Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

І жарты жылдықтағы даму қорытындылары: инфляциялық процестердің бәсеңдеуі және инвестициялық белсенділіктің артуы

10 шілде 2018, 15:33
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың І жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрағанын мәлімдеді.

Жалпы экономиканың өсімі инфляциялық процестердің жалғасып келе жатқан бәсеңдеуі және жоғары инвестициялық белсенділік нәтижесінде болып отыр.

«Инфляция біртіндеп төмендеуде және соңғы үш жылдағы ең төменгі мәнге жетті. Жыл басынан бері ол 2,6% құрады. Инфляцияның барлық компоненттері бойынша баға өсуінің бәсеңдеуі байқалады», — деді Т. Сүлейменов.

Негізгі капиталға салынатын инвестицияларда жоғары өсім үрдісі — 25,8% сақталған.

Өнеркәсіп өндірісі 5,2% артып, өсу қарқынын сақтаған. Тау-кен өндірісі өнеркәсібі 5,5% артты. Өңдеу өнеркәсібі серпінінің тұрақты өсімі байқалады. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 5,2% құрады.

Өңдеу саласында екі мәндік өсу қағаз өнімдерін өндіруде (12%), химия өнеркәсібінде (11%) және машина жасауда (17,2%) сақталып отыр. Металлургия (3,4%), мұнай өңдеу (4,4%) және азық-түлік өнімдерін өндіру (5,2%) секілді өңдеудің басқа да ірі салалары бойынша оң өсім сақталған.

Ауыл шаруашылығы өнімі 4% артып, біртіндеп ұлғаюда. Өсудің нығаюы мал шаруашылығының (4,2%) озық қарқынымен өсуіне байланысты.

Алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу үрдісі 3,8% дейін күрт артқан. Өсім тұрғын үй ғимараттарының, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың, магистральдік газ құбырлары мен құбыр жолдарының, газ компрессорлық стансаларының құрылысы, Семей қаласындағы автокөлік жолдарын, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Шымкенттегі мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының артуына байланысты болды.

Ұлттық экономика министрі тұтынушылық сұраныстың күшеюі мен экономиканың нақты секторындағы тұрақты іскерлік белсенділік ұсынылатын қызметтер саласының өсу драйверлері болғанын айтып өтті. Оның өсімі 3,8% құрады. Сауда мен көлік саласында дамудың қолайлы серпінінің 5,9% және 4,9% жеделдеуі тіркелді. Байланыстың өсу қарқыны 5,9% құрады.

Сондай-ақ, Тимур Сүлейменовтың айтуынша, өңірлік бөліністе экономиканың барлық дерлік салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Бұдан өзге, ұлттық экономика министрі енді өңірлердің даму серпіні бойынша 16 өңірдің орнына 17 өңірде бақылау жүргізілетінін мәлімдеді.

Сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде жоғары өсу траекториясында тұр. Ол І тоқсанда 24,3% немесе $21 млрд ұлғайды. Экспорт 27% өсті.

Тимур Сулейменов

«Жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Осы жылдың басынан бері 178,7 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 маусымдағы жағдай бойынша). Еңбекақы қалыпты қарқынмен өсуде. Қаңтар-мамыр айларында орташа айлық еңбекақы 152,8 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 0,8% өсті. Қаңтар-сәуір айларында нақты ақшалай кірістер 1,2% өсті», — деді Т. Сүлейменов.

Сөз соңында ұлттық экономика министрі І жартыжылдықтағы тұрақтылық пен сапалылықты ескерумен ЖІӨ «4+» өсімін қамтамасыз ету үшін әлеует жеткілікті екенін атап өтті. Ол үшін экономиканың дамуын ІІІ тоқсанда 3,9% және IV тоқсанда 4% деңгейінде сақтап тұру керек.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жыл басынан бері инфляция (2,6%) өткен жылдың осындай кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 3,5% төмен екенін мәлім етті. Жылдық мәнінде инфляция 2017 ж. 7,1% қарағанда, 5,9% құрады. Осылайша, инфляция деңгейі 2018 ж. мақсатты дәлізге — 5-7% сәйкес келеді. 

«Инфляциялық процестердің баяулауы және орташа мерзімді перспективада аталған беталысты сақтау базалық ставканы төмендетудің негізгі факторларының бірі. Биылғы жылдың басынан бастап ол төрт есе төмендеді: 25%-дан 9%-ға дейін», — деді Данияр Ақышев.

Сонымен қатар Д. Ақышев теңгені айырбастау бағамы үшін қолайлы фактор мұнай бағасын $70 белгісінен жоғары сақтау болып табылатынын айтты. Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мамыр айының соңында $30,7 млрд құрады. Жалпы халықаралық қоры жыл басынан $826 млн артып, $89,9 млрд құрады. 

Мамыр айының соңында депозиттер нарығы 16,9 трлн теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы депозиттер қаңтар-мамыр аралығында 2,6% — 9,4 трлн теңгеге дейін өсті. Шетел валютасындағы депозиттер 10,2%  7,5 трлн теңгеге дейін төмендеді. Мамыр соңында банктердің несиелері 12,7 трлн теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы несиелер қаңтар-мамыр аралығында 2,2%  9,6 трлн теңгеге дейін артты, шетел валютасында 5,8%  3,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар Д. Ақышев шілде айының басында іске қосылған «7–20–25» ипотекалық бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабарлады. Мәселен, Ұлттық банк жұмысының қорытындысы қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдау және «Баспана» арнайы ұйымын құру болды.

«Бағдарлама ұлттық валютамен 7% мөлшерлемесі бойынша бастапқы жарнасы баспана құнынан 20% болатын, 25 жылға дейін ипотекалық займдарды беруді қарастырады. Бұл орайда, бағдарлама мақсатты мемлекеттік қаржыландыруды қажет етпейді және қор нарығындағы ұзақмерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында алғашқы займдар берілді», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз баяндамасында бюджет деңгейіндегі кірістер өсімін атап өтті. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны (трансферттерді ескермегенде) 112% құрады немесе 407 млрд теңгеге артық түсті. Республикалық бюджет кірістерінің өсімі 114% (329 млрд тг), жергілікті бюджеттерде — 107,3% (77 млрд тг) құрады. 

Шығындар жоғары пайызбен игерілді және келесі көрсеткіштермен сипатталады: мемлекеттік — 99%, республикалық — 99%, жергілікті — 99,6%. Шығындардың жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталған.

Қаржы министрлігі бюджетке жүктемені азайтуға ықпалын тигізетін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті пайдалануды арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Мәселен, 1 қаңтарда МЖӘ жобаларын іске асыру аясында 133 келісімшарт бойынша 90,4 млрд теңге сомасына міндеттемелер тіркелген. 1 шілдеде олардың саны 213 дейін артып, 772 млрд теңге сомасын құрады.

Сонымен қатар отырыс барысында бірқатар өңірлердің әкімдері:

Ақмола облысының әкімі — М. Мырзалин, Ақтөбе облысының әкімі — Б. Сапарбаев, Алматы облысының әкімі — А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі — Д. Ахметов, Жамбыл облысының әкімі — А. Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі — Е. Қошанов, Қызылорда облысының әкімі — Қ. Көшербаев, Павлодар облысының әкімі — Б. Бақауов, Түркістан облысының әкімі — Ж. Түймебаев, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары — С. Шапкенов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары — И. Стексов, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары — Г. Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары — А. Сапаров, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары — С. Аманғалиев, Астана әкімі — Ә. Исекешев, Алматы әкімі — Б. Бәйбек, Шымкент әкімі — Ғ. Әбдірахымов тыңдалды.
 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз