Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Бақытжан Сағынтаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары: Жолдау, Бес бастама және кәсіпкерлік туралы заң

2018 жылғы 25 мамыр
Фоторепортаж

Бақытжан Сағынтаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары: Жолдау, Бес бастама және кәсіпкерлік туралы заң

25.05.2018
Жұма күні, 25 мамырда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып қайтты. Сапардың мақсаты — жақында Президент жария түрде қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды талқылау.
Жұма күні, 25 мамырда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып қайтты. Сапардың мақсаты — жақында Президент жария түрде қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды талқылау.
Видео
Қостанайға келгеннен кейін Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған «Қостанай» жаңа спорттық–ойын-сауық кешеніне барды.

СОК волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол секілді спорттық ойындар бойынша оқу-жаттығу сабақтарын және республикалық жарыстарды өткізуге, сондай-ақ мәдени–бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Бұған дейін Қостанайда осындай әмбебап кешен болған емес.
Бұдан кейін Премьер-Министр Рудный қаласында бірқатар нысанды аралап, өңірдің аграршыларымен, студент жастарымен кездесулер өткізді.

Мұнда Бақытжан Сағынтаев «Жас Қанат – 2006» фабрикасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Ақылды құс фабрикасы» пилоттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Кәсіпорын автоматтандыру және цифрландыру тұрғысынан бірегей өндіріс орындарының бірі. Барлық өндіріс процестерінің 90% автоматтандырылған.
Бұдан өзге, Премьер-Министр Рудный қаласында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған «Лидер – 2010» сүт зауытында болды.

Бүгінгі таңда зауытта орта есеппен тәулігіне 30 тоннаға жуық сүт өңделеді, таяу келешекте 50 тоннаға дейін өңделетін болады. Мұнда шығарылатын өнім сұрыптамасы 20-дан астам өнім түрін қамтиды, келешекте өндіріс желісін кеңейту көзделген.
Сүт зауытының цехтарын аралағаннан кейін Бақытжан Сағынтаев өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді. Әңгімелесудің басты тақырыбы — Президенттің кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға қол қоюына байланысты күшіне енген бизнеске арналған жаңалықтар мен өзгерістер болды.

Сондай-ақ, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев қабылданған заңды ескере отырып, фермерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы баяндады.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, ШОБ бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экспорттың жаңа нарықтарына шығу мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов айтып берді.

Мәселелерді талқылау барысында жергілікті аграршылар кәсіпкерлік қызмет туралы жаңа заңға қолдау білдіретіндерін айтты.

«Алтынсарин» ЖШС директоры Б. Князев, «АФ Диевская» ЖШС директоры О. Даниленко, «ПКФ Қайрат» ЖШС директоры Т. Өтепов пікір білдірді. Өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері цифрландыру, жеңілдетілген ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару мәселелерін көтерді.

Қозғалған мәселелерге қатысты ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев пен «Зерде» ҰАКХ» АҚ басқарма төрағасы Р. Еңсебаев тиісті түсініктеме беріп өтті.
Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында «Соколов–Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ кенішіне барды. Кен орнында Индустрия 4.0-дің бірден бірнеше элементі енгізіліп жатыр, олардың арасында бұған дейін Қашар кен орнында іске асырылған «Ақылды кеніш» жобасы да бар. Бұл нақты уақыт режимінде тау-кен көлігі кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесі, интеграциялық жоспарлау орталықтары, спутниктік дәл жайғастыру және бұрғылап қопару жұмыстарын басқару.
Соколов-Сарыбай кен орнындағы технологиялық жаңғырту 2020 жылы аяқталып, өнімділікті 10%-ке арттыруға жол ашады. Бұдан өзге, жұмыстардың қауіпсіздігі артып, қоршаған ортаға зияны төмендейді.
Жоба кен өндірудің толық интеграцияланған циклі, бос жыныстарды жою және концентрат пен шекемтас өндіруден тұратын «Ақылды кеніш — ақылды фабриканың» бір бөлігі.
Премьер-Министрдің жұмыс кестесіндегі кезекті шара «ССТӨБ» АҚ оқу орталығында студент жастармен кездесуі болды. Негізгі талқыланған тақырыптар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», өз бизнесін ашу мүмкіндіктері, қазіргі заманмен үйлесім табу және еңбек нарығының өзгеруіне бейімделу болды.
Қазақстанда цифрлық технологиялардың қалай дамып жатқандығы туралы әңгіме барысында АТ саласындағы астаналық жас сарапшылар айтып берді. Алғашқы тәжірибелерімен Мағжан Мәдиев, «Астана хаб» халықаралық технопаркі», Дагар Давлетов, «Әдіс» бағдарламалық мектебі» ЖШС, Мирус Құрмашев, «МирусДеск» ЖШС, Асхат Аттапханов, «Смарт Лаб» ЖШС бөлісті.
Сондай-ақ, талқылау барысында өңірдің студент жастары сөз сөйледі: Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ІІІ курс студенті Аягөз Дарханова, Рудный индустриялық институтының ІІІ курс студенті Евгений Степанов, Рудный құрылыс және көлік колледжінің ІІ курс студенті Дамир Әбдірахманов, Челябі мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті Анжелика Пивоварова, Рудный индустриялық институтының ІІІ курс студенті Элнұр Бекен және Павел Пустотин, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ІІ курс студенті Анастасия Крестова, РИИ IV курс студенті Павел Ланчев, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенті Виктория Дорошко.


Кездесуде айтылған мәселелер бойынша облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова түсінік берді.
Бұдан кейін Премьер-Министр облыс орталығында бірқатар нысанды аралады. Бақытжан Сағынтаев Қостанай қаласында Индустриялық аймақтың құрылысымен танысты, оны биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары М. Мырзалиев 119 млрд теңгеден астам сомаға 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлары туралы баяндады. ИА аумағында машина жасау және металл өңдеу, химия, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі және басқа да өңдеу салалары секілді экономика секторларының кәсіпорындары орналасады.
Индустриялық аймақты аралау барысында Премьер-Министрге өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың ағымдағы нәтижелері мен келешегі туралы баяндалды.

Айта кету керек, өңірді цифрландыру облыс әкімдігі бекіткен 2018 жылға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр, оған 77 іс-шара кіреді: ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша 29 жоба, «SmartCity» технологиясын енгізу бойынша — 11, көлік саласында — 4, ШОБ цифрландыру бойынша — 10, білім беру саласында — 5, денсаулық сақтау саласында — 8, қауіпсіздік саласын цифрландыру бойынша — 6, әлеуметтік саланы цифрландыру бойынша — 3 және экологиялық қауіпсіздік саласында 1 жоба.

Қостанай облысы аграрлық өңір ретінде саналатынына байланысты (еліміздің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5%, ал өңірдің ЖӨӨ — 13%) өңірде ауыл шаруашылығы пилоттық режимде цифрландырылып жатыр. Аграршылар қазірдің өзінде дәлме-дәл егіншілік, геоақпараттық жүйелер, алаңдардың электронды карталарын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын қашықтықтан бақылау және жайылымдық жерлерде үй жануарларын бақылауға арналған дрондарды пайдалану сияқты заманауи алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды енгізіп жатыр.

«Ақылды технологияларды» қолдану өнімнің өзіндік құнын орта есеппен 10-15%-ке төмендетуге мүмкіндік береді, бұл оны нарықта бәсекеге аса қабілетті етеді.
Бұдан әрі Бақытжан Сағынтаев «Алтын Арман» жаңа тұрғын үй кешенін аралап, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын тексерді.

9 гектар аумақты құрайтын жаңа шағын ауданда 14 үй немесе 1875 пәтер салынған. Барлық үйлер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған: жиынтықты бейнебақылау камералары орнатылған, олар үйлердің тұрғындарына видеоны онлайн режимде қарауға немесе жазбаны көруге мүмкіндік береді.
Келесі нысан — кондитер фабрикасына барған кезде Премьер-Министр азық-түлік өнеркәсібін технологиялық жаңғырту қарқынымен танысты.

2017 жылы Кәсіпкерлікке қолдау көрсету картасы аясында кәсіпорында екі жаңа өндірістік желі іске қосылды. Биыл кәмпит өндірісі бойынша инновациялық технологияларды қолданумен жаңа жабдықты іске қосу көзделген.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аралау барысында Бақытжан Сағынтаев КҚКО толықформатты жұмысымен және «Бастау Бизнес» ҰКП бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен танысты.
Сонымен бірге, мұнда Премьер-Министр «Бастау Бизнес» бағдарламасының түлектерімен кездесу өткізді, онда жақында Нұрсұлтан Назарбаев жария түрде қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңның негізгі ережелері талқыланды.

Бiтiрушiлер, өз кезегiнде, кәсiпкерлiк қызметтi құқықтық реттеудi заңнамалық тұрғыдан жақсарту мен әкiмшiлiк жүктеменi төмендету ШОБ үшiн қосымша мүмкiндiктер беретінін атап өтті.
Бақытжан Сағынтаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары өңір активімен және бизнес өкілдерімен Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кездесуімен аяқталды.
Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек өз бағыттары бойынша түсініктеме берді. Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов облыстың экономикалық жағдайына жасалған талдау бойынша сөз сөйледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова өңірдің еңбек нарығындағы жағдай туралы және алдағы міндеттер туралы баяндады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі ШОБ дамыту және оның перспективалары туралы баяндай отырып, кәсіпкерлік саласын жетілдіру мәселелері жөнінде қабылданған Заңға түсінік беріп өтті.

Сондай-ақ, мәселені талқылау барысында өңір жұртшылығы мен бизнес қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. «ССТБӨБ» АҚ президенті Б. Мұхаметқалиев кәсіпорындағы Индустрия 4.0 жобалары және цифрландыру аясында босатылған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру жоспарлары туралы айтып берді. «Варваринское» АҚ бас директоры И. Николишин кәсіпорындағы өндірістік процестерді цифрландыру туралы сөз қозғады. Жітіқара политехникалық колледжінің директоры Р. Шукманова Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқыту және қайта оқыту жөнінде айтып берді.
Бұдан өзге, шаруа қожалығының басшысы И. Естаев, «Aллюр» компаниялар тобы» АҚ президенті О. Цой, «Қостанай ұн тарту комбинаты» АҚ бас директоры А. Микетки Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру туралы жаңа Заңға қолдау білдірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы, «Еуропа қайта құру және даму банкі» өкілдігінің басшысы Агрис Прейманис сөз сөйледі.

Еске сала кетейік, биылдыққа бұл еліміздің өңірлеріне жасалған бесінші жұмыс сапары. Бақытжан Сағынтаев бұған дейін Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.