторепортаж

ЕАЭО екінші жыл сайынғы халықаралық форумы: үкімет басшылары деңгейінде цифрлық трансформация мәселелері қалай талқыланды

01.02.2019
Биыл 1 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0. Еуразияның инновациялық экожүйесі» халықаралық форумы өтті. Аталған шара Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 2017 жылғы қазанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында көтерген бастамасы аясында екінші жыл қатарынан өткізілді.
Талқылаулардың алдында форум қатысушыларына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде цифрландыру жөніндегі ұлттық бағдарламалардың дамуы туралы, сондай-ақ өткен жылдағы инновациялық экожүйенің даму қарқынының негізгі көрсеткіштері туралы бейнесюжет көрсетілді. Айта кету керек, форум алаңы Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асыруды көздейтін маңызды бірлескен қадам ретінде қаралады.
Видеодайджест
Пленарлық сессияға Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Ресей Премьер-Министрі Д. Медведев, Беларусь Премьер-Министрі — С. Румас, Қырғызстан Премьер-Министрі — М. Абылгазиев, Армения Республикасының вице-Премьер-Министрі М. Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты. Бұдан өзге, пікірталастарға цифрлық инновациялар саласындағы халықаралық сарапшылар: цифрлық экономиканы трансформациялау жөніндегі кеңесші, Малайзия цифрлық экономика корпорациясының бұрынғы СЕО Ясмин Махмуд, Big Innovation Centre бас директоры Биргитта Андерсен, LINAGORA негізін салушы және СЕО Александр Запольский, Tlabs CEO, Singularity University экономика және қаржы факультетінің басшысы Амин Туфани қатысты.

Премьер-Министрлер заманауи цифрлық экономиканы құру жөніндегі елдік тәжірибелерімен бөлісіп, өздерінің пікірінше Одақ алдына қойылған бірыңғай цифрлық трансформацияны іске асыру міндетін орындауда ненің маңызды рөл атқаратынын айтты.
Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ортақ мақсаттарға қол жеткізу мен цифрлық күн тәртібінде ЕАЭО қатысушы елдерді ілгерілету жолында күш-жігерді біріктірудің маңызын атап өтті. Барлық инновациялар мен технологиялардың басты мақсаты — адамдардың тұрмысын жақсарту, олардың жұмысы мен өсуіне қолайлы жағдайлар жасау. Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 60% электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады, биыл аталған көрсеткішті 80% жеткізу міндеті тұр. Бұған қоса eGov-тан mGov-қа (мобильді үкімет) көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қатысушылардың назары Қазақстан елордасында жақында ашылған Astana Hub халықаралық технопаркіне аударылды. Онда бүгінгі таңда жас новаторлар жұмыс істеп жатыр.
«Өткен жылы біз бірыңғай Astana Hub туралы айттық. Бұл бізге сын-тегеурін болды. Осы жобаның іс жүзіне асқанын қаладық. Бізге нәтиже керек болды. Жобаны іске қосқан кезде ірі технологиялық ойыншылардың қолдауынсыз бастапқыда қиын болатынын түсіндік. Сол себепті біз Nokia, IBM, Cisco, сондай-ақ еліміздің ірі компанияларына олар хабта өз бөлімшелерін ашып, істі жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге көмек көрсетуін сұрап жүгіндік», — деді Б. Сағынтаев.
Қазақстан Премьер-Министрі жобаны іске асыру аясында шетелдік стартапшыларға жұмыс визаларын, офиске жақын маңнан арендалық тұрғын үй және гранттық қаржыландыру құралдарын ұсыну туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Беларусь Республикасы өзінің ұлттық басымдығы ретінде цифрлық технологияларды дамытуды қарастырады. Бұл туралы Премьер-Министр С. Румас мәлімдеді. Оның айтуынша, АT саласындағы инновациялар мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың маңызды драйверлерінің бірі болып саналады. Дегенмен, Беларусь Премьер-Министрі атап өткендей, цифрландыруды дамытудағы ұзақ мерзімді табысқа тек ұлттық деңгейде емес, сондай-ақ мемлекетаралық деңгейде бірлескен күш-жігерсіз қол жеткізу мүмкін емес.

«ЕАЭО цифрлық экономикаларын трансформациялаудың ортақ келешегі барлық қызығушылық танытушы елдердің бір уақытта әрі өзара күш-жігер жұмсауына және олардың ынтымақтастық орнатуға әзірлігіне байланысты. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдердің тек жылдамдықтары ғана әртүрлі емес, сонымен қатар қайта түрлендіру бағыттары да әрқилы. Бізге бір бағдарда ілгерілеумен қатар, бірлесіп іс-әрекет жасау қажет. Нақты синергетикалық нәтиже алу үшін жаһандық АТ-нарықта бірге жұмыс істеп, ЕАЭО қатысушы әрбір мемлекет құрған ең үздік технологиялардың барлығын пайдалану қажет», — деді С. Румас.
Өз кезегінде, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев өз елінде жүргізіліп жатқан жұмыстың проактивті форматына көшу, халықтың цифрлық дағдыларын арттыру нәтижелерімен бөлісті. Бұл — мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне әсер етеді.
«Біз бес жылға арналған "Цифрлық Қырғызстан" тұжырымдамасын қабылдадық. Аталған тұжырымдаманың мақсаты – технологиялық стартаптарды дамыту және жаңа ақпараттық технологияларды игеру. Соның нәтижесінде Тұжырымдаманы іске асыру сапалы мемлекеттік қызметтерді ұсынуды электронды форматқа толықтай көшіруге және халықтың цифрлық дағдыларын арттыруға, сондай-ақ, экономиканы цифрлық трансформациялау арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық дамуға жол ашуы тиіс», — деді М. Абылгазиев.
Бұған қоса, Қырғызстанда Digital CASA ауқымды жобасы қолға алынуда, мемлекеттік органдарды ведомствоаралық электронды өзара іс-қимыл жүйесіне белсенді түрде қосу жұмыстары жүргізілуде, мемлекеттік органдардың бірінші кезекті электронды деректер базаларын әзірлеу жоспары іске асырылуда, жақын арада Мемлекеттік электронды қызметтердің бірыңғай порталы сәті іске қосылды, биыл барлық мектептерді интернетке қосу жұмыстарын аяқтау көзделген.
Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Д. Медведев бүгінде толассыз цифрлық технологияларды енгізуге баса көңіл бөлінгенін атап өтті. Премьердің айтуынша, дәл солар еуразиялық аумақта басты жобаларға негіз болмақ.
«Біз цифрландыруға деген сұранысты ынталандырамыз, алдағы үш жылда мемлекеттік корпорациялардың кем дегенде 30 цифрлық трансформация стратегиясы бекітілуі тиіс. Цифрлық интеграция – Еуразия бестігінің ортақ мақсаты, егер қандай да бір ел өзінің дайын емес екенін айтса, онда бұл ел басқа елдермен араласу мүмкіндігінен айырылады. Яғни, ол ел басқа елдермен бір тілде сөйлесе алмайды, сондықтан да біздің цифрлық күн тәртібі бағытындағы қозғалысымыз, бірыңғай сервистерді құру жұмыстары бәріне ортақ әрі айтарлықтай біркелкі болуы тиіс», — деді Д. Медведев.
Арменияның Вице-Премьер-Министрі М. Григорян цифрландыруды дамыту өз елінің стратегиялық міндеті екенін, бүгінде бірқатар елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты. Мәселен, білім беру жүйесін жаңа заманауи бағдарламаға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, салықтық және кедендік тіркеу жүйелері де цифрландырылған. М. Григорян мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ниет етушілерді биыл 6–9 қазан аралығында Ереванда өтетін Дүниежүзілік ақпараттық технологиялар конгресіне қатысуға шақырды. Шараға Google, Amazon, Facebook және т.б. секілді компаниялардың басшылығы қатысады деп күтілуде.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т. Саркисян өз сөзінде цифрлық трансформация ЕАЭО елдерінің экономикалық өсіміне едәуір әлеует беретінін — бұл алға қарай ілеспелі дамыған жағдайда жылына 1% дейін құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар, ЕЭК ақпаратына сәйкес, Одаққа мүше мемлекеттер әртүрлі бағытта әрекет етпеуі тиіс, өйткені бұл ортақ нарықтарға, бизнесті дамытуға кедергі келтіріп, кәсіпкерлер технологиялық сипаттағы шектеулерге тап болуы мүмкін.
«Бізге заңнаманы үйлестіріп, жалпыға ортақ цифрлық стандарттар құрып, өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажет», — деді Т. Саркисян. Дәл осы мақсатта цифрлық форум секілді алаң құрылған, шара екінші жыл қатарынан ЕАЭО мүше мемлекеттерде цифрлық даму мәселесін талқылап, жұмысты үйлестіруге мүмкіндік беруде.
Өз кезегінде, Форумға қатысуға келген әлемдік деңгейдегі сарапшылар Одақтың цифрлық даму траекториясына қатысты көзқарастарымен бөлісіп, әлемдік тәжірибені мысалға келтіре отырып, инновациялық экожүйені дамытудың маңызы туралы айтып берді.
Цифрлық экономиканы трансформациялау жөніндегі кеңесші, Малайзия цифрлық экономика корпорациясының бұрынғы СЕО Ясмин Махмуд цифрлық технологиялар Малайзия экономикасының жалпы үлесінде 18% астам құрайтынын атап өтті. Елде цифрландыруды кеңінен дамыту мақсатында ғылым мен инновациялардың дамуына үлес қоса алатын стартап жобаларға баса назар аударылады. Сарапшының пікірінше, жастар арасынан әлемнің жетекші ғалымдары шығуы әбден мүмкін, бұған қажетті барлық материалдық база бар. Я. Махмуд соңғы бес жылда көптеген Азия елдері цифрландыруды дамыту саласында едәуір алға жылжығанын, бұл әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік инвестициялар тартуға жол ашатынын айтты.
Big Innovation Centre бас директоры Биргитта Андерсен келешек технологиялары туралы сөз қозғап, оларды енгізу кезінде ескерілуі тиісті негізгі заңнамалық әрі реттеу шараларын атап өтті. Сондай-ақ, сарапшы адамзат өмірін өзгертуі мүмкін блокчейн және big data секілді заманауи технологияларға қатысты сөз сөйледі.

LINAGORA негізін салушы және СЕО Александр Запольский еуразиялық кеңістік елдеріне тең дәрежеде жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін деректерді табыстаудың ортақ орталығы қажет деп есептейді. Оның пікірінше, аталған бағытты қаржыландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Сарапшы Одақта елдер инновациялық экожүйені дамытуда айтарлықтай табысқа жете алатынына сенімді. Мемлекеттің ел ішінде бизнесті дамытуға әрі ілгерілетуге ықпал етуі жасанды зерде мысалында перспективалық жобаларды құруға жақсы белгі болмақ.
T labs CEO, Singularity University экономика және қаржы факультетінің басшысы Амин Туфани XIX ғасыр тұрғындары қарқынды өзгерістер мен жылдам өзгеруші технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатқанына сенім білдіреді. Өткен онжылдықта мүлдем басқа шынайылықтар болғанын, бүгінде мемлекеттердің экономика салаларының басым бөлігін қарқынды түрде автоматтандыру үдерісі алдағы онжылдықта халық мүлдем басқа жетілдірілген инновацияларға кезігетінін болжайтынын айтты. Елдер уақыттан қалмай дамуы үшін бір-бірінен үйреніп, бір-бірінің тәжірибесін белсенді түрде өздеріне үлгі ретінде алып, ашық ынтымақтастыққа дайын болуы тиіс.

Пленарлық сессия қорытындысы бойынша Astana Hub (Қазақстан), «Сколково» (Ресей), «Кәсіпорындар инкубаторы» (Армения), «Жоғары технологиялар паркі» (Қырғызстан) технопарктері арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Сарапшылық талқылау «ЕАЭО цифрлық күн тәртібі», «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландыру (БҰҰ)», «Инновациялық экожүйедегі цифрландыру», «Индустрия 4.0 – инновациялық экожүйе тұтынушысы», «Шағын және орта бизнесті цифрландыру» тақырыптық сессияларымен жалғасты.