Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ








Инвестициялар — жаһандық құндылықтар тізбегіне кірігудің кілті: халықаралық сарапшылар Астанада даму келешегін талқылады


Дүниежүзілік сауда ұйымының «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» форумы
Фоторепортаж

Инвестициялар — жаһандық құндылықтар тізбегіне кірігудің кілті: халықаралық сарапшылар Астанада даму келешегін талқылады

Дүниежүзілік сауда ұйымының «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» форумы
28 қыркүйекте Астанада «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» жоғары деңгейлі форумы өтті. Халықаралық сарапшылар өз елдерінің сәтті тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда инвестициялық ахуалды дамытудың маңызды аспектілерін қарады. ДСҰ-ның инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа ережелері жөніндегі сындарлы диалог Еуразиялық кеңістікті жақсартудың жалпы құрылымындағы жетіспейтін тұстарын анықтауға ықпал етті.
Дүниежүзілік сауда ұйымы
Дүниежүзілік сауда ұйымы — халықаралық сауда ережелерін реттейтін халықаралық үкіметаралық ұйым. Қазақстан 2015 жылғы 30 қарашада ҚР Парламентінің міндеттемелер пакетін ратификациялап, ратификациялау грамотасына (Instrument of Acceptance) қол қойып, оны 2015 жылдың 1 қарашасында ДСҰ Хатшылығына тапсырғаннан кейін Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды.


Форумға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар таңертеңнен-ақ арнайы даярланған, Премьер-Министр бастаған Қазақстан Үкіметінің мүшелері де күтіліп отырған залдағы өз орындарына жайғасуға асықты. Форум басталғанға дейін қонақтар бір-бірімен әңгімелесіп, шараның күн тәртібін талқылады.
Шара аясында экономиканың тұрақты дамуы, өсімі және оны әртараптандыру мақсатында сауда-саттық пен инвестицияларды қолдау, инвестициялар саласындағы қажеттіліктерді ескеру және мәселелерді шешу (бизнес тұрғысынан), ұлттық және өңірлік деңгейлердегі табысты оқиғалармен және тәжірибемен бөлісу, сондай-ақ, даму мақсатында инвестицияларды қолдауда көпжақты ынтымақтастыққа қатысу тәрізді тақырыптар бойынша төрт сессия өткізу жоспарланған.
Форумды Қазақстан Премьер-Министрі ашты. Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев Үкімет ДСҰ-ның инвестицияларға қолдау көрсету саласындағы жаңа бастамасын толықтай қолдайтынын атап өтті. Мемлекет инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында жүйелі түрде реформалар және инвесторлармен ашық диалог жүргізіп, өзара іс-қимыл орнатылып, инвестицияларды тартуға арналған инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр.
Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың сөйлеген сөзі
Құрметті Азеведу мырза! Құрметті Форумға қатысушылар!

Сіздердің баршаңызды Астанада көргеніме қуаныштымын! Азеведу мырза, Сізге бүгінгі жоғары деңгейлі Форумға қатысып отырғаныңыз үшін, сондай-ақ ДСҰ Хатшылығы мен инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобына мүше елдерге осы маңызды іс-шараны бірлесіп ұйымдастырғандары үшін ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.

Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа бастамасын толық қолдайды. Біз инвестициялық ахуалды жақсартуға басымдық береміз.

Тек соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан экономикасының түрлі секторларына $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

2017 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялар ағымы $21 млрд жуық болды және бұл көлемнің төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Шикізаттық емес секторларға барлық шетелдік инвестициялардың 50% жуығы бағытталды. Биыл да бұл оң динамика сақталып қалып отыр. 2018 жылдың жарты жылы ішінде ірі инвесторлармен 69 жаңа жобаны іске асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде Қытай, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және ЕО елдерінен 10 ТҰК бар.

Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторында қазірдің өзінде Toyota, Heidelberg, General Electric, Danone, Alstom және басқалары тәрізді 30-ға жуық трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді.

Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық ахуал бойынша бірінші орынға ие және Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында біздің мемлекет жүйелі реформалар жүргізіп отыр, инвесторлармен ашық диалог және өзара іс-қимыл орнатылған, сонымен қатар инвестициялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде.

Тек бір мысал келтірейін. Соңғы төрт жыл ішінде салық және кеден саласы, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тәрізді және тағы да басқа бағыттарда барлығы 52 реформа жүргізілген. Демек, орта есеппен жылына — 13, ал айына — біреуден көп реформа жүзеге асырылған.

Мысалдардың бірі ретінде бизнесті реттеусіздендіру және оған әкімшілік қысымдарды едәуір төмендету бойынша жүргізілген реформаларды келтіруге болады.

24 мамыр күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бизнес ахуалды жақсарту бойынша заңнамалық пакетке қол қойды, ол 14 кодекс пен 109 заңға мыңнан астам түзетулер енгізуді қарастырады. Бақылау-қадағалау функциялары 30%-ға, ал рұқсат беру талаптарының саны 56%-ға қысқартылған. Тексеруші органдардың мыңға жуық штаттық бірлігі таратылды.

Озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа салық және кедендік режимдер енгізілді. Салық кодексінде салық жүктемесі оңтайландырылды, жеңілдіктер пысықталды. Жаңа кеден кодексі рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді және тауарларды автоматты түрде өткізуге мүмкіндік беретін электронды декларациялауды енгізеді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген және ниет білдірген барлық инвесторлар үшін табысты іске асырылған МЖӘ жобаларының бірыңғай базасы қолжетімді болды.

Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдері жеңілдетілді.

2016 жылдан бастап барлық инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидасы жұмыс істейді, еліміздің барлық 17 облысында инвесторларға қызмет көрсету бойынша өңірлік офистер ашылған.

Үкімет пен инвесторлардың диалог алаңын қамтамасыз ету үшін 20 жыл бойы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі жұмыс істейді, инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары енгізілген.

Осылайша, қазіргі кезде еліміздегі жалпы инвестициялық және іскерлік ахуал институционалдық нығайтылды. Инвесторлар пайдалана алатын жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтар заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Қазақстанның экономикалық интеграциясының арқасында, инвесторлар ірі өткізу нарықтарына шығуда басымдықтарға ие болды.

2015 жылы Қазақстан мен ЕО кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойды, бұл келісім экономиканың өндірістік секторларына инвестициялар тарту үшін қолайлы және кемсітпейтін жағдайлар тудыру үшін негізге айналды.

Қазақстан — Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүшесі. ЕАЭО-ның артықшылығы, ол көлемі $4 трлн жуық, 180 миллионнан астам адамды қамтитын кедендік шекарасыз бірыңғай нарық болып табылады.

Ресей, Қытай және Орта Азия елдерімен көршілес болуының, ұтымды географиялық орналасуының арқасында, Қазақстан жалпы көлемі 1,6 млрд астам адамды қамтитын, күннен-күнге өсіп жатқан нарыққа шығуға мүмкіндік беретін қолайлы орталық алаңға айналып отыр.

Осы себепті, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы әлемдік сауда қарым-қатынасына кірігуге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың біріне айналды. Мәселен, 2016 жылдан бері ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы келісім жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың мамыр айында Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Египет, Израиль, Сербия және Сингапур тәрізді ірі елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.

Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО аясында Қазақстан лицензиялық рәсімдеудің және қызмет көрсету секторындағы талаптардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдады. Қазіргі күні еліміздің жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын қызмет көрсету саласы қамтиды. Бұл ретте, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында Қазақстан шетелдік компанияларға қызмет көрсету саласы нарығына кіруде кемсітпейтін жағдайлар тудыруға кепіл берді. Әрі, еліміз шетел инвесторларының көлік, құрылыс, сауда, энергетика секторы сынды барлық маңызды салаларға келуіне қолайлы жағдай жасап отыр.

Осылайша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларды қолдау бастамасының негізгі қағидаларын ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы халықаралық міндеттемелерге сәйкес те, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі реформаларды жүзеге асыру арқылы ұлттық деңгейде де, толыққанды орындап отыр.

Осы жағдайларда Қазақстан Үкіметі көпжақты деңгейде, атап айтқанда, ДСҰ алаңында инвестицияларды қолдау мәселелері бойынша пікірталастарды одан әрі жалғастыруды маңызды деп санайды. Біз ДСҰ-ға мүше елдерді ДСҰ-ның Бейресми диалогына қосылуға шақырамыз, оның аясында инвестициялар тарту бойынша ұлттық тәжірибе туралы ақпараттар бөлісеміз. Бұл бастама ДСҰ-ның қазіргі әлем үшін өзектілігін нақтылап, халықаралық сауда-саттықтың артуына және жаһандық экономиканың өсуіне ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Сөз соңында, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ДСҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге және Азеведу мырзаға Қазақстанға деген зор сенімі және 2020 жылдың маусым айында Астанада ДСҰ-ның XII Министрлік конференциясын өткізуге берген біздің өтінімімізге қолдау білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан Министрлік конференцияның нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ-ның күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша талқылауларға сындарлы үлесін қосуға әзір.

Форумның барлық қатысушыларына жемісті әрі пайдалы пікірталастар тілеймін. Жоғары деңгейлі форум табысты боларын және өз мақсатына жететініне сенімдімін.
Кездесу модераторы – елші, ҚР-ның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі Ж. Айтжанова Б. Сағынтаевтың ойын жалғастыра отырып, инвестициялар тарту — халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан барлық ел үшін басымдыққа ие міндет екенін атап өтті. Инвестициялар — жаһандық құндылықтар тізбегіне бірігудің көзі.

«Инвесторлар экономика өсімінде үлкен рөл ойнайды. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап Президент инвестициялар мен сауда саласында ашық саясат жүргізуде, себебі біз – теңізге шығар жолы жоқ елміз, аймақтық және жаһандық интеграция – бізге теңізге шығуға жол ашады, яғни, рәсімдерді жеңілдету арқылы біз экспорт пен импортқа барынша еркін транзитті қамтамасыз етеміз», — деп мәлімдеді Ж. Айтжанова.
Оның айтуынша, аталған саясат бүгінде өз нәтижесін беруде, мәселен, Орталық Азия елдерінің экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың 70% Қазақстан экономикасына тартылған, енді алдымызда отандық және шетелдік инвестициялар құрылымын әртараптандырып, инвестициялар сапасын жақсарту міндеті тұр. Яғни, инвесторлардың Қазақстан аумағында өздерінің экономикалық қызметтерін жүзеге асыру кезінде қолданатын стандарттарын жаңғырту қажет.
«Мұнда мәселе әлеуметтік және экологиялық міндеттемелерге қатысты болып отыр, яғни инвестор өзінің экономикалық қызметін жүзеге асыру кезінде аталған елдердің заңында қолданылған ұлттық стандарттарды ұстануы керек», — деді ол.
Ж. Айтжанова осы жылдар бойы қазақстандық экспорттың 70%-ын тау-кен өндіру саласы және шикі мұнай өнімі құрағанын, тиісінше, шетелдік инвестициялардың 70% (ҚР экономикасына тартылған $250 млрд) көбінесе шикізат секторына бағытталғанын, бүгінде, ДСҰ-ға қосылған уақыттан бері, соңғы екі жылда осы $250 млрд-тың $42 млрд Қазақстан экономикасына тартылғанын, оның тек 40% шикі мұнай өндірісін және тау-кен өндірісі саласын дамытуға бағытталғанын, 10% өңдеу өнеркәсібіне және осы инвестициялардың қалған бөлігі көлік, құрылыс және қаржы тәрізді қызмет көрсету салаларына тартылғанын атап өтті.

ДСҰ бас директоры Р. Азеведу Қазақстан мен өзге де еуразиялық экономикалар соңғы 20 жылда инвестициялар тарту мен сауда-саттықты дамыту саласында ашық саясат ұстанғанының арқасында елеулі ілгері дамығанын атап өтті.
«Біз Еуразия құрлығындағы және жалпы әлемдегі сауда, инвестициялар және саясат арасындағы байланысты түсіне білуіміз керек. XX ғасырдың басында жағдай өзгеше болатын, тікелей шетелдік инвестициялар сауда-саттықты алмастырды, компаниялар экспорт жасады немесе өздерінің мақсатты нарықтарына шығып, сол жақта өнімдерін шығара бастады. Бүгінде сауда-саттық көп деңгейлі деуге болады, тауарлардың жалпы сауда айналымының ⅔ бөлігі бірнеше елден жеткізілген құрамдас бөліктерді пайдалана отырып өндірілген. Бұл – жаңа шынайылық аясындағы әлемдегі өзгеріс, қазіргі таңда сауда мен инвестицияларды жақсартуға, оларды өсіріп, дамытуға көп мүмкіндік жасалған, дегенмен, ең жоғарғы әлеуетке жету үшін нақты бір шарттар болуы тиіс», — деді Р. Азеведу.
Оның айтуынша, біріншіден, кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы сауда-саттықты қолдау қажет, себебі көп жағдайда шекара маңындағы аспектілер сауда операцияларын кідіртіп жатады.

«Сауда рәсімдерін жеңілдету үздіксіз сауданы қамтамасыз етудің тиімді құралы бола алады. Рәсімдерді оңайлату – табысқа жету кілті десек болады, өткен жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы 20%-ға төмендеді, 2018 жылға арналған болжам біршама жақсы, бірақ нақты емес.

Қазақстан шетелдік инвесторларды қолдау бойынша өткен жылмен салыстырғанда елеулі прогреске қол жеткізді, бұл аймақ үшін жақсы үлгі болды», — деді ол.
Сондай-ақ, Р. Азеведудың айтуынша, инфрақұрылым, телекоммуникациялар, темір жол, адам капиталы қажет. Бұлар да инвестициялар мен мықты әрі сенімді институттарды талап етеді.
«Ынтымақтастықты кеңейтіп, жұмыс орындарын ашып, тұрақты даму жолындағы мақсаттарға қол жеткізу қажет, сондықтан да әдіс-тәсілдер дұрыс әрі ашық болуы тиіс. Трансшекаралық сауда-саттықты да дамыту қажет, бұл ұзақмерзімді келешекте көпжақты сауда жүйесі үшін өте маңызды», — деді ол.
Өз кезегінде Қытайдың коммерция министрінің орынбасары Л. Ченгганг экономиканы жаһандандыру — бұл тарихи үздіксіз бағыт екенін және инвестициялар мен сауда-саттықты қолдау — бұл тұрақты дамуға қол жеткізу үшін елдердің жаһандық тізбекке қосылуының ең үздік мүмкіндігі екенін жеткізді.
«Дамушы елдер мен Қазақстанды қоса алғанда, ДСҰ мүшелері инвестицияларды қолдау мәселесін белсенді түрде талқылап жатыр, бұл инвестициялық ахуалды жақсартудың жолы және түрлі елдер мен халықаралық ұйымдардың назарын аудартты», — деді ол.
Шара қатысушылары қысқа үзілістен кейін бірінші сессияға жиналды. Оның аясында тұрақты даму үшін сауда-саттық пен инвестицияларды қолдау және дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экономиканы әртараптандыру және өсіру мәселелері қаралды. Пікірталас қатысушылары жаһандық құндылықтар тізбегінің пайда болуы, цифрландыруды дамыту, сауда мен инвестициялар арасындағы байланысты нығайту, олардың Еуразияның экономикалық ландшафтына әсері, сондай-ақ, аймақтық және көпжақты бастамалар бір-бірін қалайша толықтырып, күшейте алады деген мәселелерді талқылады.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Қазақстан экономикасы осы жылдың сегіз айында 4%-ға өскенін айтты. Бұл – ҚР Президенті Н. Назарбаев бастамашы болған бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі.
«Біз экономиканы әртараптандыру мен 2010 жылы іске қосылған индустрияландырудың айқын нәтижелерін көріп отырмыз. Үкімет экономикамен де, әділ сот, мемлекеттік қызметтер жүйесімен де байланысты Президенттің бес реформасын дәйекті түрде орындап жатыр. Біз қолайлы бизнес ахуалды құруға және сауда-саттықты қолдауға ерекше көңіл бөліп жатырмыз, лицензиялардың рұқсат құжаттарының санын 600-ден 300-ге дейін қысқарттық. Дамушы елдерде проблема тудыруы мүмкін қадағалау жүйесі де айтарлықтай жаңғыртылды, біз санитарлық, фитосанитарлық, кедендік және салық қызметтерінен бастап бақылау функцияларын 30%-ға қысқарттық. ШОБ секторы өсуде, жұмыс орындарының саны ұлғайып жатыр», — деді ҚР ұлттық экономика министрі.
Азия даму банкі өкілдігінің басшысы Д. Капаннелли бүгінде Қазақстанда инвестициялық қызметті жаңғыртудың әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторларды көптеп тартып жатқан жеткілікті дамушы беталысы қалыптасқанын атап өтті. Аталған бағытты жетілдіру мақсатында экономиканы сапалы әртараптандыру үшін құрылымдық реформалар жүргізу қажет.
«Елдегі құрылымдық реформалармен байланысты өңдеуші сектордың рөлін арттыру қажет. Сауда және инвестициялық саясат үйлестірілген болса, экономикалық ынтымақтастық, интеграция дұрыс жұмыс істейтін болады. Қазақстан экономикасы жақсы өсім қарқынын көрсетуде, дегенмен қаржы секторының әлсіз тұстарын еңсеруге қажетті құрылымдық реформалар әлі де керек. ҚР Үкіметі ШОБ рөлін арттыруға ден қоюда, жекешелендіру мен экономикадағы бизнестің рөлін кеңейтуде көптеген оң құбылыстарды көріп отырмын. Адам капиталын, ресурстарды, білім беру мен денсаулық сақтауды қалыптастыру қажет – бұл құрылымдық реформалар мен экономикалық әртараптандыруға қол жеткізудің түбегейлі маңызды секторлары», — деді Д. Капаннелли.
Сондай-ақ, сессияға Қырғызстан Республикасының экономика министрі О. Панкратов, РФ экономика министрінің орынбасары А. Талыбов, ҚХР коммерция министрінің орынбасары Л. Ченгганг, Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша жетекші маманы Х. Холжакер қатысты. Олар өңірлік интеграция, кедендік реттеуді жетілдіру, кедергілерді қысқарту, транспаренттілікті ұлғайту мәселелерін және жалпы сауда қатынастарындағы ДСҰ рөлін талқылады.

Сессияның модераторы, Қазақстанның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі Ж. Айтжанова пікірталастың қорытындысын шығара отырып, инвестициялардың сауда және инфрақұрылымдық байланыстарды дамытудың катализаторы екенін, сондықтан аталған саланы, жолдарды, әуежайларды және телекоммуникацияны, әсіресе, дамымаған қор нарықтары бар елдерде, қаржыландыру қажет екенін атап өтті.
«Сауда мен инвестициялардың артықшылықтарын пайдалану үшін тиісті жағдайлар жасау қажет, оның негізгі элементтері: ашықтықты арттыру, заңдардың болжамдылығы, инвестициялармен байланысты реттеу және әкімшілік рәсімдер, сондай-ақ әкімшілік рәсімдердің орындалуын өзекті ету және жеделдету, бюрократияны қысқарту», — деді Ж. Айтжанова.
Екінші сессияда инвестициялар саласындағы қажеттіліктерді ескеру және мәселелерді шешу үшін бизнестің көзқарасы мәселелері көтерілді. Пікірталас барысында жергілікті деңгейде инвесторлар мен жеке секторға кез болатын кедергілерді талқылауға және олардың шешімін табуға ерекше көңіл бөлінді.
Huawei Technologies вице-президенті С. Лэйси ҚХР мысалында жергілікті деңгейде кедергілерді жою кезінде аса тиімділігін көрсетіп, қолайлы инвестициялық ахуал құрған инвестицияларды қолдау құралдары туралы айтып берді. Сонымен қатар, кез-келген мемлекетте басымдыққа ие болуы тиісті ұлттық нормаларды жетілдіруге қатысты өзгерістерді атап өтті.

Пікірталасқа «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Р. Исатаев, ҚР және Орталық Азия бойынша Ernst&Young басқарушы серіктесі Е. Досымбеков және АХҚО бас экономисті Б. Бектеміров қатысты.
Үшінші сессияның қатысушылары инвестицияларды, инновацияларды қолдау мәселелері, ұлттық және аймақтық деңгейлерде сәтті іске асқан мысалдар бойынша тәжірибе алмасып, проблемаларды сөз етті, инвестицияларды қолдау мақсатында үкіметтер тарапынан жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты, оның ішінде инвестициялық шаралардың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, қағазбастылықты қысқартуға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге арналған пайдалы құралдарды талқылады. Пікірталас модераторы елші, Колумбияның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі, даму мақсатында инвестицияларды қолдау мәселелері жөніндегі құрылымдық талқылаулардың үйлестірушісі Х. К. Гонзалез болды.

ҚР ИДМ инвестициялар комитетінің төрағасы Е. Қайыров Қазақстан өзін Қытайдан Еуропаға тауарларды экспорттайтын көлік хабы ретінде таныту үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатқанын, сондай-ақ, Қазақстанның ЕАЭО құрамында болуы да тауарлар мен қызметтер экспорты бойынша жақсы әлеуетті нарыққа қолжетімділікті қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұдан өзге, Қазақстан басшылығы заңнамалық деңгейде үнемі инвесторлардың мәселелерін шешуге, олардың қызметін жеңілдетіп, барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады.

«Біз инвестициялардың тиімділігі номинациясы бойынша көшбасшы елдердің қатарындамыз, бізде жұмыс күші айтарлықтай арзан. Географиялық тиімді орналасуының арқасында Қазақстан – дүниежүзілік банктің рейтингісі бойынша акциялар пакеті аз инвесторлардың құқықтарын қорғау жағынан бірінші орында. Мемлекет өте қолайлы жерде орналасқан, сондықтан да трансшекаралық саудада тауарлар мен қызметтерді тасымалдау жеңілірек», — деді ол.
Тәжікстанның экономикалық даму және сауда министрінің бірінші орынбасары З. Завкизода, Түркияның Экономика министрлігінің инвестициялық жеңілдіктер енгізу және тікелей шетелдік инвестициялар жөніндегі бас директорының орынбасары М. Аличи, Кореяның Сауда-саттық пен инвестицияларды қолдау агенттігінің «Инвест Корея» бөлімінің басшысы С. Чанг, Молдованың Экономика және инфрақұрылым министрлігінің бас хатшысы Ю. Костин, Арменияның экономикалық даму және инвестициялар вице-министрі А. Аванесян, Лахор экономика мектебінің жоғары даму институтының профессоры Х. Хамдани өз елдерінің мысалында инвестициялық саланы дамыту және жетілдіру, инвестицияларды қолдау саясаты мен шаралары туралы айтып берді. Бұдан өзге, бүкіл аймақта енгізілуі мүмкін тәжірибелерімен бөлісті.
Төртінші сессия аясында ДСҰ-ға мүше мемлекеттер тобының даму мақсатында инвестицияларды қолдау жөніндегі көпжақты негіздемелер құруға бағытталған бастамасы қаралды. Пікірталас модераторы сарапшы, ДСҰ қызметтер саудасы және инвестициялар департаментінің бұрынғы директоры Х. Мамду болды.

Пікірталас қатысушыларының пікірінше, даму мақсатында инвестицияларды қолдау жөніндегі талқылаулар инвестициялық шаралардың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және жеделдетуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, ақпаратпен және үздік тәжірибемен алмасуға, мүдделі тараптармен қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ, әлеует пен техникалық көмекті арттыруға бағытталған.

Сессия аясында осы күш-жігерлерді жаһандық деңгейде қалай нығайтып, толықтыруға болатыны қаралды. Сессия қатысушылары нақты көпжақты жағдайларды құру, елдерде жүргізіліп жатқан реформаларды күшейту, ынтымақтастыққа арналған платформаны қамтамасыз ету, сондай-ақ дамушы және аз дамыған ДСҰ-ға мүше елдердің әлеуетін арттыру бойынша техникалық көмекті және күш-жігерді жұмылдыру тұрғысынан ДСҰ инвестицияларды қолдау бойынша мүмкін болатын қосылған құн негіздемелеріне назар аударды.
Нигерияның сауда-саттық келіссөздері жөніндегі офисінің бас директоры, сауда мәселелері жөніндегі бас келіссөз жүргізушісі О. Чиеду даму мақсатындағы инвестицияларды қолдаудың көпжақты негіздемелері ДСҰ-ның дамушы және аз дамыған елдерінің нақты қажеттіліктеріне жауап беретінін айтты. Олар осындай елдерге олардың нарықтарын кеңейту, аймақтық және құрлықтық нарықтарын біріктіру, сондай-ақ, оларды әлемдік экономикаға біріктіру тұрғысынан қолдау көрсете алады.

«ДСҰ дамушы елдер үшін қандай әдіс болатынын анықтауға тырысуда. Біз әрдайым көптеген ұсыныстарды қарастырып, әрбір ел үшін барынша сай келетінін таңдаймыз, яғни көпжақты негіздемелер – бұл дамушы елдердегі инвестициялық саясатты дамытудың басты аспектісі, ол артық рәсімдерді жеңілдетуден және бюрократиядан арылтудан тұратын іс-әрекеттердің тиімділігін едәуір жақсартады, осылайша дамуға көмектеседі», — деді О. Чиеду.
Бұдан өзге, пікірталасқа елші, Колумбияның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі, ДСҰ-ның инвестицияларды қолдау жөніндегі бейресми тобының үйлестірушісі Х. К. Гонзалез, елші, Қытайдың ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі С. Чжан, министр, Бразилияның ДСҰ жанындағы өкілі Ф. Хиз қатысты.

Жоғары деңгейлі форумның соңында шара қатысушылары Астана мәлімдемесін қабылдады.
Форум аясында Ж. Айтжанова 2020 жылғы маусымда Қазақстанда министрлер конференциясы өтетінін жеткізді. Бұл ДСҰ-ның XII министрлер конференциясы. Аталған конференцияның басты тақырыбы — халықаралық сауда саласын реформалау болады.

«Бұл Мемлекет басшысының тәуелсіздік алған сәттен бастап жүргізіп отырған ашық және инвестициялық саясатының қисынды жалғасы, сондықтан да бұл – тарихи шешім. Мұндай конференция еуроазиялық аймақта халықаралық сауданы реттеуде алғаш рет өткізіледі, қазіргі кезде 164 мемлекет ұйымның толыққанды мүшесі және барлық келісімдерді орындауда», — деді ол.
Айта кету керек, Астанадағы форум ДСҰ мүшелеріне Қазақстанның инвестициялар тарту саласында жүргізіп жатқан реформаларымен және табысты тәжірибесімен, сондай-ақ, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік берді.