Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

06 қыркүйек 2018, 21:10
Фото: akorda.kz

Сапар барысында Елбасы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарымен танысты, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени нысандарда болып, Қарағанды облысын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысы бірінші кезекте «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытына барды.

Қазақстан Президенті роботтандырылған заманауи құрылғылармен және автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған жаңа машина жасау зауытының өндірістік үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың іске асырылу жоспары баяндалды, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыстары таныстырылды.

Сонымен қатар, Елбасы кәсіпорын ұжымымен және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың заманауи үрдісіне сай дуалды білім берудің және кадрлар даярлаудың маңыздылығын айтты.

Соңында Қазақстан Президенті жас мамандарға жұмыста зор табысқа жетуге тілектестік білдірді.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев озық құрылғылармен жабдықталған, өндірістік жобалық қуаты жылына 4 млн биотехнологиялық дәрі-дәрмек бумасын шығаруға лайықталған «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС барды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдегі денсаулық сақтау саласын цифрландыру және мемлекет-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың іске асырылу барысы баяндалды.

Бұдан өзге, жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды қаласының жаңа орталығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазақстан Президенті Қарағанды қаласының «Оңтүстік-Шығыс» ауданында орналасқан тұрғын алабының құрылысын аралап көрді. Мемлекет басшысына қаланы дамыту үшін тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салу барысы және оның нәтижелері жөнінде баяндалды. Жаңа орталық аумағында бірқатар әкімшілік ғимараттар мен спорт кешендерін, концерт залын, балалар мен жасөспірімдер үйін, логистикалық көтерме-тарату орталығын және мектеп салу жоспарланған.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының іске асырылу барысы, соның ішінде Қапшағай-Бурылбайтал-Балқаш бағытындағы жолдың құрылысы мен облыстың ішкі жолдарын қайта жөндеу нәтижелері жөнінде мәлімделді.

Қазақстан Президенті облыстың этно-мәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысқаннан кейін, өңірдегі жұртшылық өкілдерімен кездесіп, Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы облыстың экономикалық даму көрсеткіштерінің оң қарқынын айрықша атап өтті.

«Бес жыл ішінде 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жөнінен бұл өңір республикада төртінші орында», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қарағанды өңірінің еліміздегі ең урбанизацияланған аймақ екенін айтып, облыстағы барлық елді-мекенде әлеуметтік инфрақұрылымды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзит әлеуетін пайдалануға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық даму бағдарламаларын одан әрі іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Елбасы Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдап, жұртшылық өкілдерімен әңгімелескен соң, өңірдің экономикалық өсімін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар басты міндеттерді шешу қажеттігін айтты.

«Бұл облыста арнайы экономикалық аймақ құрылған. Бүгінде мұнда барлығы 15 кәсіпорын тіркелсе, соның тек алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Әкімдікке арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін жандандыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Ірі инвесторларды құрылыс, химия және медицина индустриясы, сондай-ақ металл өңдеу салаларына тарту қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тұрғындарға жағдай жасау және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігі жөнінде айтты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев неғұрлым сұранысқа ие әрі импортталатын тауарлар өндіру ісін реттеп, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды тапсырды.

«Ірі 4 кәсіпорында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жоспарланып отыр, ал 2 кәсіпорын «модельді цифрлық фабрика» ретінде айқындалды. Роботтандыру, жасанды инлеллект, өнеркәсіптік интернет кәсіпорындарға еңбек өнімділігі мен өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар тұрақты жүргізілуге тиіс», — деді Елбасы.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және Қарағанды қаласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасындағы бизнестің маңызды рөлін атап өтіп, Қарағанды облысында Бизнесті дамыту картасын әзірлеуді, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы аясында тұрғындарды кәсіпкерлікке белсенді тартуды тапсырды.

Кеңес барысында мемлекет-жекеменшік әріптестік форматындағы жаңа жобалар әзірлеу жүктелді.

Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселелерін арнайы атап өтіп, оның одан әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы және облыстың туристік әлеуетін дамыту сапасына қатысты проблемаларды шешу жоспарына тоқталды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Басқосу барысында жылумен қамту, өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл технологияны енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

«Бір жылда өнеркәсіп кәсіпорындарынан ауаға 600 мың тоннаға жуық  зиянды заттар шығарылады. Бұл – республиканың қоршаған ортасын ластайтын заттардың төрттен бір бөлігі. Әкімдікке Үкіметпен бірлесе отырып, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын», — деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы халықтың бірлігін нығайту жолындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып, облысты одан әрі дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының маңызы зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
1/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
2/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
3/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
4/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
5/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
6/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
7/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
8/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
9/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
10/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
11/12
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
12/12