Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте «Бизнестің жол картасы – 2020» өзектілендірілген мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды

14 тамыз 2018, 12:15
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың өзектілендірілген бағдарламасының жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мемлекеттік бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдары сақталғанын атап өтті, оның ішінде: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, оқыту және бизнеске консультациялық қызметтер көрсету.

Сонымен қатар Т. Сүлейменов Бағдарламаны іске асыру қорытындылары туралы баяндады. Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап үш бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге 11 904 жоба субсидияланды, екі бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 155 млрд теңгеге 4302 жоба кепілдендірілді. 4,6 млрд теңге сомасына 1940 жобаға мемлекеттік гранттар ұсынылды, 123 млрд теңгеге 810 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жеткізілген.

«Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап 165 мың жаңа және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер бизнес негіздеріне оқытылды», деп ақпараттандырды Т. Сүлейменов.

Барлығы Бағдарламаны іске асыруға 380 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қолдаудың аталған шараларын іске асыру Бағдарлама қатысушыларына 13,5 трлн теңге сомасына өнім өндіруге, 89 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, 900 млрд теңгеден астам салық төлеуге мүмкіндік берді.

Пайдаланылатын қаражаттың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында, Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары тиімді кәсіпорындарға қайта бағдарланды. Мәселен, моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде қаржылай қолдау алуға мемлекеттік қолдау алынған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін салық төлеуді, өнім өндіруді және жұмыс орындары санын 10%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуге қабілетті кәсіпкерлердің жобалары жіберіледі.

Экономиканың басым салаларында және индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы салаларында қолдау көрсету қолдауды алғанға дейін салық төлемдерін, өнім өндіруді 20%-ға ұлғайту түрінде тиімді өндірістік қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің жобалары бойынша жүзеге асырылады.

Т. Сүлейменовтың айтуынша, әзірленген Мемлекеттік бағдарламаның жаңалығы жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралын енгізу болып табылады.

Бұл шара банктік және қор нарықтарының дамуы үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңашылдық кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру және оңтайландыру.

«Бұл жұмыс бизнеске арналған Бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шараларын "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша электрондық форматта ұсынуды көздейтін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілді», деді министр Т. Сүлейменов.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды ескере отырып, субсидиялар мен кредиттер бойынша кепілдіктер беру процесі ағымдағы жылғы қазанда кредит сомасына қарамастан электрондық үкімет порталында толық автоматтандырылатын болады.

Шешімдер қабылдау процесінен бірқатар кезеңдер алынып тасталды, бұл кәсіпкерлерге осы қызметтерді ұсыну мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қазаннан бастап, субсидиялар мен кепілдіктер бойынша шешім қабылдау мерзімі 25 күннен 5 күнге дейін қысқартылатын болады.

Гранттар беру және жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралдары бойынша өтінімдер де ақпараттық жүйе арқылы қабылданатын болады. Автоматтандыруды есепке ала отырып, гранттар бойынша шешім қабылдау мерзімдері ағымдағы жылғы қазанға дейін 48 күннен 16 күнге дейін қысқаратын болады, 2019 жылы бұл процесс 3 күнді құрайды. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша шағын және орта бизнес субъектісінің өтінімін қарау және хаттама жазу мерзімі 27 күннен 4 күнге дейін қысқартылды.

«Автоматтандырудың бұл шаралары шешім қабылдаудың ашықтығын және бюджет қаражатының уақтылы игерілуін қамтамасыз етеді. Қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну шеңберінде оқыту және консалтинг қызметтерін ұсыну келу тәртібімен қағаз жеткізгіштерге жүзеге асырылады», деді Т. Сүлейменов.

Қаржылай емес қызметтерді цифрландыру үшін барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын құру көзделген.

Олар консультациялық қызметтерді, оқытуды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің және кәсіпкерлік бастамасы бар халықтың салық және статистикалық есептерді тапсыруды онлайн режимде ұсынуды қамтамасыз етеді.

Оқыту жобалары бойынша онлайн режимде, сондай-ақ өз бетімен оқу қарастырылған.

Онлайн режимде қызметтерді ұсыну кәсіпкерге алынған консультацияларды жеке кабинетінде қарауға, шағымдар мен өтініштер беру арқылы ұсынылған қызметтің сапасын бағалауға және ең бастысы, осы қызметтерді алуға уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Автоматтандыруды есепке ала отырып, қаржылай емес қызметтерді өнеркәсіптік қолданысқа енгізу биылғы қазан айына жоспарланған.

Биыл ШОБ субъектілеріне екінші деңгейлі банктер несиелері бойынша шамамен 2200 субсидия мен кепілдік ұсыну, 6,6 млрд теңгеден астам сомаға шағын және орта бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз ету және 20 мыңнан астам адамды қаржылай емес қолдау шараларымен қамту көзделген.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 2014 жылдан бастап Палата Мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты бойынша оператор қызметін атқаратынын айтты. Төрт жылда 200-ден астам жаңадан бастаушы және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер қызмет түрлерін алды. Атап айтқанда 7600 жаңа кәсіпорын ашылды, 11 мыңға жуық жоба іске қосылды. Осы жылдың жарты жылында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Осылайша жылдық жоспар орындалды.  

«Бұл аталған бағдарламаның кәсіпкерлер үшін аса маңыздылығы мен оның әлеуетінің дәлелі», — деп Абылай Мырзахметов, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қолдау 8 бағыт бойынша көрсетілетінін атап өтті. Олардың негізгілері — бизнес-жоспар дайындау, маркетинг, салық және құқық салаларында көмек көрсету.  

Бизнеске 61 тегін қызмет көрсетіледі. Аудан орталықтары мен моноқалаларда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 189 пункт жұмыс істейді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асырыла бастаған уақыттан бері ол кәсіпкерлер арасындағы ең танымал әрі көпшілікке ұнаған бағдарлама болғанын атап өткен жөн. Мұнда бизнеске қолжетімді несиелер беріледі», — деп түйіндеді А. Мырзахметов.  

Қаралып жатқан мәселе бойынша сөз сөйлей отырып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының құралдары кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мәртебесін өзгерту тұрғысынан жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша тиісті бірлескен жұмыс атқарылатынын айтты.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы республикадағы кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетудің маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Бағдарлама өз нәтижелерін беріп жатыр.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысымен келісілген түрде Бағдарламаға Мемлекеттік мәртебесі берілуде, осылайша ол іске асырудың жаңа деңгейіне өтеді», — деді Б. Сағынтаев.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз