Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Б. Сағынтаевтың Атырау облысына жұмыс сапары: Президент Жолдауы орындалуда және «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру жоспарлары

13 сәуір 2018 жыл
Жұма күні, 13 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырау облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапардың мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу.
Видео
Өңірдегі жұмыс Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын аралаудан басталды. Қазіргі таңда АЭА аумағында 15 қатысушы тіркелген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 339 млрд теңгені, оның ішінде жеке инвестициялар — 269,8 млрд теңгені құрады. 1300 астам жұмыс орны ашылған.
Алғашқы нысан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған Polymer Production зауыты болды.

Мұнда жыл сайын шамамен 11 мың тонна полипропилен жабыны және 34 млн-ға дейін қап шығарылады, олар жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады. Зауыт өнімдері Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады, сондай-ақ Қазақстан аумағында импортты алмастыруға ықпал етеді.
Екінші нысан — «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан газ турбиналы электр стансасы болды.
Жоба АЭА аумағындағы ірі инвестициялық жобаларды электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мерзімі — 2014–2019 жылдар. Зауыт қуаттылығы — 310 МВт.
Бақытжан Сағынтаев Махамбет ауданындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір — жаңа көлік дәлізінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Көпір «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігіне айналады: ол Ақтөбеден Астраханға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.
Бақытжан Сағынтаев «Сарайшық» ауыл шаруашылығы кәсіпорнын тексеру арқылы Атырау облысының агроөнеркәсіп кешенінің даму жағдайымен танысты.
Бұл — ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеуге мамандандырылған алғашқы қазақстандық жоба. Кәсіпорын Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен құрылған.
Премьер-Министрдің тексерген келесі нысаны Д. Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің бас ғимараты болды. Мұнда Б. Сағынтаевқа 100 орынға арналып салынып жатқан студенттер жатақханасы таныстырылды, ол биыл шілде айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Премьер-Министрге Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында облыста колледждерге 960 орынға арналған 8 жатақхана салу бойынша жобалар жобалау сатысында тұрғаны мәлімделді.
Бақытжан Сағынтаевтың Атырау облысының студенттерімен кездесуі барысында өңірде Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында әлеуметтік және жастар саясатының өзекті мәселелері, атап айтқанда болашақ мамандықтарға мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыру жаңалықтарын ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету, студенттерді оқу маусымында жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев білім алудың қолжетімділігін арттыру және жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту және техникалық мамандықтарға мамандарды даярлау туралы айтып берді. Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев Мемлекет басшысының бес бастамасын орындау мақсатында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кездесуде Аграрлық университет студенті Б. Жұмабай, Атырау мұнай және газ университетінің үшінші курс студенті С. Базарбек, Атырау политехникалық колледжінің студенті Б. Серікқалиев жаңа технологиялық өндіріс орындарында жұмыс істеуге әзірлік туралы айтып, «Серпін» жобасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, жаңа экономикаға арналған мамандарды дайындау бойынша Worldskills International қозғалысы мәселелерін қозғады. Колледжде әлеуметтік бастамаларды іске асыру туралы Атырау политехникалық колледжінің директоры Б. Шеркешбаева баяндады.

Бақытжан Сағынтаев мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша жауапты министрліктер мен өңір әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.
Премьер-Министрге «Ембімұнайгаз» АҚ тексеру барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалуы туралы баяндалды, онда өндірістік процестерді визуализациялау орталығы жұмыс істейді және «Цифрлық кен орны» жобасы іске асырылуда.

«Зияткерлік кен орны» жобасы немесе «Цифрлық кен орны» — мұнай-газ саласының маңызды бағыттарының бірі және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне қосылған. Бұл мұнай-газ саласын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ол жекелеген жүйелерді бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйеге біріктіру арқылы максималды тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бақытжан Сағынтаевтың Атырау облысына жұмыс сапарының маңызды шараларының бірі өңірдің активімен және бизнес қауымдастығымен кездесуі болды. Онда өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру барысы мен облыстың экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі қаралды.
Облыс әкімі Н. Ноғаев өз есебінде жобалық басқару аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы баяндады.

Сондай-ақ, отын-энергетика және агроөнеркәсіп кешендерін дамытудың, білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғыртудың, технологиялық жаңғырту мен «Индустрия 4.0» шараларын жүргізудің, инвестициялар тарту мен өндірістік жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары қаралды.
Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев баяндама жасады. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов бизнесті дамытудың өзекті мәселелері туралы айтып берді.

Бейне-конференц байланыс жүйесі арқылы талқыланған мәселелерге Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева, ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Д. Тұяқов, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов пікір білдірді. Спикерлер өз сөздерінде өңірдің экономикалық өсімінің қорын, әкімдік пен Үкіметтің бірлесіп атқаратын жұмысының басым бағыттары мен міндеттерін белгіледі.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев инвестицияларды тарту, сервистік экономиканы, экономиканың жаңа салаларын дамыту жұмыстарын жүргізудің, сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктердің жаңа технологиялық революцияға дайын болуының маңыздылығын атап өтті.
Премьер-Министр облыстың денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырмады. Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары аясында Атырау қалалық емханасында болды, онда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен — жаңа электронды кезек жүйесімен танысып, облыстың медицина саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Өңірдегі ахуал туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Аймурзиева баяндады. Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері С. Шомыров электронды денсаулық паспортын енгізу туралы айтып берді. Денсаулық сақтау орталығын реконструкциялау, облыстағы жүрек-қан тамырлары ауруларының жағдайы және дәрігерлердің операциялардың жаңа түрлерін игеруі туралы кардиологиялық орталықтың бас дәрігері М. Қонысов мәлімдеді. Сондай-ақ, «Медикер» медициналық орталығының бас дәрігері А. Ғабдуллин, облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері Г. Таңбаева, облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ж. Сағиев сөз сөйледі. Облыс әкімі Н. Ноғаев талқыланған мәселелер бойынша пікір білдірді.
Өрбіген диалогты қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге мұқият дайындық мәселесі, ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қағазсыз нұсқаға көшу кезінде деректердің сақталуын қадағалау, компьютерлермен жабдықтау, медициналық ақпараттық жүйелермен қамту, қалалар мен аудандардың интернетке жүз пайыз қосылуы мәселелерін басты назарға алу керектігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министр өңірдің денсаулық сақтау саласының мәселелерін шешу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Премьер-Министрдің Атырау облысына жұмыс сапары кестесіндегі соңғы нысан Атырау мұнай өңдеу зауыты болды.
Мұнда Бақытжан Сағынтаевқа АМӨЗ жаңғырту жұмыстарын аяқтау барысы туралы баяндалды. Биыл 29 наурызда іске қосу операцияларын жүргізу аясында каталитикалық крекинг, газ тазарту және күкірт өндіру технологиялық қондырғылары іске қосылды, жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайтылды. Келесі технологиялық қондырғыларда іске қосу жұмыстары жалғасуда. АМӨЗ жаңғырту жұмыстары 2018 жылғы мамыр айында аяқталады.
Осымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Атырау облысына жұмыс сапары аяқталды.