Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР моноқалаларында 113 апаттық және ескі ғимарат бұзылған - ӨДМ

10 қыркүйек 2013, 10:19

Қазақстандағы моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 113 апаттық және ескі ғимарат бұзылған, деп хабарлады өңірлік дамудың бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстан Республикасының Үкіметі отырысында. 

«Үкімет бұл үшін ағымдағы жылы мақсатты түрде 750 млн. теңге көздеді. Осы бағытта нәтиже бар, Жаңатас қаласында 62, Қаратау қаласында 18, Абай қаласында 16 және Арқалық қаласында 17 үйді бұзу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, барлық моноқалаларда авариялық тасталған объектілер бар, олар халықтың көңіл-күйіне жағымсыз әсер етіп және әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізеді.

«Жалпы барлық моноқалаларда инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның тозуының жоғары дәрежесі байқалады, орташа алғанда 70 %-дан артады. 2013 жылы инвестициялық жобалар бойынша 6,3 млрд. теңге және жайластыру жөніндегі ағымдағы іс-шараларға 6,6 млрд теңге бөліп отырмыз», - деп толықтырды ол.

Естеріңізге сала кетейік, моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов 2015 жылға дейін моноқалалардағы барлық қолданыстағы авариялық үйлер мен ғимараттарды бұзу жөнінде тапсырма берген болатын.