Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев пен Ə. Жақсыбековтың Түркістан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша видеодайджест

22 маусым 2018, 18:17
Түркістан облысы
Фото, бейне: primeminister.kz

Сәрсенбі күні, 20 маусымда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен жаңа Түркістан облысына барып қайтты.

Өңірге келген бойда Б. Сағынтаев пен Ә. Жақсыбеков жаңадан құрылған Түркістан облыстық мәслихатының сессиясына қатысты. Онда Үкімет басшысы депутаттарға Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының әкімі болды. Бұдан кейін облыс активімен өткен кездесуде жаңа әкім таныстырылды.  

Бұдан әрі Бақытжан Сағынтаев пен Әділбек Жақсыбеков Шымкент әкімі лауазымына Ғабидолла Әбдірахымовты тағайындау туралы ұсынысы жазылған Мемлекет басшысының қалалық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып беру үшін Шымкентке барды. Депутаттар кандидатураны бірауыздан қолдады. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қорытындысы бойынша белгіленген тәртіпке сәйкес республикалық маңыздағы қала активіне жаңа әкім таныстырылды.

Жұмыс сапарының тағы бір мақсаты — Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі даму келешегімен танысу болды.

Б. Сағынтаев пен Ә. Жақсыбековке Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарын іске асыру барысы туралы баяндалып, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жоспарлары, атап айтқанда әлеуметтік, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын және ТКШ одан әрі жаңғырту жоспарлары ұсынылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы айтып берді. Жоба Қ. А. Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған.

Жұмыс сапарының соңында араланған бірқатар әлеуметтік нысандар: «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Отырар» жаңа шағын ауданы және Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және т.б.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз