Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Білім беру және денсаулық сақтау сапасы, кадрлық әлеует және жылыту маусымына дайындық: Бақытжан Сағынтаевтың Павлодар облысына жұмыс сапарынан фоторепортаж

2018 жылғы 14 қыркүйек
Фоторепортаж

Бақытжан Сағынтаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары: білім беру, медицина, кадрлар және цифрландыру

14.09.2018
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Павлодар өңіріне келгеннен кейін бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын аралап, жергілікті дәрігерлермен, білім беру және бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында өңірде өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызметтердің сапасын арттыру шаралары мен өзекті мәселелер талқыланды.
Видеодайджест
Жалпы өңір бойынша жұмыс сапары Екібастұз қаласынан басталды. Мұнда Премьер-Министр «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ (ERG) құрамына кіретін «Восточный» көмір разрезін аралады. Премьер-Министр облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ. Жазылбектің сүйемелдеуімен уатқыш қондырғыны тексерді, мұнда «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ президенті В. Гриненко мен «Восточный» разрезінің директоры Ю. Гончаров барлық өндірістік қызметпен таныстырды.
Премьер-Министр көмір қазу кен орнынан кейін №36 мектепке бет алды, онда АТ-кабинеттерді аралады. Мұғалім Б. Белгібаева «Өз болашағыңды бағдарла» пилоттық жобасының іске асырылуы жайында айтып берді.
Бұдан кейін Б. Сағынтаев Екібастұз қ. мектептерінің қамқоршылар кеңестері мен ата-аналар комитеттерімен кездесіп, олармен білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар білім беру жүйесіндегі проблемаларға қатысты өз ойларын ортаға салып, білім беру қызметтерінің сапасын көтеру туралы ұсыныстарын білдірді.
№18 мектептің өкілі А. Армангүл бірінші сынып оқушыларын мемлекеттік тіліндегі оқыту материалдарымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. №2 мектептің атынан Н. Қосдәулетова оқыту орындарының инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселесін тілге тиек етті. №17 мектеп өкілі С. Ақнұрова аралас мектептердің жұмысын жетілдіру жайын қозғады. В. Колодюк (№35 мектеп) — әлеуметтік педагогтар, мектеп психологтары мен әдіскерлердің жалақысын көтеру мәселелері туралы айтты. №22 мектеп өкілі Қ. Көкімбаева Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатының қолданылу мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. №10 мектептен келген В. Потрахина білімді бағалау жүйесіне ұсыныс білдірді. №21 мектеп өкілі С. Бертенева бес күндік оқу аптасына көшу арқылы оқушылардың жүктемесін азайту туралы сұрақ қойды. Ш. Ақмурзина өңірде мектептердің базасында қосымша ұзартылған кіші сыныптар ашу мәселесін көтерді.

Жиын қатысушыларының сұрақтарына Премьер-Министр Б. Сағынтаев пен білім және ғылым министрі Е. Сағадиев жауап берді.
Ата-аналар қауымымен өткен кездесуден кейін Б. Сағынтаев ашылғанына көп болмаған майнингтік қызмет көрсететін «БНКА Энерджи» ЖШС-не барды.

Компанияны аралау кезінде Премьер-Министрге деректер орталығының техникалық мүмкіндіктері көрсетілді. Б. Сағынтаев бірінші цехтағы майнингтік ұяшықтар мен басқару пунктіндегі электронды есептеуіштерді тексерді.

Компанияның техникалық директоры Ж. Әлдебергенов жобаны іске асыру барысы мен кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндады.
Цифрландырудың заманауи бағыты Павлодарда таныстырылды. Премьер-Министр «Қазақтелеком» АҚ-ның Деректерді өңдеу орталығына барды.

Мұнда Б. Сағынтаевқа цифрлық экономиканы дамытудың жаңа бағыты таныстырылды. Премьер-Министр Қазақстанның деректер орталықтарының индустриясын дамытудағы, энергетикалық әлеуетті жүзеге асырып, инвестициялар тартудағы мүмкіндіктерімен танысты.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев Деректерді өңдеу орталығы Қазақстанда ұсынылатын жинақтық қызметтер көлемі бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Клиенттер — корпоративтік сектор мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері.
Бұдан әрі Премьер-Министр білім беру жүйесімен, кадрлар әлеуетімен, сондай-ақ, студенттерге жатақханада жасалған жағдайлармен танысу үшін облыстық түсті металлургия колледжіне барды.
Оқу ғимаратын аралау кезінде Премьер-Министрге зертханалық және оқу сыныптары, техникалық-өндірістік база көрсетілді. Сондай-ақ, Премьер-Министр Студенттер үйінің (жатақхананың) тыныс-тіршілігімен танысты.

Өңірлік білім беру басқармасының басшысы Д. Болатханұлы Б. Сағынтаевты Павлодар өңірінің білім беру жүйесімен таныстырды.
Колледж жұмысын тексергеннен кейін Б. Сағынтаев жоғары оқу орындары, колледждер мен кәсіпорын басшылары және студент жастармен өнеркәсіптік индустрияландырудың жаңа моделіне мамандарды дайындау мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Кездесу барысында техникалық мамандықтарға кәсіби мамандарды даярлау, елімізде қолға алынып жатқан цифрландыруды дамытуды ескере отырып, жұмыскерлерді қайта оқыту, колледждердің беделін көтеру мәселелері, сонымен қатар төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.
Кездесуге қатысушылар ел экономикасын дамыту үшін жаңа зауыттардың құрылысы мен инвестициялардың тартылуымен қатар, жоғары білікті мамандарды даярлаудың да қажеттілігін атап өтті. Жастарды шынайы экономикаға тартудың маңызды тетіктерінің бірі — техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКББ).
Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовтың айтуынша, бұл өңір — көп салалық индустриялық кешен. Таяу келешекте 14 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, ол 4 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«ТжКББ жүйесін жаңғырту аясында бүгінде 17 000 жас азамат тегін техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болды», — деді облыс әкімі.
«ТжКББ жүйесін жаңғырту аясында бүгінде 17 000 жас азамат тегін техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болды», — деді облыс әкімі.
Кездесу барысында бейінді министрліктердің өкілдері де сөз сөйледі. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев білім беру жүйесін дамыту туралы баяндады. Атап айтқанда, ЖОО-ларға академиялық еркіндік беру, колледждерді бір бағытқа бейіндеу және қосарлы білім беру жүйесін дамыту мәселелерін қозғады. Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек ресурстарының көшуін басқаруға қатысты сөз сөйледі.
«Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек ресурстарының ағынын басқару жөніндегі кешенді жол карталарын әзірлеуге кірістік. Бүгінде еліміздің ірі кәсіпорындарымен жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
«Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек ресурстарының ағынын басқару жөніндегі кешенді жол карталарын әзірлеуге кірістік. Бүгінде еліміздің ірі кәсіпорындарымен жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
ТжКББ бағдарламасы аясында практикадан өту кезінде жинаған тәжірибелерімен және өздерінің ойларымен Павлодар түсті металлургия колледжінің түлектері Т. Күлемшатов пен А. Маговьянов бөлісті.

ТжКББ жүйесін енгізіп жатқан кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығы туралы Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы А. Прейманис түсініктеме беріп өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында ірі кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйледі. «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Р. Романов жастардың кәсіпорында дағдыларды үйренуі мен жұмысқа орналасуы туралы айтып берді. Қызыл әскер аграрлық-техникалық колледжінің директоры С. Жартыбаев ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандарды даярлаудың басым бағыттары туралы сөз сөйледі. Қызыл әскер аграрлық-техникалық колледжінің жетекшісі А. Поляков, Павлодар мұнай-химия зауытының әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас директорының орынбасары А. Имантаева қосарлы білім беру жүйесі бойынша студенттерді оқыту аясында колледждермен ынтымақтасу туралы айтып берді.

Премьер-Министр өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі мен цифрландыру барысымен танысу үшін жедел медициналық көмек станциясына барды.

Б. Сағынтаевқа жедел жәрдем бригадаларының жұмысын үйлестіруге көмектесетін медициналық құрылғылар көрсетілді. Бүгінде медицина ұйымына 12 жоба енгізілген. Олардың ішінде басқару мен жұмыс орнының автоматтандырылған жүйесі, электронды медициналық карта, навигациялық жүйе, науқасқа тезірек жету үшін бригадаларды барлау, ЭКГ-ны қашықтан өту сынды ыңғайлы жаңашылық бар. Сонымен қатар, арнайы телемедицина мен интерактивтік оқу орталығы жұмыс істейді. Мекемеде адам өміріне араша түсіп жүрген 1044 қызметкер биылғы сегіз ай ішінде 177 000 шақыртуға шыққан.
Станцияны тексергеннен кейін Б. Сағынтаев облыстың медицина саласының қызметкерлерімен көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру жайында кеңес өткізді. Әсіресе, дәрімен қамтамасыз ету, олардың бағасы мен медицина инфрақұрылымы және мамандар біліктілігі қызу талқыланды. Бала мен ана денсаулығын қорғау тақырыбына ерекше көңіл бөлінді.
Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту аясында қолға алынып жатқан шаралар туралы салалық басқарма басшысы О. Мұқашев баяндап берді.

Кездесу қатысушылары: бас дәрігерлер, жедел медициналық көмек қызметкерлері және облыстың денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мекемелерінің қызметкерлері өз сөздерінде саланың өзекті мәселелерін қозғады. Павлодар қаласының №5 емханасының дәрігері А. Низамутдинова медицина қызметкерлерінің еңбек ақы мәселесін көтерді. Облыстың жедел жәрдем станциясының дәрігері А. Ермек трассалық медициналық-құтқару пунктілерінің жұмысы туралы сөз сөйледі. Павлодар ауданы емханасының дәрігері Г. Қайырбаева медицина кадрларымен қамтамасыз ету туралы айтты. Сирек кездесетін аурулар кезінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін Павлодар облыстық кардио орталығының кардиологы Г. Мұқанова қозғады. Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургы А. Антикеев жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ұсыну туралы айтып өтті. Ал №1 емхана дәрігері А. Исеева өз сөзінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру процесіне тоқталып өтті.
Дәрігерлердің қойған сұрақтарына Премьер-Министр Б. Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев және денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов түсініктеме беріп өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа және облыс әкімі Б. Бақауовқа медицина қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату және ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Бұдан кейін Премьер-Министр облыстық Оқушылар сарайында білім беру жүйесін жаңғырту және цифрландыру барысын тексерді.

Тақырыптық кабинеттерді тексеру барысында Оқушылар сарайының директоры А. Ерубаева мекеменің жұмысы, оны техникалық жарақтандыру және АТ-сыныптардың мүмкіндіктері туралы айтып, адамның белгілі-бір кәсіби қызметке деген икемділігін, жеке тұлғалық қасиеттерін, дарынын, дағдыларын диагностикалауға арналған Touch table интерактивті кәсіби бағдарланған модулімен таныстырды.
Б. Сағынтаев балалар технопаркінің және бизнес-инкубатордың жұмысын тексерді. Тәрбиеленушілер роботты техника зертханасында әртүрлі күрделілік деңгейіндегі кешендерді көрсетіп, олардың қолданылуы туралы айтып берді. Ал АТ-сыныпта әзірленген жобалар мен бағдарламалар көрсетілді. Сондай-ақ, оқушылардың фото жобаларының қысқа таныстырылымы өтті. Бұған қоса, Премьер-Министр астрономиялық зертхананың ғылыми-техникалық жарақтандырылуымен танысты.
Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Кездесу қатысушылары Б. Сағынтаевтың назарын облыста бизнесті дамыту, инвестициялар тарту және отандық өнімдер мен қызметтердің экспортқа бағдарлануын жетілдіру мәселелеріне аударды.
«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев өңірлік бизнесті дамыту мәселесі туралы баяндама жасады. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өңірдегі экспортқа бағдарланған тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ, өңірдің бизнесті дамыту бойынша қолда бар қорлары, атап айтқанда, импортты алмастыру келешегі туралы ақпарат берілді. «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің атынан төраға О. Крук сөз сөйледі, ол сауда қатынастарын реттеуді жетілдіру мәселелеріне тоқталып өтті.

Кәсіпкерлер өзекті мәселелерді қозғап, өңірде бизнес жүргізуге тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді одан әрі төмендетуге қатысты шаралар ұсынды. «Railways systems KZ» ЖШС бас директоры А. Хачатурян қызметтер мен тауарлар ақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселелері туралы айтып берді. «Forwoll Group» КТ Директорлар кеңесінің төрағасы В. Литуев арнайы экономикалық аймақ аумағында салық режимін жетілдіру туралы ұсыныстарын білдірді. «Қазэнергокабель» АҚ құрылтайшысы В. Бобров өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларын кеңейту туралы баяндады. «Галицкое» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры А. Касицын ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғады. «БНКА Энерджи» ЖШС техникалық директоры Ж. Әлдебергенов энергетикалық инфрақұрылым құрылысына шетелдік инвестициялар тарту мәселесін көтерді.
Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы А. Прейманис өз сөзінде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін ШОБ дамыту өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан да, ШОБ-ты цифрландыру дағдыларын дамытуға және енгізуге ерекше көңіл бөлу керек.

Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев ШОБ саласының цифрлануын дамыту, сондай-ақ, оның еңбек өнімділігін арттыруға әсері туралы түсініктеме беріп өтті.
Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс сапарларымен болды.