Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ



Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру — Б. Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты

2018 жылғы 10 қазан
Фоторепортаж

Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру — Б. Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты

10.10.2018
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты. Өскемен, Семей қалаларында активпен және жұртшылық өкілдерімен кездесулер барысында Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мәселелері қаралды. Сапар барысында өңірдің өнеркәсіптік және әлеуметтік маңызды нысандары тексерілді.
Видеодайджест
Бақытжан Сағынтаев Семей қаласында қала активімен және жұртшылық өкілдерімен Президенттің халыққа арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттердің іске асырылуын қарау мақсатында кездесу өткізді. Шара барысында халық кірісінің деңгейін арттыру, медициналық қызмет көрсету және білім беру сапасын жақсарту, ШОБ дамытудың қосымша құралдары, сондай-ақ, индустриялық даму келешегі мәселелері талқыланды.
Кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев жаңа Жолдаудың негізгі аспектісі халықтың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті. Мектепке дейінгі жастан бастап бәсекеге қабілетті азаматты қалыптастыруға ықпал ететін білім беру сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Президент Жолдауының барлық міндеттерін іске асыруға үш жылдық кезеңге 1,75 трлн теңге қарастырылған, олар қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға қажетті жағдайларды жасауға бағытталады. Осылайша, ең төменгі жалақы мөлшері бір жарым есеге — 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге дейін өседі.

Аталған мәселе бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндама жасады. Жалпы, ең төменгі еңбекақыны өсіру экономиканың барлық салаларында жалақы мөлшері аз қызметтерде жұмыс істейтін 1,3 млн адамның еңбекақысын өсіруге жол ашады. Салық жүктемесін төмендету 6 млн-нан астам жалдамалы жұмыскерлерге қатысты.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Елбасы тапсырмаларын іске асыру аясында мұғалімдердің мәртебесі мен еңбекақысын арттыру, білім беру сапасын жақсарту саласында елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын, балалар мен педагогтерге қажетті жағдайлар жасалып, мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Заң жобасы екі–үш ай ішінде әзірленіп, қоғамдық талқылауға шығарылады.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға назар аударды. Ол аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналуға шақырады. Облыс бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 2,2 мың маманын оқыту көзделіп отыр. 2019 жылғы қарашаға дейін халықтың 100%-ында электронды денсаулық паспорты болады, онда азаматтың қайда жүгінгеніне қарамастан, әрбір азаматтың денсаулығы туралы маңызды деректер қолжетімді болады.
Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек өз баяндамасында 2019 жылға арналған Жолдауда өмір сүруге жайлы орта құру, көлік инфрақұрылымын дамыту, жергілікті жолдардың сапасын арттыру, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту есебінен жұмыс орындарын құру міндеттері аталып өткенін айтты. Азаматтарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн-ға жуық азаматты баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде халықтың баспанаға қолжетімділігін арттырған Елбасының «7–20–25» бастамасы болып отыр. Бағдарламаның арқасында алдағы бес жыл ішінде шамамен 103 мың адамның тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі болады.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев алға қойылған міндеттерді шешу үшін АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтандыру бойынша қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Бұл мақсаттарға қосымша жыл сайын 100 млрд теңгеден кем емес қаржы бөлінетін болады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов келесі жылдан бастап республикалық бюджет аясында «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін қосымша 30 млрд тг қарастырылатынын айтты. Бұл үш жыл ішінде 22 мыңнан кем болмайтын жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Семей қаласының жұртшылық өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған бастамаларына қолдау білдірді. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын «Фирма «Азия» ЖШС
Жолдауды қолдау мақсатында кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға көтеретінін айтты.
«Көпжылдық тәжірибесі бар құрылысшы ретінде айтар болсам, жаңа Жолдау жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға әзірміз. Келесі жылдан бастап өз кәсіпорнымызда жалақыны 50%-ға көтереміз», — деді «Фирма «Азия» ЖШС құрылтайшысы Ә. Досқожанов.
«Көпжылдық тәжірибесі бар құрылысшы ретінде айтар болсам, жаңа Жолдау жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға әзірміз. Келесі жылдан бастап өз кәсіпорнымызда жалақыны 50%-ға көтереміз», — деді «Фирма «Азия» ЖШС құрылтайшысы Ә. Досқожанов.
Семей қаласындағы №38 мектептің тарих пәнінің мұғалімі В. Галушко білім беруге жұмсалатын шығындардың артуы алдағы уақытта тиімді нәтижелер беретініне сенімді.
«Ұстаз ретінде мен үшін жаңа Жолдауда білім беру саласына баса көңіл бөлінгені маңызды. Яғни, келесі жылы педагогтардың мәртебесі туралы заңның қабылдануы, ең төменгі жалақының 1,5 есеге көтерілуі аса маңызды», — деді тарих пәнінің мұғалімі.
«Ұстаз ретінде мен үшін жаңа Жолдауда білім беру саласына баса көңіл бөлінгені маңызды. Яғни, келесі жылы педагогтардың мәртебесі туралы заңның қабылдануы, ең төменгі жалақының 1,5 есеге көтерілуі аса маңызды», — деді тарих пәнінің мұғалімі.
Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының функционалдық диагностика дәрігері И. Рахимова денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту медициналық қызметтер көрсету сапасын біршама жақсартатынын, ал цифрландыруды енгізу дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, тікелей міндеттеріне көбірек көңіл бөлулеріне мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Шәкәрім университетінің» профессоры, филология ғылымдарының докторы А. Еспенбетов Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында педагогтардың мәртебесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің маңыздылығы мен уақытылы көтерілгенін атап өтті.
«Біз еліміздің жаһандық жетістерінің куәсі болып отырмыз. Тарихи құжат – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шынымен де адам капиталының сапасын көтеруге, барлық қажетті жағдайларды жасауға бағытталған», — деді А. Еспенбетов.
«Біз еліміздің жаһандық жетістерінің куәсі болып отырмыз. Тарихи құжат – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шынымен де адам капиталының сапасын көтеруге, барлық қажетті жағдайларды жасауға бағытталған», — деді А. Еспенбетов.
Өскеменде Премьер-Министр Б. Сағынтаев облыс активімен және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында Жолдау-2019-да алға қойылған халық табысының деңгейін көтеру, білім беру мен денсаулық сақтаудағы сапаның жаңа деңгейі, инфрақұрылымды және индустрияландыруды одан әрі дамыту тәсілдері, бизнес ахуалды жақсарту, АӨК дамыту және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мәселелері қозғалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тұрғысынан өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды дайындау және қайта даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ, өңірде бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту туралы баяндады. «Халық табысының өсуі» бағыты бойынша облыстың бюджет саласында жұмыс істейтін 38 мың қызметкердің ең төменгі жалақысы 1,5 есеге өседі: еңбекақы орта есеппен 35%-ға артпақ.

Бұдан әрі Президент Жолдауының жекелеген бағыттарын түсіндіру туралы ҚР Үкіметінің мүшелері баяндама жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова Президенттің Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы — бұл жаһандық жағдайда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстан халқының әл-ауқатын әрі қарай арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық реформалардың қуатты пакеті екенін атап өтті. Ең алдымен тәрбиешілер, әдіскерлер, зертханашылар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер, техниктер, аудармашылар, іс жүргізушілер, мұрағатшылар, хатшылар, операторлардың және т.б. жалақысы өспек.
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Жолдау аясында мұғалімдердің мәртебесі мен еңбекақысын арттыру, білім беру сапасын жақсарту, балалар мен педагогтерге қажетті жағдайлар жасау саласында елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Биыл мұғалімдерге арналған ұлттық тестілеу енгізілді, мұның нәтижесі бойынша мұғалімдер жаңа категорияға ие болады және қосымша ақы алады. Балабақша тәрбиешілеріне де осындай жүйе әзірленіп, талқыланып, жүзеге асырылатын болады.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов медициналық қызметтер сапасын жақсарту алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (АМСК) басымдықты дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесі жаңа учаскелерді құру және АМСК кіші формаларын дамыту есебінен азаяды. Отбасылық дәрігерлік практика одан әрі дамиды: дәрігерлердің үлесі 10%-ға артады. Жалақыны арттыру жаңа жұмыс әдістеріне оқытылуына қарай 10 мың учаске дәрігері мен 30 мың медбикені қамтиды, оқытылғандардың саны келер жылдың соңына қарай 100%-ға дейін жеткізіледі. Оқыту үшін 5 млрд теңге бөлінеді.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы соңғы екі жылда белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын: тұрғын үй секторында құрылыс жұмыстарының өсімі шамамен 8-10% құрғанын айтты. Осы жылы 13 млн шаршы м²тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев Мемлекет басшысы Жолдауда еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге дейін арттыру бойынша қойған міндеттерді шешу үшін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзектілендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында АӨК саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтандыру бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады.

Ұлттық экономика вице-министрі А. Жұмағұлов Президент Жолдауын іске асыру аясындағы қысқа мерзімді міндеттер туралы баяндады. Шағын және орта бизнесті дамыту — экономика өсімі мен халық табысының артуының маңызды факторы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын қосымша 30 млрд теңге қарастырылатын болады. Жаңа жобаларды қолдау қосымша 22 мың жұмыс орнын құрып, 3 трлн теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов кәсіпкерлік субъектілері Мемлекет басшысының жалақыны көтеру бойынша үндеуін қолдайды деген сенімін білдірді.
Сондай-ақ, кездесу барысында облыстық жұртшылық өкілдері де сөз сөйлеп, Президент Жолдауында көрсетілген басымдықтардың маңыздылығын атап өтті. Шығыс Қазақстан онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Г. Сағидуллина денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты ойымен бөлісті.
«Біз үшін АМСК қызметкерлерін қолдау аса маңызды. Алдағы уақытта жалақының көбеюі және ішінара субсидиялау "7–20–25" бағдарламасына қатысуды қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», — деді Г. Сағидуллина.
«Біз үшін АМСК қызметкерлерін қолдау аса маңызды. Алдағы уақытта жалақының көбеюі және ішінара субсидиялау "7–20–25" бағдарламасына қатысуды қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», — деді Г. Сағидуллина.
Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Ж. Шаймарданов жоғары білім сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттің қажеттігіне қатысты ойын білдірді. «Қазмырыш» ЖШС директоры А. Хмелев өз кезегінде бизнес және инвестициялық ахуалды дамыту туралы бастамаларды қолдауға қатысты, сондай-ақ отандық экспортқа бағытталған кәсіпорындар мен еңбек нарығының жаңа тұжырымдамасы туралы сөз сөйледі.
Кеңесті қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мәселелері барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесіп ҚР Үкіметінде екі рет талқыланғанын айтты. Оны іске асыру бойынша шаралар үш бөлікке бөлінген: ұзақ мерзімдік, орташа мерзімдік және жедел шаралар.

Жедел шаралар заңнамада ешқандай өзгерістерді және бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді, сондықтан олар 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін орындалуы тиіс. Оған ТКШ сапасын жақсарту, ПИК жұмысын цифрландыру, тариф белгілеуді реттеу және көмірмен уақытылы қамту жатады.
Бұдан өзге, Премьер-Министр Семей қаласының бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды нысандарын аралады. Алдымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың баяндауынша, әуежайды жаңғырту рейстер мен жолаушылар санын ұлғайтуға, сондай-ақ, ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға жол ашады. Осылайша күн сайын облыстық және халықаралық деңгейдің 25-30 әуе кемесіне қызмет көрсетуге мүмкіндік беріледі, бұл — сағатына шамамен 200 жолаушы.
Бұдан әрі, Премьер-Министр «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-іне және «СемАЗ» ЖШС-іне барып, онда автоқұрастыру зауытының жұмысын тексеріп, технологиялық процеспен және қосалқы бөлшектер өндірісімен, түрлі дайындау сатыларындағы автокөлік құрастыру сапасымен танысты.

Өткен жылы Daewoo Bus Kazakhstan-да 3 млрд теңгеге 136 қалалық және қала маңына қатынайтын жолаушылар автобусы шығарылды. Сегіз айда өндіріс көлемі 7,9%-ға ұлғайды. «СемАЗ» зауыты «Беларус» тракторларын және жүк көліктерін шығаруға мамандандырылған. Биыл 170 трактор, 186 жүк автокөлігі, соның ішінде 74 SHACMAN жүккөлігі, 30 Foton автокөлігі және 82 «Урал» жүк көлігі шығарылған.
Бақытжан Сағынтаев өңірде медициналық қызметтерді ұсыну сапасымен жедел медициналық көмек ауруханасын аралау кезінде танысты. Жаңашылдықтар медициналық көмек көрсету мерзімдерін жылдамдатуға бағытталған. Биылғы сегіз айдың ішінде ғана 9 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетілген. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Шоранов пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету үшін облыста Роботтандырылған хирургия орталығы, Трансплантология орталығы, Инсульт орталығы жұмыс істейтінін айтты. Бұдан өзге, нейрохирургия және гематология саласындағы жобаларды іске асыру көзделген.

Сонымен қатар, Премьер-Министрге облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыру, саланы реттеусіздендіру, МЖӘ және жекеменшік қызмет көрсету секторын дамыту, сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды компоненті ретінде айқындалған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау жоспары туралы баяндалды.
Семей қаласында салынып жатқан «Қарағайлы» шағын ауданының мысалында Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тұрғын үй сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан шағын аудан 25 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етеді. Мұнда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын: мектептер, балабақшалар және т.б. салу көзделген. Сондай-ақ, «Абай Арена» мәдени-спорт кешенін салу жоспарда бар.
Жарма ауданында кен байыту фабрикасын аралағаннан кейін, Премьер-Министр «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді. Мұнда Елбасы Жолдауының маңызды бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіре отырып, бас директор Ю. Овчинников кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесін қарап жатқанын жеткізді.

Бұл нысанда Бақытжан Сағынтаев кен байыту фабрикасы жұмысының ағымдағы нәтижелерімен танысты. Қазіргі кезде «Жылына 2 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту комбинатын салу» жобасы іске асырылып жатыр, жоба облыстың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген.

Осы жерде Премьер-Министрге жаңа «Қызыл» жобасын таныстырып, оның өнімдерін өткізу перспективалары көрсетілді. Кәсіпорынның бас директоры Ю. Овчинников «Қызылдағы» алтын қорының деңгейі 280 тоннаны құрайтынын айтты, алтынның үлесі жоғары.
Бақытжан Сағынтаев Өскемен қаласында білім беру қызметі сапасымен, оның ішінде орта білім беру сапасымен танысу үшін №46 орта мектепке барды. Премьер-Министр арнайы техникамен жабдықталған физика, биология, химия және АТ кабинеттерін аралап, роботты техника бойынша оқушылардың әзірлемелерімен танысты.

№ 46 орта мектептің директоры Г. Ауғанбаева жаңа модификациядағы сыныптар интерактивті сенсорлық тақтамен, микроскоптармен, химиялық тәжірибелерге, биология жұмыстарына арналған арнайы жабдықтармен жарақтандырылғанын айтты.

Физика сыныбына да компьютерлік өлшеу құрылғылары, электростатика, радиотехника, мультимедиялық нұсқаулықтар орнатылған. АT-сыныбында қажетті компьютерлік техникадан басқа, Robotis Mini роботы, роботтар жарыстарына арналған алаң, «Ақылды жылыжай» Arduino білім беру жинағы, 3D Printer Tarantula және басқа жабдықтар бар.
Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыс сапарларымен болды.