Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты

12 қазан 2018, 16:19
Фото: primeminister.kz

Бүгін Душанбеде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы XVII отырысына қатысты. Сондай-ақ, отырыс алаңында ШЫҰ мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.  

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ ҮБК отырысының төрағасы ретінде өз елінде үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Ұжымдық кездесу барысында Ұйым кеңістігіндегі тұрақты экономикалық даму, гуманитарлық байланыстарды нығайту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік қауіптерімен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысына ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Сушма Сварадж және Пәкістан Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Хина Кхар қатысты. Отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Ұйымның басты міндеттері — қатысушы мемлекеттерді біріктіретін ауқымды кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, жікшілдікпен, экстремизммен, есірткі тасымалымен күрес, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми әрі мәдени өзара іс-қимылды дамыту. Ұйымға алдымен Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан кірді. 2017 жылы ШЫҰ тең құқылы мүшелерінің құрамына Үндістан мен Пәкістан қосылды.

Шағын құрамдағы отырыста әлемдік экономиканы заманауи дамыту және Ұйым аясында сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі жетілдірудің өзекті тақырыптары бойынша байыпты пікір алмастырылды. Ұйымға мүше елдердің шағын және орта бизнесін дамыту келешегіне, ШЫҰ желісі бойынша инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, аймақтық сауданы ынтыландыру және мәдени-гуманитарлық жобаларды ілгерілету мәселелеріне баса көңіл бөлінді. Жалпы отырыстың барлық қатысушылары дерлік Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі мен беделі артып жатқанын атап өтті. Бұдан өзге, ұйым құрамының кеңейіп, Үндістан мен Пәкістанның қосылуына орай Ұйым ішіндегі көпжақты кооперация әлеуеті елеулі түрде ұлғайғаны айтылды.  

 

Кеңейтілген құрамда өткен отырысқа ШЫҰ бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Ауғанстан Премьер-Министрі Абдулла Абдулла және Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас, Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары Улзийсайхан Энхтувшин және Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Хуссейн Ансори, сондай-ақ, бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар ШЫҰ мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасының іске асырылу барысын қарап, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің жұмысы туралы есептерді тыңдады. Сауда-саттықты, соның ішінде электронды сауданы дамытуға, инвестициялар, инфрақұрылым, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұдан өзге, отырыс қатысушылары киберқауіпсіздікпен қамтамасыз ету, аймақта терроризммен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күресті күшейту мәселелерін қозғады.

Қазақстан Үкіметі ШЫҰ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде бірқатар бастама білдірді.

Цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу алаңын құру, инвестициялар, электронды сауда-саттық, заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді. Бұдан өзге, мультимодальды тасымалдарды бірлесіп ұйымдастыру және көлік инфрақұрылымының тармақты желісін құру қажеттігі аталып өтті. Бұл аймақтық сауда-саттықты дамытуға және ШЫҰ елдерінің ұлттық өнімдерін әлемдік нарықтарға шығаруды кеңейтуге серпін береді.   

Сонымен қатар, Премьер-Министр Б. Сағынтаев ШЫҰ мүше мемлекеттердің қаржы институттарын АХҚО жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Астанада «Жасыл» технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, сондай-ақ, «Astana Hub» АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің іске қосылуы, өз кезегінде, цифрлық және көлік-логистикалық инфрақұрылым, «Индустрии 4.0» технологиялары мен құзыреттері, сондай-ақ, DATA-орталықтарды дамыту саласындағы бірлескен бастамалардың бірлесуіне жол ашатыны аталып өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының деңгейінде ШЫҰ ҮБК-нің Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық Бағдарламасының жаңа редакциясын әзірлеу туралы, Аймақаралық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасын дайындау туралы, ШЫҰ мүше мемлекеттердің ғылыми-зерттеу мекемелерінің ынтымақтастығы жөніндегі практикалық шаралардың («Жол картасы») 2018–2019 жылдарға арналған жоспары туралы, ШЫҰ мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру туралы шешімдері қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Шанхай ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, Трансшекаралық эпизоотиялық аурулардың бірлесіп алдын алу және бақылау саласындағы техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұған қоса, ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселе шешімін тапты. ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы Өзбекстанда өтеді.

Үкіметтік делегациялардың басшылары бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

ШЫҰ ҮБК отырысы алаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ШЫҰ мүше елдердің және бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізгенін айта кеткен жөн.

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттің кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қытай нарығында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру келешегі, энергетика және өнеркәсіп саласында өзара іс-қимылды күшейту, логистикалық инфрақұрылымға инвестициялар тарту көлемін арттыру, сонымен қатар бірлескен индустриялық жобаларды іске асыру қарастырылды.

Тараптар ҚР Президенті Н. Назарбаевтың биыл маусым айында Қытайға мемлекеттік сапары кезінде жоғары деңгейде жасалған келісімдердің іске асырылу барысын талқылады. Еске салайық, бұл сапар нәтижесінде жалпы сомасы $13 млрд болатын 50-ге жуық ірі келісімшарт жасалған еді.

Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасын және «Бір жол, бір белдеу» стратегиясын тоғыстыру аясында елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, логистикалық және өнеркәсіптік бизнесті одан әрі дамыту үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнай экономикалық аймағының жұмысының маңыздылығы айтылды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында жеке инвесторлар $1,7 млрд жуық сомаға жобаларды іске асырып жатыр.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар–шілде айларында $6,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7% артық ($5,8 млрд). Қаңтар–шілде айларында ҚР-дан ҚХР-ға экспорт $3,1 млрд құрады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің Басшысы Абдулла Абдулланың кездесуінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне көңіл бөлінді.

А. Абдулла Қазақстанға көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғысы мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға деген үмітін білдірді. Атап айтқанда, ҚР-ның ауған жастары өкілдері үшін білім бағдарламасын іске асыру арқылы адам әлеуетін дамытуға қосқан үлесі атап өтілді. Сонымен қатар Астанада «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру» тақырыбындағы халықаралық конференцияның табысты өткені айтылды.

Премьер-Министрлер жақында болған VI Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының маңыздылығын атап өтті, оның алаңында бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жаһандық деңгейдегі жасампаздық идеяларын ілгерілетуге баса назар аударылды.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша 1000 ауған студентін тегін оқытуға арналған 2010–2021 жж. арналған ҚР–АИР мемлекеттік білім бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оқыту ҚР-да денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария салаларындағы мамандықтар бойынша, сонымен қатар инженерлік және педагогикалық бағыттарда іске асырылады. ТжКБ ұйымдарында: ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылымдары; электр және электромеханикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу; есептеу техникасы және бағдарламалық қамту; қалалық қатынас жолдарын салу және пайдалану мамандықтары бойынша. Қазақстандық университеттерді тәмамдаған ауған студенттері АИР-ға оралып, ауған халқының игілігіне жұмыс істейді.

Моңғолия Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Улзийсайхан Энхтувшинмен екіжақты кездесу аясында экономиканың түрлі салаларында, тау-кен өнеркәсібінде, азаматтық авиацияда, денсаулық сақтауда, мәдениет пен білім беруде сауда-экономикалық өзара тиімді әрекеттестікті тереңдету және арттыру, сонымен қатар екі елдің транзит-көлік әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтастық орнату мәселелері қаралды. Атап айтқанда, моңғолдық тарап ҚР-ға Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнату ниетінде қолдау көрсетуді өтінді.

Жалпы, тараптар соңғы жылдары тауар айналымының тұрақты көлемін атап өтіп, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі арттыру арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге әзірліктерін білдірді.

2018 жылғы қаңтар–шілде айларындағы екіжақты тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артып, $41,3 млн құрады. Қазақстаннан Моңғолияға экспорт биылғы қаңтар–шілде аралығында 20,8%-ға артып, $40,2 млн құрады.

Душанбеде Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев және Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода «Манеж» көрме орталығының аумағына барып, Тәжікстанға экспортталатын қазақстандық өндірісте құрастырылған автомашиналардың үлгілерін көрді.

Мұнда Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында құрастырылатын қазақстандық автомобильдер мен Алматы облысында құрастырылған қазақстандық Hyundai County маркалы автобустар ұсынылған.

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ қолдауымен AllurGroup компаниясы (құрамына «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» пен «АгромашХолдинг» өндірістік алаңдары кіреді) Тәжікстанға шамамен 150 автокөлік жіберген. Кроссоверлер Душанбе муниципалды таксопаркін толықтыру үшін жіберілді. Кроссоверлерден кейін жалпы сомасы $19 млн асатын, Алматы облысындағы «Hyundai Trans Auto» ЖШС-ның өндірістік алаңында шығарылған 300 автобустан құралған партияның экспорты жүзеге асырылады. Жалпы құны $10,5 млн болатын 1000 JAC автомобилін жеткізу бойынша келісімшартты «Аллюр» КТ мен «Азия Групп Тәжікстан» холдингі 2017 жылдың көктемінде жасасқан болатын. Тәжік тарапының өкілдері қостанайлық кроссоверлердің жоғары өтімділігі мен бағасының қолжетімділігін атап өтті.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз