Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қанша төлем жасайтынын айтты

10 шілде 2018, 18:13
Астана
Фото: primeminister.kz

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» жаңа заң жобасының жаңалықтары мен бірыңғай жинынтық төлем енгізудің қажеттілігі туралы Үкіметтің баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтып берді.

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор екенін атап көрсетті.

«Елбасы тапсырмасы бойынша Министрлік қазіргі таңда бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды немесе кәсіпкерлік қызметтің қандай да бір түрлерімен айналысатын, алайда ресми тіркелмеген азаматтарды көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретін бірқатар құралдармен жұмыс істеп жатыр. Үкімет пен министрлік бұл адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру құрылымына қосу үшін бірлесіп жұмыстар атқарып жатыр. Алдағы уақытта ол адамдар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде немесе ауырып қалған жағдайда, не болмаса бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әйелдер әлеуметтік төлемдер ала алмай қалуы мүмкін», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаев.

Барлық қазақстандықтар әлеуметтік жеңілдіктер алып, МӘМС қатысушысы болуы үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізуді ұсынады. Биыл қыркүйек айында Мәжіліске салық және әкімшілік-құқықтық шаралар кешенін қарастыратын халықты жұмыспен қамтуды формализациялау мәселелері туралы заң жобасы енгізіледі.

Н. Әлтаевтың айтуынша, БЖТ енгізу тіркеуді оңайлатады және салық ауыртпалығын жеңілдетеді, МӘМС аясында медициналық қызметті алу құқығын береді және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдерді тағайындауға жол ашады.

Қала тұрғындары үшін БЖТ мөлшері бір АЕК болады, ал ауыл тұрғындары үшін — 0,5 АЕК. Осылайша, түскен қаражаттың 10%-ы жеке табыс салығына, 20% — мемлекеттік Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына, 30% — зейнетақы төлемдеріне және 40% — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептеуі бойынша, БЖТ енгізу арқылы шамамен 500 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ресми тіркеледі.

ЕХӘҚМ осыған ұқсас бағдарламаларды енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеді. Мәселен, 1998–2009 жылдары Аргентинада тіркелген шағын бизнес субъектілерінің саны үш есе өсті. 2010–2011 жылдары Бразилияда тіркелген кәсіпкерлер саны 1,4 млн дейін артты.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

 

Еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қанша төлем жасайтынын айтты
1/2
Еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қанша төлем жасайтынын айтты
2/2