Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда туристік нысандарды аралады

11 шілде 2018, 16:33
Ақмола облысы
Фото: akorda.kz

Қазақстан Президентіне өңірдің туристік кластерін, атап айтқанда Щучинск–Бурабай курорттық аймағын, «Абылай хан» алаңын, «Ақ бура» курорттық аймағын және басқа да нысандарды одан әрі дамытуға арналған жобалар таныстырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Визит-Центр» орталығы — тақырыптық музейлер, «5 D» кинотеатры, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында өмір сүретін және өзге елдерден әкелінген жабайы хайуанаттар саябағы бар туристік кешен.

Бурабайда Нұрсұлтан Назарбаев Щучинск–Бурабай курорттық аймағындағы жаңа туристік нысанның құрылыс жоспарымен танысты. «Promenade Burabay» кешені жайлы қонақ бөлмелерді, таунхаустарды, коммерциялық орындар мен конгресс орталықты қамтиды.

Щучинскіде Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жүргізуге, дайындық жасауға әрі жарыс өткізуге арналған жаңа спорттық және туристік нысанмен танысты.

Республикалық шаңғы спорты базасы шаңғы стадионын, мылтықпен ату алаңын, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық спорт кешенін, трамплиннен секіруге арналған орынды, әкімшілік-тұрмыстық және басқа да мақсаттағы үй-жайларды қамтиды.

Спорт базасымен танысу барысында Қазақстан Президентіне еліміздің туризм саласын дамыту перспективалары туралы мәлімделді. «Туристік Қазақстан» бағдарламасының алдағы уақытта жүзеге асырылу және Щучинск–Бурабай курорттық аймағын әрі қарай жетілдіру жоспарлары жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин баяндама жасады.

Баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуетін арттырудың өзектілігін айтты.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтар Отанымыздың көрікті жерлерімен таныса алатындай демалыс орындарын салу басты міндет саналады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Щучинск–Бурабай курорттық аймағының аумағындағы инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті кадрларды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақсартудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Бұлар — Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары.

«Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек», — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өңірлердің басшыларын және инвесторларды еліміздің туристік кластерін дамыту үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда туристік нысандарды аралады
1/3
Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда туристік нысандарды аралады
2/3
Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда туристік нысандарды аралады
3/3