Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Үкіметтер басшыларының отырысы: ТМД аясында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қатысты 15 шешім қабылданды

Астана, 2018 жылғы 2 қараша
Фоторепортаж

Үкіметтер басшыларының отырысы: ТМД аясында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қатысты 15 шешім қабылданды

Астана, 02.11.2018
2 қарашада, Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. ҮБК жұмысы аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада делегациялардың басшыларын қабылдады. Кеңес отырысы қатысушы елдердің экономикалық өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін тыңғылықты қарастыруға, сондай-ақ, көпжақты ынтымақтастық салаларын бірлесіп реттеу құралдарын жетілдіруге арналды.
Видеодайджест
Дәстүрлі түрде келіссөздер шағын және кеңейтілген форматтарда өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Д. Медведев, Әзербайжан Премьер-Министрі Н. Мамедов, Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов, Арменияның Бірінші Вице-Премьері А. Мирзоян, Түрікменстан министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Г. Мурадов, Беларусьтегі Молдова елшісі, ТМД жанындағы Тұрақты уәкілетті өкіл В. Сорочан, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С. Лебедев қатысты.

Шағын құрамдағы отырыста делегациялардың басшылары экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С. Лебедевтің айтуынша, делегациялар басшыларының сөздерінде аталып өткен барлық бастамалар мен ұсыныстар олардың тәжірибе жүзінде Достастықтың жарғылық және салалық органдарының деңгейінде іске асырылуы бойынша тиісті құжаттарды әзірлеу мақсатында мұқият талданады.
Кеңейтілген құрамда энергетика, ауыл шаруашылығы, ғарыш саласы, қаржы, байланыс және инновация т.б. салалардағы келісімдер қаралды. Үкіметтердің басшылары елдердің дамуы әлеуметтік-экономикалық дамудың, тұрақтылық пен қауіпсіздік жағдайының сипаты мен үрдістеріне қандай да бір деңгейде ықпал ететін, қазіргі заманғы әлемде болып жатқан көптеген факторлармен түйіндес екенін атап өтті. Бұл тұрғыдан Достастық аясында ынтымақтастықты нығайту кейбір жаһандық процестердің теріс әсерін төмендетуге септігін тигізері анық.

Қабылдаушы тарап ретінде Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Кеңес қатысушыларын Қазақстан жерінде қарсы алып, отырыстың нәтижелі болып, Достастық аясында елдердің ынтымақтастығы одан әрі кеңейтілетініне сенім білдірді.
«Біз Достастықты посткеңестік кеңістік елдерін біріктіретін бірегей алаң ретінде қарастырамыз, оның арқасында біздің өзара іс-қимылымыздың барлық салаларында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу мүмкіндігі берілген», — деді Б. Сағынтаев.
Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода Достастықтағы төрағалық етуші ел ретінде Қазақстан Үкіметіне жылы қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін және кездесуге қолайлы жағдайлар жасағаны үшін ризашылығын білдірді.
«Тәжікстан Республикасы үшін ТМД алаңы Достастыққа мүше мемлекеттер арасындағы көпжақты және екіжақты негізде тығыз байланыстарды сақтау және тұрақты өсімді қамтамасыз ету мақсатында саяси, экономикалық және гуманитарлық мәселелер бойынша ашық диалог орнатудың маңызды алаңы болып саналады», — деді К. Расулзода.
Қатысушылар атқарылған жұмыс қорытындысын шығарды. Мәселен, Тәжікстанның ТМД-ға төрағалық етуі кезеңінде 100-ден астам іс-шара өткізілген, оның ішінде салалық кеңестердің 40-қа жуық отырысы өтті, онда ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін құжаттардың жобалары және мәселелері қаралды. Экономикалық ынтымақтастықтың негізгі сегментін дамытуға баса көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД Экономикалық даму стратегиясының үшінші кезеңін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында және еркін сауда аймағы туралы келісімшарттың ережелерінде анықталған шараларды жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылды.

Өз кезегінде ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С. Лебедев шағын құрамда қабылданған шешімге сәйкес, төрағалық түрікмен тарапына өтетінін жеткізді. Сонымен қатар, Түрікменстан ұсынысы бойынша ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылғы мамыр айының соңында Ашхабадта өтетін болды.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібіндегі 13 мәселенің ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директорының орынбасары Н. Спасский «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық апат оқиғасына немесе радиациялық апаттық жағдайдың туындауына дайын болу және олардың салдарын жою кезінде өзара көмек көрсетуді қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім» жобасы туралы баяндады.

Келісімде қатысушы елдердің біріне ядролық немесе радиациялық апаттық жағдай кезінде көмек керек болған жағдайдағы іс-қимылдардың алгоритмі толықтай жазылатыны аталып өтті.
«Біріншіден, атом энергиясын пайдалану ауқымы мен ынтымақтастық жағдайында – бұл салада осындай жүйе өте қажет. Екіншіден, бұндай жүйенің болуы ядролық апат болған жағдайда шұғыл хабарлау және көмек көрсету туралы халықаралық конвенциялардан туындайды», — деді Н. Спасский.
Бұдан өзге, Н. Спасский «Уран шығаратын өндірістер әсер еткен мемлекеттердің аумақтарын қалпына келтіру» мемлекетаралық мақсатты бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы баяндады.

Баяндамашының айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаттары — уран шығаратын және өңдейтін өндірістер әсер еткен бағдарламаға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында радиоэкологиялық салдарлармен төтенше жағдайлардың туындау қауіптерін төмендету, үлкен аумақтарды оңалту технологияларын пысықтау, сондай-ақ аталған өңірлердегі халықтың қауіпсіз өмір сүру жағдайлары мен әлеуметтік оңалуын қамтамасыз ету. Н. Спасскийдің сөзіне келсек, бағдарлама Қырғызстанда бес радиациялық-ластанған нысан мен Тәжікстанда бір нысан аумағын оңалту жұмыстарының орындалуын қарастырады.

«МЭИ» ұлттық зерттеу университетінің бірінші проректоры В. Замолодчиков, өз кезегінде, жоғары технологиялы энергетикалық жабдық өндіруді дамыту және оны іске асырудың негізгі шараларының жоспары бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы баяндама жасады. Құжаттар Достастық елдерінің энергетика саласындағы қауымдасуын дамытуға бағытталған. Мәселен, Тұжырымдама жобасы өзіндік өндірістегі энергетикалық жабдық үлесін ұлғайту тәсілдерін анықтап, орта мерзімді келешекте ТМД елдерінің энергетика саласындағы жабдықтарын өндіру мен пайдалануды дамытудың қолайлы шарттары мен тетіктерін жасауға бағытталған.
Бұдан өзге, отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басым іс-шараларының 2019–2020 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Ол алдағы екі жылда ТМД елдерінің гуманитарлық салада көпжақты өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға ықпал етуге бағытталған. Жоспар аясында 140-дан астам іс-шара өткізу көзделген.

Жалпы алғанда, Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ТМД Үкіметтерінің басшылары энергетикалық секторды дамыту, гуманитарлық өзара іс-қимыл, қорғаныс және қауіпсіздік және т.б. мәселелерді қоса алғанда, көпжақты ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарын одан әрі реттеу туралы 15 құжатқа қол қойды.
Кездесу дәстүрлі түрде суретке түсумен аяқталды. Одан кейін Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода мен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С. Лебедев келіссөздер нәтижелері бойынша БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады. Олар алдымен Қазақстан Республикасына ТМД Үкіметтері басшыларының кезекті отырысын өткізуге берген мүмкіндігіне, қатысушыларға көрсетілген қонақжайлылыққа ризашылықтарын білдірді.

Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода отырыс қорытындысын шығара отырып, ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің осы отырысы дәстүрлі өзара түсіністік, сенім және сындарлы диалог түрінде өткенін атап өтті. Отырыс барысында қатысушы мемлекеттердің көпжақты өзара іс-қимылының түрлі салалары бойынша кең ауқымды мәселелері қаралды.
«Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша ТМД аясындағы мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге бағытталған 15 шешім қабылданды. Шағын құрамда пікір алмасу барысында біз ұйым аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне қатысты тақырыпқа баса назар аудардық», — деді К. Расулзода.
С. Лебедев Үкіметтер басшылары кеңесінің осы отырысы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын сақтау қажеттігіне және Достастық елдері халқының мүдделеріне орай оны жан-жақты дамытуға қатысты көзқарастар мен позициялардың бірлігін кезекті рет дәлелдегенін айтты.
«Бүгін күн тәртібінде ТМД-да, ең алдымен елдеріміздің экономикасына қатысты өте өзекті мәселелер қаралды. Бұл – ядролық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану, сондай-ақ, гуманитарлық салада ТМД қызметінің бірқатар қаржылық мәселелерін реттейтін құжаттарға қол қойылды», — деді ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ, С. Лебедев Қазақстанның ТМД-дағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі туралы сөз қозғады.
«Бір апта бұрын Алматыда ТМД елдерінің қауіпсіздік органдарының отырысы өтті. Енді бүгін ТМД Үкіметтері басшыларының отырысы Астанада өтіп жатыр. Қазақстан биыл төрағалық етпесе де, бізге осы алаңды берді, осыған дейін айтылғандай, бұл алаң құжаттарға қол қою тұрғысынан өте нәтижелі болды. Бір аптадан кейін, 8 қарашада, Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтеді. 9 қарашада – Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы аймақтарының форумы ұйымдастырылады. Аталған факторлардың барлығы Қазақстанның ТМД-ны сақтап, одан әрі нығайтудың жақтаушысы екенін дәлелдейді», — деді ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы.
ТМД Үкіметтері басшыларының кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар:
— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық апат оқиғасына немесе радиациялық апаттық жағдайдың туындауына дайын болу және олардың салдарын жою кезінде өзара көмек көрсетуді қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында орман ауруының ошақтары мен зиянкестерінің алдын алу және жою бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласында бірлескен қызметті жүзеге асыруы туралы келісім;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электронды және электр техникалық жабдықтар қалдықтарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы 01.06.2018 жылғы келісімін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

— 17.01.1997 жылғы Ұялы жылжымалы байланыс жүйелерін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

— Салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында электронды ақпарат алмасу туралы хаттама;

— «Уран шығаратын өндірістер әсер еткен мемлекеттердің аумақтарын қалпына келтіру» мемлекетаралық мақсатты бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы шешім;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары технологиялы энергетикалық жабдық өндіруді дамыту және оны іске асырудың негізгі шараларының жоспары бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасы;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Инновациялық ынтымақтастығының мемлекетарлық бағдарламасы аясында мемлекетаралық инновациялық жобаларды және іс-шараларды іске асыру нәтижесінде құрылған зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды бөлу тәртібі;

— 2020 жылға дейінгі кезеңде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде соғыс ардагерлерінің – жергілікті шиеленістер қатысушыларының және олардың отбасы мүшелерінің өмір сапасын жақсарту және медициналық-әлеуметтік көмекті одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың іс-шаралар жоспарын 2019 жылы қаржыландыру туралы шешім;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басым іс-шараларының 2019–2020 жылдарға арналған жоспары;

— 17.01.1997 жылғы Ұялы жылжымалы байланыс жүйелерін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттама туралы келісім.
Айта кету керек, ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Ресей Үкіметінің басшысы Д. Медведевпен екіжақты кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, интеграциялық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету мен арттыру бойынша екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардың ауқымды мәселелері талқыланды.
Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Новруз Исмаил оглу Мамедовпен кездесу барысында ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және логистика, азық-түлік және металлургия өнеркәсібі, фармацевтика саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, сондай-ақ индустрияландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласын қоса алғанда, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Армения Республикасының Бірінші Вице-Премьері Арарат Мирзоянмен кездесуде химия өнеркәсібі, азаматтық авиация, машина жасау және АT-саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.