Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің өнеркәсіп иелерімен кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту мәселелерін талқылады

28 шілде 2017, 13:10
Қарағанды облысы
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында Қазақстанның жүйе құрушы өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

«ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев, «АрселорМиттал ТМД» АҚ бас директоры Калон Парамжит, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев, «Қазмырыш» ЖШС атқарушы директоры Нариман Қуанышев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС бас директоры Т. Мақаев және «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ басқарма төрағасы С. Әдекенов кәсіпорындарды жаңғырту туралы баяндамаларымен таныстырды.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірдің барлық кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту туралы баяндады.

Кеңеске мемлекеттік органдардың, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарының әкімдерінің орынбасарлары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның жүйе құрушы кәсіпорындарының, сондай-ақ Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Мәселелерді талқылау барысында компаниялардың өкілдерінің сұрақтарына ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, сондай-ақ ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев түсініктемелер беріп өтті. Негізінен Ресей Федерациясының теңіз көлік инфрақұрылымын Қазақстанның экспортшыларының пайдалану мүмкіндігі, қосарлы білім беру жүйесін жетілдіру, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін қалдықтарды кәдеге жарату мөлшерлемелерін өзгерту секілді тақырыптар қозғалды.

Кеңесте Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдерімен жүйелі түрде кездесулер мен кеңестер өткізіп тұратынын және компаниялардың өз зауыттарында жаңғырту жұмыстарын қалай жүргізуге болатыны туралы нақты жоспарлары бар екенін атап өтуге болатынын айтты.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өнімділікті ұлғайту мен тауар сапасын жақсартудан бөлек, жұмысшыларды босату үдерістеріне де ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Осыған орай, әкімдіктер мамандарды экономиканың өсуші секторларына келешекте бағыттау үшін алдын ала жұмыстар жүргізу керек. Олардың қатарында сервистік қызметтер көрсету мен қарапайым заттар экономикасын дамыту бар. Бұдан өзге, адамдар жаңа технологиялар қолданылатын салаларға жұмысқа орналасқан кезде жаңа дағдыларды меңгеруі үшін қайта оқыту жұмыстарын жүргізу керек.

Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, экспортқа қатысты бірқатар мәселелер алда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы барысында талқыланатын болады.