Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан өңірлерінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қалай арттырылып жатыр

03 сәуір 2019, 12:12
Фото: primeminister.kz

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева өңірлер бөлінісінде шет елдерге экспортталатын өнімдердің негізгі түрлері бойынша жасалған талдау нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулданов АӨК саласындағы инвестициялар туралы айтып берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлер қандай елдерге және қандай өнімді экспорттайтынына талдау жасады. Талдау нәтижелері АӨК өнімдері экспортының негізгі көлемі бидай мен ұнға тиесілі екенін көрсетті. АӨК өңделген өнімінің үздік тобына өңделген өнімнің жалпы экспортының 39,2% үлесін алатын ұн, өсімдік майлары — 9%, кондитерлік өнімдер — 9%, балық сүбесі — 4%, сондай-ақ, балалар тамағы және сүт өнімдері — 2% кіреді. Сондай-ақ, мақта талшығы — 6% және өңделген жем (жом, кебек, қалдықтар) — 4% көп экспортталады.

Астық экспорты бойынша негізгі өңірлер — Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Астықтың дәстүрлі нарықтары — Орта Азия, Иран, Қытай және Ауғанстан.

Г. Исаеваның айтуынша, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстары Ауғанстан, Орта Азияға ұнды көбірек экспорттайды. Майлы дақылдарды Өзбекстанға, ЕО, ҚХР, Моңғолияға Солтүстік Қазақтсан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары, Алматы қаласы экспорттайды. Өсімдік майы негізінен ҚХР, РФ және Орта Азияға Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі.

Г. Исаеваның айтуынша, Қазақстан үшін маңызды нарық — ЕАЭО. Онда $490 млн-ға 1,2 млн т экспортталады. Көбінесе Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстары және Алматы қаласы экспорттайды.

ҚХР-ге өткен жылдың қорытындысы бойынша $258 млн сомасына 919 млн т АӨК өнімі экспортталды. ҚХР-ге Шығыс Қазақстан, Түркістан (Шымкентпен бірге), Қостанай облыстары және Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары белсенді түрде экспорттайды.

Қазақстанның келесі басымдық берілетін нарығы — Иранға $329 млн сомасына 1,8 млн т қазақстандық АӨК өнімі экспортталады. Иранға көбінесе Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары экспорттайды. Себебі сауда-логистикалық және трейдерлік компаниялардың басым бөлігі аталған қалаларда орналасқан. Олардың Иранға экспортының үлесі 62,5% құрайды. Сонымен қатар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары да көбірек экспорттайды.

Парсы шығанағы елдерінің нарығы да Қазақстан үшін қызығушылық тудырады. Мәселен, елдің “алтын” алтылығына (БАӘ, САК, Бахрейн, Оман, Катар, Кувейт) өткен жылы 4,5 млн тонна қазақстандық АӨК өнімдері экспортталған. Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көп экспорт жасаған.

Түркияға Қазақстан $113 млн сомасына 455 мың тонна АӨК өнімдерін жеткізеді. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары белсене экспорттайды.

Қазақстан Еуропа елдеріне $303 млн сомасына 900 мың т жуық АӨК өнімін экспорттайды. Көбінесе Шығыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары АӨК өнімдерін экспорттайды.

«Орта Азияда біз Өзбекстанмен белсенді сауда жүргіземіз. Өткен жылы АӨК өнімдерінің экспорты $633 млн сомасына 3,9 млн тоннаны құрады. Бұл орайда Өзбекстанға экспорт бойынша көшбасшылардың — Түркістан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының үлесі 78,1% құрайды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулданов еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне былтыр салынған инвестициялар көлемі туралы айтып берді. Оның айтуынша, АӨК-ке салынған инвестициялар көлемі 18%-ға өскен, бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруды 26%-ға ұлғайтуға септігін тигізген. 

«2018 жылы ауыл шаруашылығы саласына ең көп инвестициялар салынған өңірлер Павлодар, Ақмола және Алматы облыстары болды. Олар 2017 жылмен салыстырғанда осы инвестициялардың ақшалай көлемінде де алда. Жалпы Қазақстан бойынша өткен жылы АӨК саласына 518 млн теңгеден астам қаражат құйылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Атап айтқанда, Павлодар облысында – 93 млн теңге, Алматы облысында  82 млн теңге, Ақмола облысында  60 млн теңге, Түркістан, Шымкент қалаларында  54 млн теңге және СҚО-да – 520 млн теңгеден артық инвестиция құйылған. Осы инвестициялардың арқасында экспорттың өскендігі айқын», — деп нақтылады сала өкілі.

Қазақстан өңірлерінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қалай арттырылып жатыр
1/2
Қазақстан өңірлерінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қалай арттырылып жатыр
2/2