Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағандыдағы металлургиялық кремний шығаратын зауытты жаңғырту барысымен танысты

28 шілде 2017, 11:10
Қарағанды облысы

Металлургиялық кремний шығаратын «Tau-Ken Temir» ЖШС зауытында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев технологиялық жаңғырту бойынша қолданылып жатқан шаралармен және кәсіпорынды дамыту перспективаларымен танысты.

Бақытжан Сағынтаев кремний балқытпасын шығару, тазарту және құю жүзеге асырылатын өндірістік цехтарды аралап шықты, сондай-ақ кремнийді аралық сақтау қоймасына барды.

«Tau-Ken Temir» ЖШС басқарма төрағасы Мұрат Жүкенов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа технологиялық үдерістердің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ кәсіпорынды дамыту бойынша ағымдағы жетістіктер мен жоспарлар туралы баяндады.  

2018-2019 жылдары 1,5 млрд теңге сомаға инвестициялық бағдарламаны іске асыру жоспарланған, ол шикіқұрамалық материалдар қоймасын салуды, паркті жаңартуды және технологиялық жабдықтарды жаңғыртуды көздейді.

Кәсіпорынды дамыту жоспарлары ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында  өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмысқа сәйкес келеді.

Анықтама:

«Tau-Ken Temir» ЖШС кәсіпорны 2014 жылы пайдалануға берілген және электрпештер өндіретін көшбасшылардың бірінің бірегей еуропалық жабдығына ие. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 24 мың тонна металлургиялық кремнийді құрайды. Жобаның артықшылығы толық экспортқа бағытталғандығы болып табылады. Кәсіпорын өнімдері алыс және таяу шетелге, атап айтқанда АҚШ, ЕО елдеріне, Ресей және Белоруссияға экспортталады, оған қоса өнімдегі қазақстандық қамту 80% құрайды.