Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бірінші жартыжылдықта 243 мың жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азамат жұмысқа орналастырылды — М. Әбілқасымова

10 шілде 2018, 17:31
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндады.

Бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдыларды және біліктіліктерді алу, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және еңбек делдалдығының тиімді моделі арқылы еңбек ресурстарының сапасы мен әлеуетін арттыруға бағытталған. Биыл Бағдарламаны іске асыруға 110,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларымен қамтуға мүмкіндік береді. 

«Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 290 мыңдай жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды немесе І жартыжылдық жоспарының 101% орындалды. Олардың 243 мыңы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 158 мың адам немесе 66% тұрақты жұмыс орындарына  орналасты», — деді М. Әбілқасымова.

Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуды көздейді. 2017 жылдан бастап алғашқы мамандықты алуға жоғары оқу орнына түспеген мектеп түлектеріне тегін техникалық және кәсіптік оқу мүмкіндігі берілуде. 1 қыркүйектен бастап тағы да 21 мың жастар колледждерде оқуын бастайды.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары мен колледждер базасында еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды алуы үшін 37,2 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды оқыту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 7,8 млрд теңге көзделген.

«1 шілдедегі жағдай бойынша 30 мыңдай қатысушы оқуға жіберілді. Бұл жылдық жоспардың 80% құрайды», — деп мәлімдеді министр.

М. Әбілқасымова Бағдарламаның негізгі көрсеткіші оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу екенін атап өтті. Осылайша, жалпы алғанда, республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған азаматтардың 4,7 мыңы жұмысқа орналасты.

«Бүгінде Бағдарлама қатысушылары оқыған, еңбек нарығында сұранысқа көбірек ие мамандықтар техникалық кәсіптер, қызмет көрсету салалары, қонақ үй ісі және қоғамдық тамақтану салалары», — деді М. Әбілқасымова.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төртінші әлеуметтік бастама аясында шағын несие беру бағдарламасын кеңейту мақсатында 2018 жылы бағдарламаны қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайтылды және 62,6 млрд теңгені құрады. Ауылды жерлерде несие беруге 45,3 млрд теңге жұмсалатын болады немесе бөлінетін қаражаттың 72%, қалаларда – 17,3 млрд теңге немесе 28%», — деді министр.

Жыл басынан бері 3027 шағын несие берілді, оның ішінде стартап жобаларын қолдауға — 1567 шағын несие, зәкірлік кооперацияның жаңа бағытын дамытуға — 74 шағын несие және жеке бизнесті кеңейтуге — 476 шағын несие берілді. Жалпы биыл 14 мыңнан астам адам шағын несиемен қамтылады деп күтілуде.

Ауылдағы шағын несиелердің орташа көлемі — 3,6 млн теңге, қалаларда — 11 млн теңгені құрайды. Жалпы, шағын несие алушылар қосымша 1808 жұмыс орнын ашты.

Бұдан өзге, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы бизнесті жүргізуге 30 мың азаматты оқыту жоспарланған. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге көзделіп отыр.

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында халықтың әлеуметтік осал топтарының жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мен еңбек ресурстарының жұмылғыштығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. М. Әбілқасымованың айтуынша, 2018 жылдың жоспарына сәйкес, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға 91,3 мың адам орналастырылады. 1 шілдедегі жағдай бойынша 71,2 мың адам жұмысқа орналасты немесе жоспардың 78% орындалды.

Сондай-ақ, еліміздің солтүстік өңірлерінде кадр тапшылығын толтыру үшін 2018 жылы еңбек күші көп оңтүстік өңірлерден 2328 отбасын (9,1 мың адамды) қоныстандыру жоспарда бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

Осы жылдан бастап жұмыс берушілерге бір уақытта қосымша кем дегенде 5 адамды жұмысқа қабылдаса, 450 МРП (1,082 млн тг) мөлшерінде субсидия беріледі.

«1 шілдедегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлерден 412  отбасы немесе 1607 адам қоныс аударды, олардың 741-і еңбекке қабілетті жаста. Олардың ішінде 350 адам жұмысқа орналастырылды. 1 341 балаға мектеп пен балабақшадан орын берілді, 68 мектеп бітіруші колледждер мен жоғары оқу орындарына түсті», — деді министр. 

Сонымен қатар осы жылдан бастап барлық мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары барлық жұмыс іздеушілерге тиісті жұмыстарды іріктеуде кәсіптік бағдар мен қолдау көрсетеді. 2018 жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап жұмыспен қамту қызметтерін  жекеменшік агенттіктерге аутсорсингке беру процесі енгізілуде.

«Цифрлық экономиканың талаптарын ескере отырып, жұмыс күшінің дағдылары мен құзыретіне де жаңа талаптар қойылады. Осыған байланысты еңбек ресурстарын жаңа экономика талаптарына бейімдеу қажет. Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік жаңа сын-тегеуріндерге еңбек нарығын даярлау және жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты Бағдарлама құралдарының тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру үшін оған кешенді өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз», — деді М. Әбілқасымова.

Мектеп бітірушілерінің саны жыл сайын артып келе жатқанын ескере отырып, кәсіптік техникалық білім беру аясында бірінші мамандық алу үшін квотаны ұлғайту ұсынылады, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тәсілдерін қайта қарап, оларды жұмысқа тұруға бағыттау қажет.

«Бағдарламаға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, жоғары өнімді жұмыс орындарын құру бойынша басты мақсатқа қол жеткізуге жол ашады», — деп түйіндеді министр.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз