Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Технологиялық жаңғыру және әлеуметтік бастамалар: Б. Сағынтаев Ақтөбе облысында Президент тапсырмаларын орындау барысымен танысты

2018 жылғы 12-13 шілде
12–13 шілдеде Елбасы тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып қайтты. Мақсаты — «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастаманың», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.
Ақтөбе облысына келген бойда Премьер-Министр Мұғалжар ауданының Жаңажол вахталық кентіне барды. Мұнда Премьер-Министр Ақтөбе облысы экономикасының маңызды нысандарының бірі және өңірлік Индустрияландыру картасына кіретін Жаңажол газ өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Жоба «Жаңажол» кен орнында іске асырылған және мұнай дайындауға, ілеспе мұнай газын күкіртті сутегінен және меркаптандардан тазартуға, ал алынған күкіртті сутегінен күкірт шығаруға, сондай-ақ сұйытылған газ алуға мамандандырылған.
Зауытта Бақытжан Сағынтаевқа газды құрғату және ферротазарту қондырғылары көрсетілді. Кешеннің басшысы Б. Тасмағамбетов зауыттың толықтай автоматтандырылғанын ескере отырып, табиғи ілеспе газды өндіру және өңдеу тәсілдері туралы айтып берді. Сондай-ақ, ГӨЗ қондырғыларын басқару орталығының жұмысы көрсетілді, онда кәсіпорынның барлық өндірістік қызметі анық ұсынылған.
Сонымен қатар мұнда Премьер-Министрге Алтынды ауылындағы «Altyn Eх» тау-кен байыту комбинатының және Жаңа таң ауылындағы «Газ процессинг компани» газ өңдеу зауыты құрылысының макеттік нұсқалары таныстырылды.
Ақтөбе қаласында Б. Сағынтаев «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабына барды. Екі жаңа шағын ауданда Премьер-Министр 3 және 4 қабатты үйлердің, сауда орталығының және бокс орталығының құрылысын тексерді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Премьер-Министрге «Нұрлы жер» және «7–20–25» бағдарламалары бойынша тұрғын үй құрылысын дамыту жөнінде баяндады.
Премьер-Министр аралаған келесі нысан ТКШ энергия тиімділігі орталығы болды, бұл да «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатыр.
Құрылысы аяқталып қалған Орталық ғимаратын аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа қаланың орталық диспетчерлік қызметінің, ІІД шұғыл басқару орталығының, смарт-ТКШ, геопортал мен халық канцеляриясының жұмыс жүйелері таныстырылды. Аталған қызметтердің барлығы Smart City жобасының құрауыштары болып табылады және Энергия тиімділігі орталығында орналастырылатын болады.
Энергия тиімділігі орталығы тұрғындарға көрсетілетін барлық коммуналдық қызметтерді үнемдеуді қамтамасыз ету үшін іске қосылады. Алғашқы болып сынақ мерзіміне Орталыққа «Қарғалы» тұрғын үй алабының №4 үйі қосылды. Біртіндеп Орталықпен басқа да шағын аудандар байланыстырылатын болады.
Нысанды аралап көрген соң Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Премьер-Министрге Smart City жобасын ілгерілету туралы айтып берді, жобаны 2020 ж. дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қауіпсіз қала, «ақылды» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, білім, медицина, интеллектуалды көлік жүйесі және электронды әкімдік бағыттары бойынша іске асыру көзделіп отыр.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Қазақстанның мұнай жабдықтары зауытына» барды. Бұл өндірісті Президент «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірі барысында іске қосты. Зауытты аралғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі облыс әкімінің орынбасары Қ. Бекеновтың «Ақтөбе» ИА аумағында іске асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарын цифрландыру және жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі баяндамасын тыңдады.
Премьер-Министрдің жұмыс сапарының кестесіндегі келесі нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидалары бойынша іске асырылған өңірдің әлеуметтік нысандары болды.

«Daru Zharygy» орталығында Премьер-Министр диагностикалық бөлімше мен операциялық блокты аралады. Медициналық мекеме әлемдік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін АҚШ, Швейцария, Германия, Жапония елдерінің жоғары технологиялық жабдықтарымен және инновациялық технологияларымен жарақталған.
Премьер-Министр «Алғашқы көмек» ЖШС жедел және шұғыл медициналық көмек қалалық станциясын аралау кезінде жедел жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшелерін көріп, диспетчер бөлімінің, колл-орталықтың, жедел жәрдем бригадасының жұмысымен танысып, мекеменің қызметкерлерімен кездесті.

Станция 2017 жылы қыркүйекте пайдалануға берілген. Жоба түрік инвесторлармен бірлесіп МЖӘ аясында іске асырылған, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Жекпе-жек сарайына» барды, онда әмбебап спорт және шағын залдарды аралады. Сарай республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды өткізуге арналған.
Премьер-Министрдің Ақтөбе облысына жұмыс сапарының қорытынды шарасы Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару мәселелері бойынша өңір активімен және бизнес өкілдерімен өткен кездесуі болды.

Кездесу барысында өңір экономикасын жаңғырту мәселелері қаралды, сондай-ақ облыс активінің жаңа жаһандық шынайылық жағдайында экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайларды жасау жұмыстары талқыланды. Атап айтқанда, инвестициялар тарту, экономиканың негізгі салаларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңғыртуу және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, кадрларды даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ экономиканы одан әрі әртараптандыру тәрізді салалар қаралды.
Кеңесті аша отырып Бақытжан Сағынтаев әлемнің дамыған озық отыз елінің қатарына қосылу үшін Қазақстан жыл сайынғы экономикалық өсімді 5-6% деңгейінде қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев І жарты жылдықтағы мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша жүргізілген жұмыстар мен жыл соңына дейінгі жоспарлар туралы баяндады. Өңірде жобалық басқару аясында 12 бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде: базалық индустрияландыру, отын-энергетикалық кешен, инвестициялар тарту, өнімді жұмыспен қамту, сондай-ақ АӨК-ті, жаппай кәсіпкерлікті, АКТ, көлік және логистиканы, туризмді дамыту және сауда, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғырту.
Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың экономикалық мүмкіндіктері, сауда саласын жаңғырту туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов айтып берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек ресурстарын көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ШОБ секторында халықтың жұмыспен қамтылу әлеуеті туралы мәлімдеді.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек көлік және логистиканы дамыту, инвестициялар тарту туралы айтып берді. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов өз кезегінде өңірде жеке медицина секторы белсенді дамып жатқанын айтты. Энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев өңірдің мұнай өнеркәсібі кешенін дамыту жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады.
Кеңесте бейнеконференция байланысы арқылы бірқатар министрліктің өкілдері: ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Д. Щеглова, білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова сөз сөйледі.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының төрағасы» А. Прейманис сөз сөйледі.

Облыстағы жобалық басқарудың атқарған жұмысының қазіргі жай-күйін қарастыру барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев өңірде үш ай ішінде үлкен өзгерістер орын алғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласында зор әлеует бар.

Талқылау форматында өңірлік бизнес қауымы атынан АӨК дамыту мәселелері бойынша «Актеп» ЖШС директоры Н. Сагналин сөз сөйледі.
Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев өңірдің де, жалпы еліміздің де экономикасын әртараптандырудың және жаңа экономика үшін жаңа кадрлар даярлаудың маңыздылығын баса айтты. Қазақстанда адам капиталының сапасын арттырудың білім беру жүйесін жаңғырту мен одан кейін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге арналған арнайы курстардан бастап, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халықтың баспана жағдайларын жақсартуға дейін бүкіл тізбегін дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынған.

Еске салайық, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге жұмыс сапарын жалғастыруда. Осыған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмыс сапарларымен болды.