Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР-да ауыл шаруашылығы жерлеріне жиі агрохимиялық зерттеулер жүргізу орынсыз – Е.Базылжанов

04 мамыр 2016, 22:23

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлеріне жиі агрохимиялық зерттеулер жүргізу орынсыз, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Республикалық ғылыми-әдістемелік агрохимиялық қызмет орталығы» ММ басшысы Ерболат Базылжанов.

«Барлық өңірлер бойынша КСРО жанындағы агрохимиялық зерттеулердің орталық институты Сібір, Қазақстан, Өзбекстан бойынша ұсыныстар берді. Қазақстан бойынша - суаруға бес жыл, тәлімі жерде - жеті жыл. Бұл оңтайлы көрсеткіш. Бұл уақытта гумус және қоректенудің басқа элементтері бойынша күрт төмендеулер болмайды. Сондықтан, ол үшін ақша жұмсаудың қажеті жоқ», - деді ол ОКҚ брифингінде.

Сонымен қатар, шет елдердің тәжірибесі жайлы айтқан ол ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу үш-бес жылда бір рет жүргізілетінін айтып өтті.

«Егер Германияны, Францияны алатын болсақ, ол жақта ауа райы жағдайы жұмсақ, жауын-шашынның жылдық мөлшері 500 мм жуық, ал бізде 250 мм. Бірақ, Еуропаның кейбір елдерінде фермерлер зерттеулерді жыл сайын көктемде өз жерлерінде өз есебінен жүргізеді. Ал, біздің жағдайда зерттеулер мемлекеттік бюджеттен жүргізіледі. Мұнда бәрі ашық, бұрмалау жоқ, мәліметтер базасы ҚР АШМ құпия бөлмесінде және біздің қызметте сақталады», - деді ғылыми орталықтың басшысы.

Ол гумификация үдерісі – «бұл ұзақ үдеріс және гумустың айтарлықтай төмендеуі 5-7 жылда орын алмайтынын» айтты.

Қазақстанның қай өңірлерінде топырақтың құнарлылығы ең көп төмендегені жайлы айтқан ол құнарлылығы төмен жерлер еліміздің оңтүстік аймақтарында екенін айтты.

«Еліміздегі ең төменгі құнарлы топырақ Оңтүстік Қазақстанда байқалады. Солтүстік аймақта көбінесе ашық-қызғылт және қара топырақтар. Олар табиғаты бойынша жоғары көрсеткішті көрсетеді, көбінесе, қара топырақ 5-7% гумусқа ие, ақшыл-қызғылт – шамамен 3-5% гумус. Егер оңтүстік аймақты алатын болсақ, ол жерде көбіне сұр жерлер, ондағы гумус мөлшері 2-3%», - деді ол.