Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

ҚР Премьер-Министрінің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары

2018 жылғы 26 шілде
26 шілдеде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барып қайтты. Сапардың мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастаманың», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.
Видеодайджест
Өңірге келген бойда Б. Сағынтаев Қазақстан аумағында орналасқан әлемдегі ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі — Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнына барды.
Жоба 280 км² астам аумақты қамтиды. Өндіру көрсеткіштері республикадағы барлық газ өндірудің шамамен 45% және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің шамамен 16% құрайды.
Аралау барысында Премьер-Министр көмірсутек өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директоры Э. Блом кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баяндады.

«Біздің экологиялық көрсеткіштеріміз әлемдік деңгейге сай келеді. Экологиялық қауіпсіздіктің өте қатаң стандарттары өндірісте ғана емес, сондай-ақ, кең ауқымда да сақталуда», — деді ол.
Сондай-ақ, Б. Сағынтаевқа Қарашығанақ кен орнын пайдалануды кеңейту және мерзімін ұзарту қондырғыларының жұмысы туралы толығырақ баяндалды.

Бүгінде мұнай негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереевка» портына апаратын КҚК құбыр желісі арқылы экспортталады.

Бұдан өзге, ҚПО Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының қажеттіліктері үшін электр энергиясын жеткізеді.
Б. Сағынтаев «Конденсат» АҚ зауытында мұнай мен газды өңдеудің технологиялық тізбегі жұмысының жалғасымен танысты. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында K5 экологиялық санатының бензинін шығару іске қосылды.
«Конденсат» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы В. Жүнісов зауытты жаңғырту жұмыстары туралы, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
«2017 жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін кәсіпорынның қуаттылығын арттыра отырып жаңғыртылды. Зауыт жоғары білікті жұмыс орындарын аша отырып, облыстың 1000-нан астам тұрғынына лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары іске қосылған сәттен бастап K5 жоғары экологиялық санатының 80 мың тоннадан астам бензині шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен 1 млрд теңге акциз төленді», — деді ол.

Бұдан кейін Премьер-Министр үш ауданның жұртшылығымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автокөлік жолдарын жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының жалпы Батыс Қазақстан облысының дамуына, оның ішінде ел дамуының басты экономикалық драйверлерінің бірі ретінде автомобиль жолдарының жай-күйіне, және елдің өңіраралық және аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Е. Қизатов 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Батыс Қазақстан облысында іске асырылуы туралы баяндай отырып, өңір картасында жолдарды салу және реконструкциялау барысын көрсетті. Оның айтуынша, 2018 жылы жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын сомаға 13 жобаны іске асыру қарастырылған.
«Биыл екі жобаны іске асыру жоспарланған: «Бөрлі — Ақсай — Жымпиты» автожолын реконструкциялау және «Подстепное — Федоровка — РФ шекарасы» республикалық трассасынан БҚО Теректі ауданы, Алғабас станциясына дейінгі автокөлік жолын реконструкциялау жобалары», — деді ол.

Өз кезегінде инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр Батыс Қазақстан облысының жалпы пайдаланымдағы автожолдарының жалпы ұзындығы 6 496 шақырымды құрайтынын айтты. Жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін алты лот бойынша тендер өткізіледі. 2014 жылмен салыстырғанда жергілікті маңыздағы автожолдардың жағдайы 4%-ға жақсарған. Жалпы, 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75%-ын жақсарту жоспарланып отыр.
Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов картадан қандай автожолдар жақын арада жөнделетінін көрсетті.

Кездесу барысында жергілікті жұртшылық атынан Бөкей ордасы ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Машутов сөз сөйледі.

«Жоғары сапалы автожолдардың құрылысы жергілікті туризмді дамытуға және осы тамаша өлкенің танымалдығын арттыруға жол ашады», — деді И. Машутов.
Бұған қоса, «Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы» жолының салынып жатқан учаскесін тексеру барысында Премьер-Министр жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Автожолдың ұзындығы 100 шақырымды құрайды, оның 27 шақырымы өткен жылы аяқталды. Биыл жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев «Казталов — Жәнібек — Бөкей ордасы» автожолының учаскесін жөндеу барысымен танысты. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыру мақсатында жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталов — Жәнібек» және «Өнеге — Бисен — Сайхин» автожолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын жобалау басталды. Жобаларды 2019–2021 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.

Бұдан кейін Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы барысымен және «7–20–25» бағдарламасын іске асыру кезеңдерімен танысу үшін Зашаған кентінде салынып жатқан шағын ауданға барды.
Салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйді тексеру барысында Премьер-Министрге нысан осы жылдың шілде айында пайдалануға берілетіні айтылды.
Орал қаласының әкімі М. Мұқаев Мемлекет басшысының жарияланған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. 2015–2017 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 159%-ға артты. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, өткен жылы өңірде 3 828 тұрғын үй салынды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 38,6% артық.

Сонымен қатар, «7–20–25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын «Ақжайық» жаңа шағын ауданын игеру басталды. Мұнда 150 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарына сәйкес, бұзылған апатты және ескі үйлердің орнына жаңа үйлер салынуда. Осылайша, 2017 жылы Орал қаласында 7 апатты үй құлатылып, олардың орнында жаңа ғимараттар салынып жатыр. Биыл апатты деп танылған 13 үй құлатылады.

Жұмыс сапарының жалғасы ретінде Премьер-Министр Б. Сағынтаев мамандандырылған жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығына барды, онда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету әдістерімен танысты. Мамандандырылған ХҚКО директоры М. Басаров айтып өткендей, жұмыс істеген екі айдың ішінде орталық қызметкерлері 15 мың түрлі қызметтерді көрсеткен.
«Бұрын аталған қызметтерді алу уақыты шамамен 6 сағат болатын, қазір орталықтың жаңа мүмкіндіктерінің арқасында көлік иелері оған шамамен 90 минут уақыттарын жұмсайды. Күн сайын мамандандырылған ХҚКО-да орта есеппен 350-370 қызмет көрсетіледі. Мамандандырылған ХҚКО-да жыл сайын 70 мыңға жуық автокөлік иелеріне қызмет көрсетіледі деп жоспарлануда», — деді М. Басаров.
Жұмыс сапарының соңында Б. Сағынтаев өңір активімен және бизнес өкілдерімен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Кеңес осы жылдың 15 мамырында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу барысына талдау жасаудан басталды.
Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы сапар аясында республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз ету, сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Е. Досаев Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін айтты.

Бұдан әрі активпен кездесу барысында өнеркәсіп саласын, сауданы, көлік және логистиканы, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, туризмді, АӨК, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңарту және цифрландыру, инвестициялар тарту және өнімді жұмыспен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов жобалық басқару аясында І жарты жылдықта әкімдіктің атқарған жұмысы туралы айтып берді. Қазір өңір еліміздің ЖІӨ 4,5% және өнеркәсіптік өндірістің 9% қамтамасыз етіп отыр.

А. Көлгіновтің айтуынша, жобалық басқару аясында шаралар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру облыстың қарқынды өсуіне ықпал етеді. Жалпы қосылған құн өсіміне қол жеткізілді: базалық индустрияландыруда (20%), агроөнеркәсіптік кешенде (16%), АКТ дамуында (6%).

Одан соң кеңес барысында өңірді одан әрі экономикалық дамытудың қолда бар әлеуеті мен қорлары қаралды.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр жобалық басқару және инвестициялар тарту жобасының аясында әкімдік орындау мерзімі 2022 жылға дейін $6 млрд сомасына 50 жобаны орындау міндетін алғанын айтты.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Б. Ақшолақов өңірдің мұнай өнеркәсібі кешенін дамыту жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, отын-энергетика кешені бойынша жобалық басқару аясында облыспен бірлесіп 2018 жылға арналған мақсатты индикаторлар декомпозицияланған. Жалпы қосылған құн өсімі 2,7% деңгейінде, инвестициялар — 7,1%, еңбек өнімділігі — 4,6% және ОЭК жұмыс істейтіндер саны 9100 деңгейінде.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жұмыстар жоспары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының саласын субсидиялауға биыл 8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Сонымен қатар, кеңес барысында бейнеконференция байланысы арқылы бірқатар министрліктің өкілдері сөз сөйледі.

Мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов Батыс Қазақстан облысында туризмді дамыту, Президенттің туризмді дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалуына талдау жасау және облыстың ЖӨӨ-дегі туризм үлесінің одан әрі өсімінің қолжетімді қорлары туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста бірнеше бағытта туризм саласын дамытудың үлкен әлеуеті бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Мұқышев облыстың жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері туралы міндеттері мен еңбек ағындары туралы жол картасын бағалау туралы айтып берді. ҚР ЕХӘҚМ деректеріне сәйкес, Батыс Қазақстан облыстында барлығы 57,5 мың өндіргіш жұмыс орны бар.

Ұлттық экономика вице-министрі М. Жүнісбекова жаппай кәсіпкерлікті дамыту және сауда саласын жаңғырту жөнінде, сондай-ақ облысты дамытудың экономикалық мүмкіндіктері мен қорлары жайында баяндады. Көрсеткіштердің өсімі Базалық индустрияландыру, АӨК және АКТ бағыттарында байқалды. Бұдан өзге, І жарты жылдықта әрекет етуші ШОБ субъектілері өсімінің оң қарқыны байқалды — 3,3%.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов бәсекелестікті кеңейту мен медицинаға жеке сектордың қатысу үлесін ұлғайту бойынша алдағы жұмыстардың жоспарлары мен ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Бұл бағытта сауықтыру және оңалту қызметтеріне инвестициялардың ағынын күшейтудің, сондай-ақ негізгі аурулардың алдын-алу және оларды басқару бойынша қосымша шараларды қабылдаудың қажеттілігі атап өтілді.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, өз кезегінде, өңірде білім беру саласын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен, бүгінгі таңда мектептердің 86% 4 Мбит/с бастап одан да жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетпен қамтылған, 90% — компьютерлік техникамен жарақтандырылған. Балабақшалардың 90% автоматтандырылған жүйеге қосылған.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев экономика салаларын цифрландыру және АКТ саласын дамыту жөнінде баяндады. 2018 жылдың І тоқсанының нәтижелері бойынша жалпы қосылған құн өсімі 14,7%-ды құрады. АКТ саласында жұмыс істейтіндердің саны 3200 адамды құрайды, еңбек өнімділігінің өсімі 16,2%-ды құрады.

Талқылау барысында кәсіпкерлікті дамыту және отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау мәселелері бойынша өлкетанушы Ж. Ақбай және «Зенит» АҚ директоры В. Валиев пікір білдірді.

Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерін тиімді шешу үшін дамудың 12 бағыты бойынша өсімнің мақсатты индикаторларын кешенді іске асыру қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр осы мақсат үшін отандық кәсіпорындардың, қызметтер мен тауарлардың дамуы мен жетілуіне баса назар аудару керек екенін, бұл өз кезегінде жергілікті мамандарды қарқынды даярлау мен оқытуды талап ететінін айтты. Б. Сағынтаевтың пікірінше, мамандарды дайындау және қайта даярлау мәселесі экономиканы жаңғыртудың маңызды басымдығының бірі болуы керек.
Еске салайық, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге жұмыс сапарын жалғастыруда. Осыған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола, Ақтөбе облыстарында жұмыс сапарларымен болды.