Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев СҚО кәсіпкерлерімен бизнес ортаны жақсарту шараларын талқылады

20 шілде 2017, 14:47
Солтүстік Қазақстан облысы
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамыту және бизнес ортаны жақсарту шараларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет отандық бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары қабылданып, заңнамалық база жетілдіріліп жатыр.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес ортаны қайта реттеу шараларына толығырақ тоқталды. Рұқсаттар саны 3 еседен аса қысқартылды, бақылаудың 114 саласы және қадағалаудың 18 саласы қайта қаралды. Мемлекеттік органдарға есептіліктер мен мәліметтер ұсыну бойынша бизнестің міндеттері тұрғысынан заңнаманы тексеру басталды. Бірінші кезеңде қолданылған шаралардың нәтижесі бизнеске қойылатын ақпараттық талаптарды 30%-ға қысқарту болмақ.

Ауыл шаруашылығында барлық қолдау шаралары АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Оның ішінде – қаржы құралдары, жер ресурстарын тиімді пайдалану үшін жағдай жасау, ауылшаруашылық техникамен қамтылуды арттыру, сауда-логистикалық және ғылыми-технологиялық қамтуды дамыту.

Үкімет жоспарлы салықтық тексерулердің санын қысқарту бойынша жұмыс жүргізуде, сатып алулар саласын жетілдіруде және жергілікті қамту үлесін арттыру шараларын қолдануда.   

Мемлекеттік экономикаға қатысуын қысқарту мақсатында жекешелендіру рәсімдері жеңілдетілді, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың қатысуымен ЖШС-тегі үлесті сатып алудың басымдықты құқығы жойылды. Бұл бизнестің жекешелендіру үдерісіне қатысуын жандандыруы тиіс және кәсіпкерлерге жаңа тауашаларды игеруге мүмкіндік береді.  

Жаңғырту 3.0 аясында бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда, экономиканың жаңа салалары, жаңа индустриялар құрылып жатыр, қызмет көрсету, туризм, «қарапайым заттар экономикасы» салалары белсенді дамып келеді.  

Шағын және орта бизнес саласындағы ағымдағы жағдай бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев баяндама жасады. Облыстың кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері өзекті тақырыптарды қозғады.

«Екпін 2002» ЖШС директоры Е. Әбиев, «Атай СК» ЖШС құрылтайшысы Т. Қожахметов, «Арқалық» ШҚ басшысы Н. Барлыбаев, «Арт Строй» ЖШС директоры И. Валишин, «Барс-Nord» ЖШС бас директоры В. Богданов, «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру мәселелерін қозғады, қаржы және рұқсат тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, «Қаз Агро» және «Бәйтерек» холдингтерінің басшылары айтылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша түсініктемелерін айтты.