Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Әкімдіктерде нарықты қантпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге барлық мүмкіндіктер бар — Ө. Шөкеев

25 қыркүйек 2018, 12:15
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс, егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі және нарықтағы қант жағдайы қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев ауа-райының жауын-шашынды болуы осы жылдың егін жинау науқанына аздап кедергі келтіргенін, дегенмен өңірлерде жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде егіннің 73% жиналды, бұл 14 млн тоннадан астам астық. Олардың ішінде Қостанай облысы 85%-дан астам жинап, өткен жылдың көрсеткіштеріне жақындады, Солтүстік Қазақстан облысы – 70,8%. Сондай-ақ, артта қалушы өңірлерді де атап өткен жөн. Бұл – Ақмола облысы – 61%, Қарағанды облысы – 57%, Павлодар облысы – 58%. Алдағы аптада ауа-райы қолайлы болмақ, осыған байланысты аталған үш өңірдің әкімдері осы мүмкіндікті пайдаланып, қосымша шаралар қабылдауы тиіс деп ойлаймын. Себебі, егінді уақытылы жинап алмасақ, үлкен шығынға батуымыз мүмкін», — деді Ө. Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, жалпы егін өнімділігі жақсы: қазіргі таңда диқандар 1 гектарына 13 центнер астықтан алуда.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің қажеттіліктері үшін қосымша дизель отынын бөлу жағдайына түсініктеме беріп өтті. Еске сала кетейік, Үкіметтің өткен отырысында өңірлердің әкімдері ауа-райы жағдайларына байланысты, астық ылғалдылығын төмендету мақсатында арзандатылған дизель отынын қосымша бөлуді сұраған еді.

Ө. Шөкеевтің айтуынша, кестеге сәйкес, биыл егін жинау науқандарына литрі 164 тг тұратын 393,4 мың т дизель отыны бөлінді. Оның 73% МӨЗ-ден жеткізілді, 89% – төленген.

«Алайда, дизель отынына қосымша сұраныс туындағаннан кейін, қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп, Сіздің тапсырмаңыз бойынша, біз қосымша 50 мың т дизель отынын бөлу мүмкіндігін таптық. Соның ішінде, Ақмола облысына 14 т дизель отыны, Шығыс Қазақстан облысына 5 мың т, Қарағанды облысына 2 мың т, Қостанай облысына 13 мың т, Павлодар облысына 2 мың т, СҚО-ға 14 мың т бөлінеді. Оның бағасы литріне 191 тг. Бұл нарықтағы бағадан 9%-ға арзанырақ», — деді Ө. Шөкеев.

Сондай-ақ, Ө. Шөкеев Қазақстан нарығындағы қант жағдайына да түсініктеме беріп өтті.

«Өткен аптада біз ресейлік, беларусьтық, қырғызстандық әріптестерімізді, ЕАЭО елдерінің қант өндірушілерін министрлікке шақырып, олармен кездесу өткіздік. Шараға сусындар шығаратын біздің кондитерлік зауыттар мен әкімдіктерден ӘКК өкілдері қатысты», — деді Ө. Шөкеев.

Кездесу қорытындысы бойынша барлық еуразиялық қант өндірушілер қазақстандық талаптарды қабылдап, қантқа деген сұранысты қамтамасыз етуге келісті.

«Қант бағасы қазіргі Ресей нарығындағы бағадан жоғары болмайды, яғни оның құны килограммына 35 рубль (25 қыркүйектегі жағдай бойынша – 190,01 теңге) болады. Сонымен қатар, ресейлік және өзге де қант өндірушілер бағаны төмендету үшін біздің кондитерлік фабрикаларға тендер ұйымдастыруды ұсынды», — деп вице-премьер, тендер өткізу қант бағасын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Бұған қоса, ҚР АШМ-да ӘКК-мен және өңірлік әкімдіктермен қант бағасына қатысты келісім жасалған.

«Цифрларға тоқталып өткен едік. Көрсеткіштерге сәйкес, барлық өңірлердің тұрақтандыру қорларына қант сатып алу керек. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті жұмысты жасадық: өндірушілермен кездестік, келіссөздер жүргізілді. Енді өңірдегі әкімдіктермен тұрақтандыру қорларына тиісті көлемде қант сатып алу қажет. Егер де келешекте қанттың бағасы тұрақсызданатын болса, оған әкімдіктерде мәселеге төтеп беруге, тұрақтандыру қорларындағы қантты сатып, соған ықпал жасауға барлық мүмкіндіктер бар», — деді Ө. Шөкеев.

Жалпы келісім бойынша, облыстардың 10 878 тонна қант алуға мүмкіндіктері бар.

Оның ішінде Ақмола облысы — 443 т, Ақтөбе облысы — 1500 т, Алматы облысы — 1200 т, Атырау облысы — 250 т, Батыс Қазақстан облысы — 283 т, Жамбыл облысы — 920 т, Қарағанды облысы — 407 т, Қостанай облысы — 519 т, Қызылорда облысы — 430 т, Маңғыстау облысы — 400 т, Павлодар облысы — 336 т, Солтүстік Қазақстан облысы — 436 т, Түркістан облысы — 1000 т, Шығыс Қазақстан облысы — 680 т, Астана қ. — 574 т, Алматы қ. — 1500 т. Бұл СПК-лардың қант сатып алуға мүмкіндіктері жетерлік. ҚР АШМ деректеріне сәйкес, олардың шоттарында тиісті қаражат бар.