Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №103

02 қазан 2018, 09:01
Фото, бейне: primeminister.kz

2018 жылғы 24–29 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 25 қыркүйекте Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда жергілікті полиция қызметінің жұмысы, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру мен оны өзектендіру барысы, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мәселелері қаралды.

  • 26 қыркүйекте Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың халыққа Жолдауларында, Ұлт жоспарында, Бес әлеуметтік бастамасында, сондай-ақ, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, Парламент сессиясының ашылуында және өңірлерге сапарлар кезінде берген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

  • 24 қыркүйекте Үкімет үйінде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасының таныстырылымы өтті.

  • Сейсенбі күні, 25 қыркүйекте, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Отырыс барысында еліміздің өнеркәсіп саласында және отын-энергетика кешенінде цифрландыруды дамыту мәселелері талқыланды.  

  • Сәрсенбі күні, 26 қыркүйекте, Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті.

  • Бейсенбі күні, 27 қыркүйекте, Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев Citigroup капитал нарықтарының бөлімше басшысы Кен Роббинспен кездесу өткізді.

  • Сол күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

  • Бейсенбі күні «Kazakh Invest» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті.

  • 27 қыркүйекте Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау жөніндегі жоғары деңгейлі форумға қатысу үшін Астанаға келді. Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев Азеведу мырзамен кездесу өткізіп, ДСҰ-ны одан әрі кеңейтуге және Қазақстанның көпжақты сауда жүйесіне белсенді түрде бірігуіне қатысты мәселелер талқыланды.

  • 28 қыркүйекте Астанада ҚР Ұлттық экономика министрлігі ДСҰ-ның инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобымен серіктестікте ұйымдастырған «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» жоғары деңгейлі Форумы өтті. Форумға Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, ДСҰ бас директоры Р. Азеведу, сондай-ақ, 40 ДСҰ-ға мүше елдің және ДСҰ бақылаушы елдерінің әлемдік деңгейдегі (ТМД, Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдері) сарапшылары қатысты.

  • Жұмыс аптасы Үкімет үйінде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі мен халыққа медициналық көмек көрсету сапасын арттырудың өзекті мәселелері бойынша өткен кеңеспен аяқталды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз