Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  

16 маусым 2018, 12:06
Астана
Фото: primeminister.kz

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың төрағалығымен «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен қамтылған халықты формализациялау: қажетті заңнамалық шаралар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында 2018 жылдың ІІ тоқсанында Парламент Мәжілісіне ұсынылатын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» жаңа заң жобасының қосымшалары егжей-тегжейлі қаралды.

Шараға Парламент депутаттары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдардың және еліміздің әлеуметтік қорларының басшылары қатысты.

Сарапшылар бейресми жұмыспен қамту мәселелерін, бірыңғай жиынтық төлемді енгізуді, жұмыспен қамтылған халықты жіктеуді, статистикалық есепті жетілдіру мәселелерін талқылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адам өз әлеуетін іске асыра алатындай жағдай жасаудың маңыздылығын атап өткенін еске салды.

Осыған байланысты салық және әкімшілік-құқықтық шаралар кешенін қарастыратын жұмыспен қамтуды формализациялау туралы заң жобасы әзірленді.

 

Еңбек нарығы және бейресми жұмыспен қамту

Ел экономикасына өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды тарту мен формализациялау жұмыстары Президент тапсырмалары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

Ресми статистикаға сәйкес, 2017 жылы Қазақстанда еңбек күшін 9 млн астам адам құрады. 2010 жылмен салыстырғанда жұмыс күшінің саны шамамен 417 мың адамға немесе шамамен 5%-ке артқан. Жұмыспен қамтылған халық саны 8,5 млн адамға дейін 471 мың адамға ұлғайды.

Жалпы 2010 жылдан бастап жалдамалы жұмысшылар саны 20%-ке артты, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны, керісінше, 22%-ке төмендеді.

Қазақстанда өз-өзін жұмыспен қамтудың ағымдағы деңгейі (24%) салыстырмалы елдер деңгейіне сәйкес келеді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда жұмыспен қамтылған халық құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 25% деңгейінде.

2010 жылдан бастап Қазақстандағы жұмыссыздар саны 12%-ке төмендеді: 497 мың адамнан 442 мыңға дейін. Бүгінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі — 4,9%, ЭЫДҰ елдерінде — орта есеппен 5,5% .

2010–2017 жылдардағы еңбек нарығының негізгі көрсеткіштері, мың адам.

 

Көрсеткіш 

2010

2012

2014

2016

2017

2010-2017

Жұмыс күші, мың адам

8611

8982

8962

8999

9027

+4,8%

Жұмыс істейтіндер, мың адам

8114

8507

8510

8553

8585

+5,8%

Жалдамалы жұмыскерлер, мың адам

5409

5814

6110

6343

6486

+20%

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, мың адам

2705

2693

2400

2210

2099

-22%

Жұмыссыздар, мың адам

497

475

452

445

442

-11%

Жұмыссыздық деңгейі,%

5,8

5,3

5

5

4,9

-15%

 

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2017 жылы экономикадағы бейресми жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 1,4 млн адамды (16%) құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 2,2 есе аз (35%). Мәселен, Финляндияда бейресми жұмыспен қамтылу деңгейі — 18%, Бразилияда — 37%, Аргентинада — 48%, Мексикада — 57% (Дүниежүзілік банк деректері).Дерек көзі: ҚР ҰЭМ Статистика комитеті

 

Жаңа заң не үшін қажет?

Бейресми жұмыспен қамтудың басты себебі — құқықтық және салықтық реттеудің жетілмеуі, тіркеуге ынталандыруды төмендететін тиісті құқықтық формалар мен салық режимдерін шектеу.

Жалдамалы жұмысшылар арасында бейресми жұмыспен қамтылудың себебі — жеке кәсіпкерлік немесе еңбек келісімшартынан өзге, басқа құқықтық немесе салықтық режимнің болмауы. Бұған күрделі тіркеу үдерістері, жоғарғы қаржылық жүктемелер және күрделі әкімшілендіру байланысты.

Жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар үшін жекелеген ұйымдастырушылық-құқықтық форма жоқ, соның салдарынан олардың барлығы автоматты түрде «бейресми» статусын алады.

Мемлекеттік кіріс органдарына кем дегенде 12 ЕТЖ көлемінде табыс табу кезінде тіркеу туралы талаптардың жоқтығы осындай кәсіпкерлердің (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) автоматты түрде «бейресми» статусын алуына әкеледі.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

«Бұл тіркеуді оңайлатуға және салық ауыртпалығын жеңілдетуге жол ашады, МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді алу құқығын береді және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдерді тағайындауға мүмкіндік береді», — деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаев.

Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?

 

Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар 6 салық режимінің біреуін қолдана алады.

Сонымен бірге, барлық режимдерде тіркеуден өтіп, есеп/декларациялар беру, жекелей әлеуметтік төлемдерді төлеу қажет. Тиісінше, тіркеу кезіндегі кедергілер — жоғары қаржылық жүктеме, салық органдарында тіркеу және есептен алудың күрделі тәртібі, көптеген төлем жүйелерінің болуы, әкімшілендіру мен есеп берудің күрделілігі.

«Осыған орай, қазіргі таңда заң жобасы аясында бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу арқылы тіркеуді оңайлату және салық ауыртпалықтарын жеңілдету қарастырылған.

БЖТ табыс табу және (немесе) пайда түсіру мақсатында қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға өздерінің қызметі жайында мемлекетке хабар беруге және әлеуметтік және медициналық сақтандыруға қатысуға мүмкіндік береді, осылайша әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаев дөңгелек үстел барысында.

БЖТ төлеушілер үшін салық пен әлеуметтік төлемдер бойынша жалпы режимге қарағанда төменгі мөлшерлемелер анықталады. БЖТ мөлшері нақты белгіленеді, яғни әр түрлі әлеуметтік қорларға жарналар сомасын дербес есептеуге қажеттілік болмайды.

Мәселен, ҚР ЕХӘҚМ мәліметіне сәйкес, қала тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК, ауыл халқы үшін — 0,5 АЕК болады.

Әңгімелесу барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев алынған қаражаттар қалай бөлінетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Осылайша:

  • 10% — жеке табыс салығына түседі;
  • 20% — мемлекеттік Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына;
  • 30% — зейнетақы төлемдеріне;
  • 40% — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына.

 

Жұмыспен қамтылған халықтың жіктелуі

 

Бүгінгі таңда заңнамада жұмыспен қамтылған халықтың нақты жіктемесі жоқ, бұл «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарда төлеушілер санаттарында алшақтық тудырады.

Осыған байланысты заң жобасында барлық нормативтік-құқықтық актілерде жұмыспен қамтылған халықтың анықтамасы мен жіктелуін реттеу ұсынылады.

Бұл мақсаттылықты уақытылы анықтауға және мемлекеттік қолдау шараларын айқындауға мүмкіндік береді: өнімді жұмысқа тарту, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақы беру құралдарымен қамту.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: «Жыл басында статусы болмаған 2 млн 700 мың адамнан бүгінгі күні 800 мыңы статусын жаңартты. 309 мың жұмысшы еңбек келісімшарттарын жасасты, 17 мың кәсіпкер өз қызметін тіркеді, шамамен 1,8 млн адамның ресми статусы жоқ. Олармен жұмыс жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жалғасады».

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың әлеуметтік портретін Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми қызметкері Жақсылық Күлекеев сипаттады.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық — қалыптасқан санат. Өз-өзін жұмыспен қамтыған адамдарды ынталандыру және тіркеу қорларын жетілдіру бойынша мемлекеттік шараларды пысықтау керек», — деді Ж. Күлекеев.

Бүкіл әлемде жұмыспен қамтылған халықтың статистикалық жіктелуінің жалпы қағидалары бірдей және 1993 жылғы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдістемесіне негізделген, оған сәйкес жұмыс істейтін адамдар 5 топқа бөлінеді:

  • жалдамалы жұмысшылар;
  • жұмыс берушілер;
  • дербес негізде жұмыс істейтіндер;
  • өндірістік кооперативтердің мүшелері;
  • отбасылық кәсіпорындардың қызметкерлері.

Соңғы төртеуі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатын құрайды.

Қазақстан статистикалық есепке алуда жұмыспен қамтылған адамдардың аталған жіктеу қағидасын ұстанады:

1. жалдамалы жұмысшылар

2. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, соның ішінде:

  • жұмыс берушілер;
  • өз-өзін жұмыспен қамтыған жұмысшылар;
  • кооператив мүшелері;
  • отбасылық кәсіпорындардың көмектесуші (төленбейтін) жұмысшылары.

2018 жылдың қазан айында ХЕҰ конференциясында жаңа жіктеу қабылданады деп күтілуде. ХЕҰ қолданыстағы санаттардың ешқайсысына жатпайтын топтардың пайда болуына байланысты әрекет етіп тұрған жіктеуді өзгертуді жоспарлап отыр. Нəтижесінде жұмысқа орналасу статусының жаңа халықаралық жіктемесі (ISCE-18) әзірленді, оған сәйкес бірден екі жіктеу əдісі ұсынылды.

Біріншісі жұмысшылардың өкілеттігі бойынша «тәуелді» және «тәуелсіз» қызметкерлерге бөлінеді.

Екіншісі — экономикалық тәуекел түрі бойынша «пайда табуға бағдарланған жұмысшылар» және «жалақыға бағдарланған жұмысшылар» деп бөледі.

Осыған байланысты Қазақстан ХЕҰ тиісті қарары қабылданғаннан кейін жұмыспен қамтылған халықты жіктеудің жаңа қағидаттарына көшуді қарастырады.

 

Түйін

Дөңгелек үстелге қатысушылар барлық нормативтік-құқықтық актілерде жұмыспен қамтылған халықтың анықтамалары мен жіктелуін жеңілдету бойынша заң жобасын әзірлеушілердің ұсыныстарымен келісті.

Біріншіден, тұжырымдамалық сипатқа ие «жұмыспен қамтылған адам» және «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» бірыңғай анықтамаларын енгізу керек.

Жұмыспен қамтылған адам – жалақы алу және (немесе) табыс табу мақсатында, мүлікті, өндірісті пайдалану, тауарлар сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жолымен қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам — өз бетінше табыс табу мақсатында қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға, оның ішінде осы мақсаттар үшін басқа да тұлғалардың еңбегін пайдаланатын, алайда ол жалдамалы тұлға болып табылмайтындар.

Екіншіден, нақты санаттарды бөлу арқылы жұмыспен қамтылған халықтың нақты жіктелуін енгізу, бұл мақсаттылықты анықтауға және мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын айқындауға мүмкіндік береді (өнімді жұмысқа тарту, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақы беру құралдарымен қамту).

 

Заң жобасына сәйкес, жұмыспен қамтылған адамға:

1. еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер, сондай-ақ ақы төленетін өзге де жұмысы (еңбек функциясы) бар адамдар;

2. дара кәсіпкерлер;

3. жеке практикамен айналысатын адамдар;

4. азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатындар;

5. мемлекеттің қатысуының болмауы шартымен шаруашылық серіктестіктерінің және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлері), сондай-ақ өндірістік кооперативтердің мүшелері болып табылатындар;

6. шаруа және фермер қожалықтарының құрылтайшылары (мүшелері) болып табылатындар;

7. табыс табу мақсатында жеке қосалқы шаруашылықтарындағы қызметпен айналысатындар;

8. жалақы алу және (немесе) табыс табу мақсатында қызметін шарттар жасаспай және (немесе) қызметін мемлекеттік тіркемей жүзеге асыратындар;

9. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау органдарында және арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеріп жүргендер;

10. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары жатады.

 

Үшіншіден, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарда төлеушілер санаттарын түзету және біріздендіру қажет.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» тиісті заң жобасы 2018 жылдың ІІ тоқсанында Парламент Мәжілісіне ұсынылады.

 

Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
1/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
2/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
3/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
4/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
5/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
6/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
7/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
8/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
9/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
10/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
11/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
12/13
Астанада ½ бірыңғай төлем мен 1 АЕК және әлеуметтік заң жобасының басқа да жаңашылдықтары талқыланды  
13/13