Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Ө. Шөкеев әкімдердің назарын ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне аударды

11 қыркүйек 2018, 11:16
Астана
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2018 ж. сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарау аясында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары — ҚР ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сегіз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер 102,4%-ды құрағанын айтты. 55% — өсімдік шаруашылығына, 45% — мал шаруашылығына байланысты.

«Өсімдік шаруашылығының төмендеуі ауа-райы жағдайына байланысты болды, өйткені өткен жылдың 1 қыркүйегіне қарай егіннің 40% жиналды. Биыл бар болғаны 17% ғана. Ауа райы тұрақтанса, біз өнімділікті арттырамыз. Дегенмен, мал шаруашылығында кейбір аудандар әлі күнге дейін құбылмалы болып отыр», — деді Ө. Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Шығыс Қазақстан облысында асыл тұқымды мал шаруашылығы бағдарламасы бойынша орындалу — 38% құрайды, Павлодар облысында — 27%, Қарағанды облысында — 28%. Алайда, Қостанай облысында бұл көрсеткіш тек 13%, Түркістан облыстында 14% құрайды.

«Өткен жылмен салыстырғанда, экспорт әлдеқайда жақсы. Былтыр бар болғаны 5000 тонна экспортталған, ал биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша –  7000 тонна. Биыл біз 115 тонна көрсеткішіне жетеміз деп үміттенеміз. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 150%-ға, Павлодар облысында 83%-ға, БҚО-да – 58 %-ға, ШҚО, Қарағанды, Қостанай облыстарында 8%, 7%, 10%-ға орындалды», — деді Ө. Шөкеев.

Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, барлық мәселелер бақылауға алынған, селекторлық кеңестер өткізілуде.

«Біз негізінен облыстар әкімдерінің орынбасарларымен жұмыс істейміз. Оларға барлық жауапкершілікті жүктеуге тырысамыз. Облыстардың әкімдері бұл мәселеге өздері көбірек назар аударғаны жөн», — деді Ө. Шөкеев.

Келесі мәселе — сусындар өндірісі. Мұнда мәселе көбінесе Қаржы министрлігіне қатысты.

«Сусындар өндірісі Қызылорда облысында – 55%-ға, ШҚО-да – 30%-ға төмендегені байқалып отыр. Әкімдер бұл статистиканы өздері көріп отыр. Әдетте бұл бір–екі кәсіпорынның өндірісінде болады. Шамасы, жағдайды бақылауға алу керек. Мәлімделген көрсеткіштердің орындалатынына сенеміз», — деп түйіндеді Ө. Шөкеев.

Жалпы алғанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл соңына дейін мәлімделген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі өз баяндамасында өсімдік шаруашылығы өндірісінің ең төменгі деңгейі Ақмола облысында – 8,7%-ға, Павлодар облысында — 6,4%-ға және Солтүстік Қазақстан облысында — 5%-ға тіркелгенін атап өтті.

Осыған орай өңірлер астық жинау техникаларын тиімді пайдалану, егін жинау жылдамдығын арттыруға кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді шешу арқылы астық жинау қарқынын жылдамдату бойынша қажетті шараларды қабылдауы қажет.

Сонымен бірге, мал шаруашылығындағы оң қарқынға қарамастан, жеті айдағы 4,1%-дан сегіз айда 3,9%-ға дейін өсім қарқыны төмендегені байқалады. Өсім қарқыны төмендеген өңірлер: Жамбыл облысы — 3,4%-дан 2,7%-ға дейін, Шығыс Қазақстан облысы — 4%-дан 3,7%-ға дейін, Павлодар облысы — 4,4%-дан 4,1%-ға дейін, Қостанай облысы — 5,2%-дан 4,9%-ға дейін, Қызылорда облысы — 2,7%-дан 2,4%-ға дейін, Қарағанды облысы — 3,6%-дан 3,4%-ға дейін, Алматы облысы — 3,4%-дан 3,2%-ға дейін.

Ет бойынша өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға ұлғайды. Алайда, бұл көрсеткіш жеті айда қалыптасқан 4,9% көрсеткішінен төмен. Өсім қарқынының төмендеуіне жол берген өңірлер: Жамбыл облысы (4%-дан 3%-ға) және Шығыс Қазақстан облысы (5,1%-дан 4,1%-ға) 1%-ға, Қостанай облысы 0,8%-ға (4,9%-дан 4,1%-ға), Қарағанды облысы(1,6%-дан 1,2%-ға), Павлодар облысы (4,5%-дан 4,1%-ға) және Қызылорда облысы 0,4%-ға (3,2%-дан 2,8%-ға).

«Аталған өңірлерде сиыр етін экспорттау бойынша жоспарланған көрсеткіштер орындалмаған. Атап айтқанда, Қарағанды облысының экспорттық жоспары тек 7%-ға, Шығыс Қазақстан облысының жоспары 8%-ға, Қостанай облысында – 16%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 17%-ға орындаған. Бұл ет бағдарламасын іске асырудағы өңірлердің жеткіліксіз жұмысының нәтижесі», — деді А. Евниев.

Атап айтқанда, Қостанай облысының асыл тұқымды төлдейтін мал саласында қатысу үлесі 11,6%-дан, Солтүстік Қазақстан облысының үлесі — 13,7% аспайды.

Аталған кезеңде азық-түлік тауарларының өндірісі жылдық жоспар 105% кезінде 103,5%-ға артты. Өсімге қарамастан, азық-түлік өндірісінің көлемі төмендеп жатқан өңірлер де бар, мәселен, Жамбыл облысында — 14,5%-ға, Ақтөбе облысында — 12,4%-ға төмендеген.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз