Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату мәселесі болған емес – Н.Назарбаев

06 мамыр 2016, 03:21

Жер кодексінің нормаларын дайындау кезінде шетелдік тәжірибе ескеріледі, алайда жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кеңес барысында.

«Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни жалға алынған жердің 0,06% ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр», - деді Н.Назарбаев. 

Ол жерді ұзақ мерзімге жалға беру - бүкіл дүние жүзі бойынша инвестиция тартудың амалы екенін, Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайтынын айтып өтті.

«Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ», - деп баса айтты Президент.