Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Еуразиялық бестік: Алматыда үкіметтік келіссөздер
қалай өтті

2019 жылғы 1 ақпан
Фоторепортаж

Еуразиялық бестік: Алматыда үкіметтік келіссөздер қалай өтті

01.02.2019
Биыл 1 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, соның ішінде цифрландыру саласындағы қарым-қатынасқа қатысты көптеген мәселелерді талқылады. Күн тәртібінде жалпы 16 мәселе қаралды. Қазақстан делегациясын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев басқарды.
Видеодайджест
Сонымен қатар, отырысқа Ресей Премьер-Министрі Д. Медведев, Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Арменияның вице-Премьер-Министрі М. Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты.

Үкіметаралық кеңес отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өткізілді. Шағын құрамдағы отырыстың алдында қатысушылар бірге суретке түсті.
Шағын құрамда экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмастырылды. Атап айтқанда, елдердің сауда-саттық, энегетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, салық және кеден саясаты салаларындағы өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған бастамалар қаралды. Бұдан өзге, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі аясында жобаларды іске асыру тетіктеріне көңіл бөлінді.
Кеңейтілген құрамда өткен отырыста Одаққа мүше елдердің макроэкономикалық жағдайының көрсеткіштері қаралды. Жиында көтерілген мәселелер мемлекетаралық кедергілерді одан әрі жеңілдету арқылы тауар айналымын кеңейтуге қатысты болды.
Үкіметаралық кеңес мүшелері 2018 жылы сауда-саттықтың даму қорытындыларын шығарып, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тұрақты экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын тыңдады.
Кеңес отырысын ашқан ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев биыл Одақ туралы келісімшартқа қол қойылған уақыттан бері 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толатынын атап өтті. Елдердің сыртқы және өзара сауда-саттық жағдайларын өзара тиімділік пен құрмет қағидаларына сәйкес бір қалыпқа келтіруге деген ұмтылысы экономика үшін күрделі болған жылдарды еңсеріп, өсімге қол жеткізуге жол ашты.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша ортақ күш-жігермен активтердің қомақты "қоржыны" жинақталды, оны алдағы уақытта да дамытамыз. ЕАЭО Цифрлық күн тәртібін іске асыру белсенді түрде пысықталды. Цифрлық бастамаларды басқару офисіне ондаған перспективалы ұсыныстар келіп түсті, олардың бірқатары бүгінде қаралып жатыр. Тұрақты негізде кедергілердің келісілген тізімі өзектендіріліп жатыр, өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 кедергі жойылды», — деді Б. Сағынтаев.
Өз кезегінде РФ Премьер-Министрі Дмитрий Медведев Ресей төрағалық еткен жылдағы көпжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын оң бағалады.
«2018 жылдың 10 айында ішкі одақтық тауар айналымы шамамен 12%-ға өсті, бұған негізінен тауарлар жиынының ұлғаюы есебінен қол жеткізілді. Еуразиялық Одақта жасалған тауарлар тұтыну нарығында көп болуы үшін, ал адамдардың таңдауы жақсы болуы үшін бізге өзара сауда-саттықты одан әрі арттыра түсу керек. Бұл – біз қол жеткізуге тиісті басты міндет», — деді Д. Медведев.
Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас өз сөзінде Одаққа мүше мемлекеттердің цифрландыру тұрғысынан бірлесіп атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.
«Одаққа мүше мемлекеттер жақын арада АТ саласында алғашқы бірлескен жобаларды іске асыруға кірісетініне сенім білдіремін. Жобаларды іріктеу мен даярлаудың тетіктері тексеріліп, оларды іске асырудан түсетін әлеуметтік-экономикалық пайда есептері бекітіліп, қаржыландыру көздері анықталады, сондай-ақ барлық қатысушылардың – ұлттық үкіметтердің, ЕАЭО органдарының, компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігі бөлінеді», — деді С. Румас.
Сонымен қатар, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев өз елі Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі аясында бар күш-жігерді жұмылдырып, белсенді жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
«Біз ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдарын атап көрсеттік. Дәстүрлі түрде ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту жөніндегі пікірді ұстанатынымыз қуантады. Неғұрлым жақсы нәтиже көрсету үшін барлық мүмкіндіктерімізді пайдалану керек деп есептеймін», — деді М. Абылгазиев.
Бұдан өзге, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.

Кеңейтілген құрамдағы талқылаудың соңында үкіметтер басшылары ЕАЭО мүше елдерді одан әрі интеграциялауға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.
ЕЭК Төрағасы Т. Саркисян келіссөздердің негізгі нәтижелерін баспасөз конференциясы барысында мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде Еуроодақтың ЕО бүкіл аумағында қызмет көрсететін еуропалық кәсіпорындарды құрудағы тәжірибесі белсенді түрде зерделенуде.
«Бұл біз үшін өте маңызды, себебі еуразиялық брендтің құндылығы және бірлескен жобаларды іске асыру өте өзекті міндет – ЕАЭО ішінде интеграциялық үдерістерді ынталандыратын құқықтық алаң құруға мүдделіміз», — деді Т. Саркисян.
ЕАЭО аясында бірлескен кәсіпорындарды құруға мүмкіндік беретін 12 технологиялық платформа құрылған.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы биылғы сәуір айының соңында – мамыр айының басында Ереванда (Армения) өтеді.

ЕҮАК жұмысы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев арасында екіжақты кездесу өтті. Екі тарап ХV Аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында екі Мемлекеттің Басшылары қол қойған ҚР мен РФ-тің 2019–2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарының іске асырылу барысын қарады.