Салықтар мен төлемдер бойынша нақты жүктеме 2023 жылдан бастап төмендетіледі — ҰЭМ

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша брифинг өтті. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев микро және шағын бизнес үшін жиынтық жүктемені 34%-дан 25%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу туралы айтып берді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бизнес ЕТҚ-дан 5 төлем төлеуге мәжбүр, бұл шағын бизнес үшін техникалық және әкімшілік тұрғыдан тым көлемді. Бұл – жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру бойынша жарналар, бұл кәсіпкерлерге айтарлықтай үлкен жүктеме тудырады.

Осы салықтар мен төлемдер бойынша нақты жүктеме биыл 33,5% құрайды. Осыған байланысты, осы төлемдерді бірыңғай төлемнің құрамына енгізу және жалпы жүктемені 25%-ға дейін төмендету бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

«Түпкілікті тәсілдер биылғы жылдың соңына қарай Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленетін болады. Тиісті төлем жүйелері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа қағидат бойынша жұмыс істей бастайды», — деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған қаражат республикалық және жергілікті бюджеттер аясында қарастырылған. Бүгінде республикалық бюджет Парламентте қаралуда. Республикалық бюджеттің болжамы мен оны жоспарлау макроэкономикалық болжамдармен тікелей байланысты.

«Келесі жылы біз экономиканың өсуін 3,9% деңгейінде болжап отырмыз, ал инфляция деңгейі 4,6% дәлізінде сақталады», — деп хабарлады ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ, Ә. Ерғалиев Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны салық, әлеуметтік салаларда есептік көрсеткіш ретінде пайдаланбауды тапсырғанын атап өтті. Салық кодексінде ЕТЖ-ға байланыстыру ЖТС бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша базаның ең төменгі мөлшерін есептеу бөлігінде ғана бар. Жыл соңына қарай бұл жұмыс аяқталады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу