Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Б. Сағынтаевтың Алматыға жұмыс сапары: оңтүстік астанадағы туристік әлеуеттің дамуы мен Индустрия 4.0-ге мамандарды дайындау

2018 жылғы 21 желтоқсан
Фоторепортаж

Б. Сағынтаевтың Алматыға жұмыс сапары: оңтүстік астанадағы туристік әлеуеттің дамуы мен Индустрия 4.0-ге мамандарды дайындау

21.12.2018
Жұма күні, 21 желтоқсанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматыға барды.

Мақсат — Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастаманың», сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу.
Премьер-Министр мегаполиске келген бойда жас ғалымдармен Қазақстандағы ғылымның даму болашағы туралы пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар ғылымды басқару жүйесін және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру, ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Бақытжан Сағынтаев жастарды кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналып жатқанын атап өтті. Ғылымды дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалып жатыр, субсидиялар, жеңілдіктер беріліп, түрлі қолдау шаралары қабылдануда. Жастар өз кезегінде нақты бастамалар білдіріп, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға қатысты өз білгендерін ұсынуы тиіс.
Сонымен қатар, кездесу аясында жас ғалымдар да сөз сөйледі, олар өзекті мәселелерді қозғап, саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Almaty Management University Ғылыми зерттеулер орталығының директоры Данияр Сапарғалиев, Ұлттық энергетика және машина жасау жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы М. Здоровец, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физикалық-химиялық зерттеулер және талдау орталығының басшысы Б. Кеңесов, Ұлттық биотехнология орталығының зертханасының меңгерушісі М. Жабағин, Археология институты филиалының директорының орынбасары, Т. Мамыров, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының зертхана меңгерушісі Р. Мұсабаев, сондай-ақ, Жас ғалымдар альянсының вице-төрағасы Б. Әбдікенов сөз сөйледі.

Сонымен қатар, ғылыми жұмысты жүргізудің дұрыс оқытылу жүйесін жетілдіру және жоғары оқу орнындағы ғылымды дамыту мәселелерін ҚазҰУ оқытушысы Е. Досжанов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, Н. Балтабаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дипломнан кейінгі білім орталығының оқытушысы Е. Ишкинин мен Тарих және этнология институтының ғылыми хатшысы М. Қозыбаева қозғады.
Алматыда сондай-ақ, ТжКББ оқу орындарының басшыларымен кездесу өтті. Мақсаты — біліктіліктер орталығы арқылы кадрлар даярлаудың жаңа моделін енгізумен техникалық және кәсіптік білім сапасын арттыру мәселелерін талқылау.

Премьер-Министр білім саласы дағдыларды үнемі жетілдіріп отырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие түбегейлі жаңа мамандықты меңгеруді талап ететін үздіксіз процеске айналып жатқанын атап өтті.
Білім жүйесінің басшылары мен кадрларды даярлаумен айналысатын кәсіпорындардың басшылары өз кезегінде ТжКББ өзгертудегі тұжырымдамалық тәсілдер туралы айтты.

«Кәсіпқор» холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Е. Күзенбаев, Алматы қалалық құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің директоры Қ. Жамангөзов, Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Қ. Әбелдинов, Алматы туризм және қонақжайлық колледжінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі директорының орынбасары И. Анаятова ТжКББ ұйымдарын аккредитациялау, студенттерді қолдау шараларын дамыту, соның ішінде инженерлік бағыт бойынша гранттар санын ұлғайту және жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ, мәселені талқылауға білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев қатысты.
Қалада болашақ білім беру сапасын арттырумен танысу жұмыстары бірқатар білім беру мекемелерін аралау барысында жалғасын тапты.

Премьер-Министр Алматы құрылыс-техникалық колледжін аралау барысында жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру және дағдыларды үйрету сапасымен танысты. Мұнда ғимаратты құрғақ құрылыс, дәнекерлеу ісі, автокөлік құралына техникалық қызмет көрсету, жиһаз өндірісі, электр монтаждық және сантехникалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ, еңбекті қорғау бойынша арнайы технологиялармен техникалық жарақтандыру мәселесіне көңіл бөлінді.
Б. Сағынтаев Қазақстанның интеллект мектебінде оқу сыныптарын, кітап оқу аймақтарын, спорт және акт залдарын аралады. Мектеп ІВ (халықаралық бакалавриат) бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, соның нәтижесінде аталған оқу орнының түлектері әлемнің үздік университеттеріне оқуға түскен кезде 15% артықшылыққа ие болып, бірден ІІ курсқа қабылдана алады.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін (ХАТУ) аралау кезінде 2009 жылдан бері барлық деңгейде 4154 студент дайындалғаны, оның 70% жуығы — мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқытылғаны баяндалды. ХАТУ студенттері халықаралық кейс-чемпионаттардың жеңімпаздары және Zhastar Innovation, TG Fair, Kazakhtelecom Hackathon, Nurintech және т.б. көптеген инновациялық жарыстар мен байқаулардың жүлдегерлері.
Одан соң Б. Сағынтаев қаланың туристік әлеуетінің дамуымен танысу мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық нысандарға : «Алматы-2» теміржол вокзалына және Visit Almaty туристік хабына барды.
Visit Almaty-дан әр турист барлық қажетті ақпаратты: карталарды, жолнұсқауларды, тау бағдарларының атластарын, туроператорлардың брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың аңдатпаларын т.б. ала алады. Бұдан басқа, консультанттар түрлі мәселелерді шешуге көмектесе алады.

«Алматы-2» теміржол вокзалын аралау кезінде Премьер-Министрге теміржол вокзалдарының реконструкциясы, вокзал маңындағы аумақты абаттандыру, сонымен қатар, қоғамдық көлікті жаңғырту барысы туралы баяндалды.
Сонымен қатар, Премьер-Министр «Каршеринг» жаңа сервис жүйесінің жұмысымен танысты. Бұл жүйе мобильді қосымша арқылы автомобильді минутпен жалға алуды рәсімдеуге мүмкіндік береді. Алматыда сервис осы жылдың қазан айында іске қосылды, өткен уақыт ішінде сервиске тіркелген пайдаланушылар саны 10 мың адамнан асады.
Одан соң Бақытжан Сағынтаев «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтында болып, оңтүстік астананы одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Ол Алматы қаласының цифрлы 3D-голографиялық макетін аралады. Институт аумағында ситуациялық орталық — қаланы басқарудың болашақ ақыл-ой орталығы жұмыс істейді. Жүйеде қаланың автотрафигі жөніндегі деректер, қоғамдық көліктің жолаушылар ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі туралы мәліметтер бар. Қылмыс жағдайын талдау, бюджеттің орындалуын бақылау бойынша сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар түрлі мәселелерді шешуде халыққа қызмет көрсету үшін құрылған Оpen Almaty қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді.
Институт аумағында Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының аясында жүзеге асқан драйвер-жобалардың таныстырылымы өтті. Бұл бастаманың мақсаты — экономиканы әрі қарай өсіріп, қаланың бет-бейнесін түбегейлі өзгерту.

Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс сапарларымен болды.