Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Фоторепортаж: ЕҮАК-те премьер-министрлер қандай мәселелерді талқылады

2018 жылғы 27 шілде
26–27 шілдеде Санкт-Петербургте ЕАЭО үкіметаралық кеңесінің отырысында Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Арменияның үкімет басшылары ортақ газ нарығын құру, импорт алмастыру мәселелерін, сауда мен әлеуметтік саладағы ынтымақтастық жағдайларын талқылады. Күн тәртібінде барлығы 20-ға жуық мәселе қаралды. Қазақстандық делегацияға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев басшылық етті.
Шағын форматтағы отырыстың басында қол алысу рәсімі өтті, сондай-ақ, үкіметтердің басшылары бірге суретке түсті.
Шағын құрамда өткен кездесуде Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын құру мәселесі егжей-тегжейлі қаралды. Кейін мемлекеттердің басшыларына таныстыру үшін ортақ газ нарығы бағдарламасының жобасы мен тиісті іс-шаралардың жоспары бекітілді.

Сонымен қатар, кеңес кеден аумағы бойынша тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін құру мәселесін талқылады. Оны енгізу интеллектуалды трекерлердің көмегімен халықаралық тасымалдарды қоса алғанда, одақтың кеден аумағы бойынша тауарлардың тасымалдануына тиісті бақылау орнатуға жол ашады.
Кеңейтілген құрамда өткен отырыста қатысушылар дәстүрлі түрде елдердің сауда-экономикалық өзара іс-қимылының құрылымы мен қарқынын талқылады.

Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев өз сөзінде еуразиялық бестік өздерінің мүмкіндіктерін біртіндеп аша отырып, табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
2018 жылдың І тоқсанында одақ елдерінің ішкі тауар айналымы да, сыртқы сауда көлемі де өсім көрсетті (16,4%-ға және шамамен 24%-ға тиісінше). Бұған қоса қатысушы мемлекеттер одақтың ортақ нарығына тек шикізат жеткізуді ғана емес, сондай-ақ, машина, жабдықтар, металдар, металдан жасалған бұйымдар, химия өнеркәсібінің өнімдерін, азық-түлік тауарларын, ауыл шаруашылығы шикізаттарын жеткізуді ұлғайтты.

Дмитрий Медведев
Ресей Үкіметінің Төрағасы
Сонымен қатар, сауда кедергілерін жою мәселесі әлі күнге дейін өзектілердің қатарында. Аталған мәселені шешуге ЕАЭО елдерінің бизнес-қауымының өкілдері кіретін арнайы сарапшылар тобы қосылады. Д. Медведев оған қоса сауда тетіктерін дамыту саласында биыл Ресейде тауарлардың орын ауыстыруының толық циклін — кеденнен шығарғаннан бөлшек саудаға түскенге дейінгі процесті қамтитын бақылау жүйесін құру туралы мәлімдеді.

Қазақстан мен Ресей навигациялық пломбаларды пайдалану арқылы автокөліктік транзиттік тасымалдарға мониторинг жүргізу бойынша пилоттық жобаны және темекі мен темекі бұйымдарын таңбалау жөніндегі жобаны іске қосу туралы келісімге келді.
Тағы бір маңызды тақырып ЕАЭО туралы келісімшартқа енгізу жоспарланған өзгерістер болды. Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың айтуынша, «ЕАЭО туралы келісімшартқа Одақтың құқықтарын жетілдіру бойынша 70-ке жуық түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Сондай-ақ, Б. Сағынтаев Одақтың шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру және дамыту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Таяу арада бірқатар маңызды құжаттар қабылданатын болады.

Бақытжан Сағынтаев
Қазақстан Премьер-Министрі
Өткен жылы Одақ органдары интеграциялық бірлестікті дамытуға бағытталған 600-ден астам актіні қабылдады. Бұл құжаттарды әзірлеу кезінде тиісті салалардағы ең үздік тәжірибе ескеріліп, зерттелді. Біз қажетсіз реттеу құралдары мен бизнеске кедергілерге жол бермей, айналыстағы өнімдердің сапасын арттыруға ұмтыламыз.
Жалпы Беларусь тарапы ЕАЭО туралы келісімшартқа әзірленіп жатқан өзгерістерді оң бағалады, дегенмен «мемлекеттік сатып алулар бойынша ұлттық шектеулерді» енгізу туралы норманы қолдану алгоритмін нақтылауды ұсынды.
Жалпы алғанда бұл сапалы құжат, алайда мемлекеттік сатып алулар бойынша ұлттық шектеулерді енгізу мүмкіндіктері туралы ереже қалай қолданылатынын түсіну қажет. Біздің ойымызша, мұндай шектеулер ерекше жағдайларда және көп дегенде екі жылдық шектеулі мерзімге ғана енгізілуі тиіс. Шектеулі және дағдарысқа қарсы деп қарастырылатын шара шексіз жалғасып кетуіне жол бермеу керек.

Андрей Кобяков
Беларусь Премьер-Министрі
Бұдан өзге, отырыс барысында ЕАЭО елдері арасында кедендік әкелім бажын есептеу мен бөлудің жаңа тәсілдерін әзірлеу мәселесі де қозғалды. Қырғызстанның Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев ЖІӨ деңгейі төмен елдерге олардың бюджеттік тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында кедендік төлемдерді есептеу үшін қосымша «даму коэффициентін» енгізуді және ЕАЭО елдері үшін көлемі бірлестіктегі елдер арасындағы сауда-саттықтың пайыздық арақатынасын және үшінші елдермен сауда-саттықты анықтайтын «ішкі сауда-саттық үшін сыйлықақы» енгізуді ұсынды.

Мухаммедкалый Абылгазиев
Қырғызстан Премьер-Министрі
Баждарды бөлу кезінде алыс шетелдерден тауарлар импортының айналық статистикасын, сауда шектеулерінің санын, тарифтік жеңілдіктерін ескеру қажет.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар цифрлық технологияларды дамыту мен экономиканың жаңа салаларына ерекше назар аударды.

ЕАЭО елдері арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі цифрды дамыту мен оны енгізу екені аталып өтті. Бұл болашақтың экономикасын құру үшін аса маңызды.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян өз кезегінде ЕҮАК-тің цифрлық күн тәртібін іске асыру қандай сатыда тұрғаны жайында айтып берді.

Тигран Саркисян
ЕЭК Алқасының Төрағасы
Бүгінгі таңда бізде 25 бастама пысықталып жатыр. Олардың үшеуі бойынша кеңестің шешіміне сәйкес шаралар қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды, олардың қорытындылары бойынша кеңес оларды одан әрі қалай ілгерілету керектігі туралы шешім қабылдайды. Сондықтан да біздің цифрлық бағдарламамыз, күн тәртібіміз іске асырудың белсенді сатысына кіреді.
Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян өз елінде аталған міндетті жүзеге асырудың нақты жоспары бар екенін атап өтті.
2025 жылы біз қызметтерді көрсетуде мемлекеттік секторға жұмсалатын шығындарды екі есеге төмендету, азаматтардың бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді пайдалану деңгейінің 80%-на қол жеткізу, бұл кеңжолақты интернеттің 80% тұрғындарға 100% қолжетімділік деңгейі және т.б. секілді негізгі көрсеткіштерге жетуді жоспарлап отырмыз.

Никол Пашинян
Армения Премьер-Министрі
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысының қорытындысы бойынша ЕАЭО мүше елдердің үкімет басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұдан өзге, ЕҮАК-тің кезекті отырысы биыл қазан айында Беларусь Республикасында өтетіні туралы шешім қабылданды.
Видео